Алдекеңнің әңгімесі
«Қызылордадан Астанаға көшіп келгенбіз. «Пригород» деген жерден саяжай алып, үй бастап кеткенбіз. Қол тигенде такси боламын. Күз болды. Елге, Қызылордаға барып қайтпақ болдым. Балаларым «жолда ешкімді алмаңыз, қазір адамдар жаман болып барады, кімді мінгізгеніңізді қайдан білесіз?» деп әбден тапсырды. Мен уәде бердім. Қарағанды тасжолына шығып, оншақты шақырым жүргенде, ауыл ортасында, жолдың бойында тұрған қыз бала қол көтерді. Балаларыма берген уәдем бар, «ешкімді алмаймын» деген. Қызға қарасам, өз қызым сияқты жап-жас. Қалай тастап кетерсің?
– Баймырзаға дейін ала кетесіз бе? – деді.
Қалада таксист болып жүрген әдет қой:
– 2000 теңге, – деп тілім ойымнан бұрын сарт еткізді.
– Ағай, мен студент едім, 1000-ақ теңгем бар? – деп қиыла қарады.
– Жақсы, отыра ғой.
Ашық қыз екен, жолды қысқартып, біраз әңгіме айттық. Ақшасын менің бартошогіме салып қойды.
Бір сәтте телефонын алып:
– Мама, мен бір үлкен кісімен келе жатырмын, Қызылордаға бара жатыр екен. Үйге соғады, тамақ істеп қойыңыз, – дегені.
– Қызым-ау, неге олай айттың, мен ертерек елге жеткенім жақсы, мамаңды әуре қылма, – дегеніме, жолаушы қыз:
– Аға, айттым, болды, үйден тамақ ішіп, дем алып барарсыз, – дегені.
«Япырмай, ұят болды-ау, жаңа 1000 теңге деп, бекер алған екем» деп, іштей өкініп келемін.
Баймырзаға 15 шақырым қалғанда қыз телефонын алып:
– Папа, біз келіп қалдық, трассадан күтіп алыңыз, – дегені.
– Несіне папаңды әуре қыласың? – дегеніме,
– Оқасы жоқ, жол көрсетіп отырады, – деді.
Ауылдың шетінде, жолдың бойында әкесі күтіп алды. Машинасымен жол бастап отырды, мен соңынан еріп, үйге жеттік. Бүкіл отбасымен қарсы алып, маған рақметін жаудырып жатыр. Дайындап қойған тамағын ішіп, жол жүруге рұқсат сұрадым. Қыздың анасы толтырып жолға деп бірталай тамақ салған пакетті беріп жатыр.
– Қажеті жоқ, өзімнің де үйден алған тамағым бар, – десем де, қоймай, қыздың әкесі әкеліп, көлігіме салып қойды.
***
Жүріп келемін. Жол ұзақ. Жеңіс деген ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанымда, алдымда менің жолыма қарсы қойып қойған қара «Мерседес» тұрды. Жанында екі жігіт тұр екен, қол көтерді. Балаларыма берген уәдемді бұзып, өтіп барып, тоқтадым.
– Аға, машинаны босқа әуре қылғымыз жоқ, Жезқазғанға дейін ала кетесіз бе? – деді, орта бойлыдан ұзындау қараторы жігіт.
– Жарайды, отыра ғой.
Ол серігімен қоштасып, машинама мінді, жаныма келіп отырды.
Келе жатырмыз. Таныстық, ру сұрастық. Тама руынан екен.
– Көке, белдікті тақпай-ақ қойыңыз, Жезқазғанның төңірегіне өзім жауап берем, – деп қояды.
– Өзімнің денсаулығым үшін ғой, – деп мен белдікті босатпадым. – Осы сен шын Тама болсаң, мына үш сұраққа жауап берші.
– Сұраңыз.
– Таманың ішіндегі әулиенің әулиесі кім болады?
– Қара бура әулие болады.
– Батырдың батыры кім?
– Есет батыр.
– Сөз шешені кім?
– Өмірбай би.
– Ах, онда точно Тамасың. Таманың жері негізі Ақтөбе, Созақ, Жамбыл жақтарда емес пе, мұнда қайдан жүрсіңдер?
– Жол ұзақ, әңгіме болсын, білгенімді айтып берейін. Баяғы жаугершілік заманда Тама мен Жаппас руының екі жігіті осы Жезқазғанның Найманының қыздарын алыпты. Екі-үш баласы болғанда, екі жігіт те бір үлкен соғыста жау қолынан қаза табады. Бір жыл күтіп, қайтқандардың жылын берген соң, екі жесірге рұқсат беріп, төркініне қайтарады. Жесір келіншектердің ұл-қыздары ержетіп, олардан өрген балалар көбейіп, өз алдарына ауыл болып, өсіп-өніпті. Бірақ жергілікті Наймандар малына тиісіп, жайылымға жер бермей, күн көрсетпепті. Күндердің күнінде Тама мен Жаппас руының адамдары ақылдасып, Найманның ханын ұрлап кетеді. Наймандар сабылып үш күн іздейді, таппайды. Содан біреулері айтады:
– Не де болса осы жиендерден келді, бұлар бізге ренжулі, – деп Тама мен Жаппас отырған жерге келеді.
– Біз енді сендердің жандарыңа да, малдарыңа да тиіспейміз. Сендерге мына жағы – 60, ана жағы – 60, көлденеңі – 60, ені 60 шақырымнан жер береміз, ханымызды қайтарыңдар, – дейді.
Осылай уәделесіп, Наймандар ханын алып, Тамалар жерге ие болып қалыпты. Міне, сол жер осы бұрынғы «Жеңіс» совхозының аумағы екен. Сөйтіп, біздер Тамалар осы жерде қалып қойғанбыз, – деп жігіт ел тарихын айтты.
Өзі шежіреден хабары мол екен, жолшыбай анау жерде анандай соғыс болған, ана төбеде анандай батыр жатыр деп көп әңгіме айтты.
Жезқазғанға жақындап қалдық.
– Аға, анау кіреберістегі кафеге тоқтаңыз, тамақ ішіп алайық, – деді.
Мен азар да безер болып, жолдың ұзақтығын айтып жатқаныма қарамады, кафеге кірдік.
Шынында да еліне қадірлі жігіт екен, кафедегілер құшақ жая қарсы алды. Оңаша бөлмеге кіргізді, ағыл-тегіл тамақ әкелді. Жүрмек болдым. Жігіт дауысын көтеріп:
– Кәнеки, бәрің келіңдер, көкеден бата алыңдар, – деп, кафе қызметкерлерінің бәрін шақырды. Қол жайып, мынадай бата бердім.
Әуелі сыйынатын панаң болсын,
Адалдық пейілің мен санаң болсын!
Басына жүрегіңнің иман толып,
Аузыңда ақтың сөзі тобаң болсын!
Онан соң алған жарың жақсы болып,
Жаман ат пен өсектен аман болсын!
Алған жарың дүниеге перзент әкеп,
Бес-алты ұл-қызың мен балаң болсын!
Аспандарың ашық болсын,
Дұшпандарың қашық болсын!
Үйлерің толсын астыққа,
Бастарың болсын жұмсақ жастықта,
Өздеріңнен өрген ұл-қыздар,
Астанада бастық болсын!
Бәрі де қауқылдасып, қуанып қалды. Кафенің бастығы жолға деп бір сөмке тамақ берді. «Өзімде де бар» дегеніме қоймады.
***
Жолдамын. Жол жаман, ойық-ойық. Адамға да обал, машинаға да обал. Біраз жүрген соң, Қызылорданың шекарасына жетпей, аударылып қалған көлікке кезіктім. Қол көтерген адамның жанына тоқтадым.
– Ассалаумағалайкүм аға! Екінші күн осылай жатқаныма. Жолдың тесіктерінен қашам деп, машинаның прицепін аударып алдым. Пияз тиеп шығып едік, осылай аударылып қалдық. Қожайын Жезқазғанға кеткен кеше, көтергіш кран әкелемін деп. Әлі келмеді. Темекіңіз бар ма, аға?
Өзі беті қарайып, көзі шүңірейіп, қиналып-ақ қалыпты.
– Тамақ та жоқ, ешкім өте де қоймады, – деп, әбіржігенін білдіріп тұр.
– Айналайын-ай, қиналып қалыпсың ғой! – деп жолда қыздың шешесі, кафенің бастығы берген тамақтардың бәрін бердім. Кафе тамағының ішінен екі қорап темекі шықты. Оны көріп шофердің көзі жайнап кетті.
– Аға, мынаның бәрі маған ба?
– Иә, айналайын, бәрі де саған. Кім біледі әлі қанша тұрып қалатыныңды.
Жүргізуші жігіт рахқметін айтып жатыр.
Екеуміз телефон номерімен алмастық.
– Аға, мен Түркістанда тұрамын, кез келген уақытта хабарласыңыз, құшақ жая қарсы аламын. Сізге көп рақмет! Әрдайым жолыңыз болсын. Бала-шағаңыздың рақатын көріңіз! – деп алғысын жаудырған жігіт жолда қала берді.
…Мінеки, жол сапары, жол азабы деген осы. Маған деп берген жақсы адамдардың жол азықтары қиналып тұрған, қарны аш, темекісі таусылған, жол азабын көріп отырған жүргізуші жігітке бұйырды. Алланың құдіреті деген – осы», – деп Алдекең әңгімесін тамамдап, шайға қол созды.
– Ол жігітпен содан кейін хабарласпадыңыз ба? – деп сұрадық біз әңгімеге қанбай қалғандай болып.
– Иә, Қызылордаға келген соң хабарластым. Тіркемесін тұрғызып, сүйрелеп Жезқазғанға әрең жетіпті. Қазір жөндеп жатырмыз деді.
Сосын Түркістан көркейіп жатыр, күшті болып кетіпті дегенді естіп, көріп қайтуға отбасымызбен Түркістанға бардық. Сонда жүріп, сол жігіт еске түсіп кетті. Телефонымды ары-бері аударып, номерін әрең тауып алдым. Хабарластым. Алды. Бірден таныды.
– Аға, мен қазір Жамбылда тұрмын, қазір әкем хабарласады, – деді.
Сәлден соң әкесі хабарласты. Тұрған жерімізге келді. Үйіне тамаққа шақырды.
– Көке, мен жалғыз емеспін, қасымда бес-алты адам бар.
– Он-жиырма болсаңдар да келе беріңдер, – деді.
Сәлден соң келіп, өзі алып кетті. Мал сойыпты, ет тамақ істепті.
– Балам сізді ылғи да айтып отырады, жолда қалып қиналып тұрғанында қатты көмектесіпсіз! – деп қояды ризашылығын білдіріп.
Жасаған жақсылық ұмытылмайды деген – осы-ау.
Есенбай АҒАДІЛОВ,
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!