Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсылық жасау – парасаттылықтың белгісі

18.03.2021, 10:45 1663

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған болатын. Осыған байланысты, биыл жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы саналатын Наурыз мейрамын он күн бойы тойлау бекітіліп отыр.

Тағылымы мол Наурыз мейрамын тойлауға қатысты шаралар елімізде 14-23 наурыз күндері аралығында өткізіледі. Әр күннің өзіндік мазмұны мен тақырыбы бекітілген. Аталған күндер аясында еліміздің түкпір-түкпірінде халқымызды ынтымаққа, бірлікке, өзара сенімді нығайтуға шақыратын түрлі шаралар өткізілуде.

Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атауы түгел жанданатын Наурыз мейрамын тойлаудың он күндігіне Байқоңыр  қалалық сотының ұжымы да үн қосып, бүгін 18 наурыз күніне бекітілген «Игі істер күніне» байланысты әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсетті.

Тереңнен тамыр тартатын халқымыздың қайырымдылық көрсетіп, жақсылық жасау дәстүрі – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың, ізгіліктің көрінісі. Атадан балаға мирас болып ұрпақтар сабақтастағымен жалғасып келе жатыр. Бұл ретте сот ұжымы тұрақты түрде жағдайы төмен отбасыларға, қарт кісілелерге көмек көрсетіп, ағаш отырғызу, ауланы көгалдандыру сияқты игі істерді тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.  

Қайырымдылық адамзат бойындағы ерекше ізгі қасиет болып саналады. Ол адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілігін, мейірімді, жылы қарым-қатынасын, бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегін көрсетеді.

Ұлыстың Ұлы күнінде қайырымдылық жасау игі істердің бастауы болып саналады. Яғни, Наурыз мейрамы – жаңа жылдың бастауы ғана емес, рухани құндылықтарды, салт-дәстүрлерді жаңғыртатын, бірлік пен достықты арттыратын, қайырымдылық жасап, қоршаған ортаға құрметпеу қарау мәдениетін қалыптастыратын, ізгіліктің оянып, ниеттің тазаратын күні.

Халқымыз қашан да әз Наурызды ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ тілекпен қарсы алады. Бұл мереке баршамызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Ертеден жыл басы саналатын Наурыз мейрамының ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосар үлесі мол. Сондықтан, баршаңызға Ұлыстың ұлы күні оң болсын, Наурыз мейрамы әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш алып келсін дейміз!

Нұргүл Нұрбайқызы,

Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: