Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақаев жасаған рекордқа 75 жыл болды

14.11.2022, 15:50 595

HALYQLINE.KZ Жақсы адам күннің жарығы сияқты бүкіл адамзатқа ортақ қазына, ортақ құндылық. Оны ағып жатқан дария-өзен десек те болады. Оның суы – дария-өзен бойын мекендеген бүкіл халықтың, жан-жануардың, өсімдік әлемінің қуат көзі, өзегі, нәрі, тіршілігі, өмірі. Ол ешкімді де, ешнәрсені де таңдамайды, талғамайды, алаламайды, аға береді. Жақсы ма – жаман ба, адал ма – арам ба, пайдалы ма – зиянды ма, зұлым ба – жыртқыш па, арам шөп пе бәрібір емізе береді. Оның парызы, қарызы, табиғи, тарихи міндеті, тағдырдан алған тапсырмасы осындай. Жақаев та сол санаулы, таңбалы, танымал жақсылардың бірі. Еңбек – әлемнің әміршісі болса, Ы.Жақаев еңбектің әміршісі болды. Егер Жақаевты жақсы білсеңіз, терең түсінсеңіз, қадіріне жетсеңіз, сіздің де «менің Жақаевым» деуіңізге болады. Жақаевтың шапағаты, жақсылығы, қадір-қасиеті, еңбек сүйгіштігі, өнегесі, үлгісі, ұлағаты бәрімізге де жетеді.

Егер менен «Жер шарындағы ең бақытты адам кім?» десе, ойланбастан Ыбырай Жақаев дер едім. Әлемдегі миллионерлер мен миллиардерлер де ондай бақытқа кенелмес. Себебі олардың бақыты уақытша. Бір сәтте бақытсыздыққа ұшырауы мүмкін. Адам баласы бақытқа жету жолында үш қуанышты бастан кешіруі керек екен.«Егінші – мәрт, жер – жомарт. Жердің құйқасын танып, қойнауын ашып, қазынасын ала білген әрдайым дәулетті болмақшы. Бақ та басында, атақ та соның төңірегінде. Жалқау өзіне жау. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны». Бұл – аты аңызға айналған атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың өмірлік қағидасы.

Ол Сырдария өзенінің теріскейіндегі Қарғалы деген жерде қалың қамысты ескі көлдің жағасында дүниеге келді. Ыбырайдың балалық шағы қиын кезеңде өтті. 1913 жылы жаңбыр аз жауып, Сырдарияның кемері төмендеп, су азайып, азын-аулақ егінге қараған қараша ауыл жұтауға айналды. Таршылық заман оны ерте есейтіп, еңбекке ерте араластырды. Ыбырай Жақаев былай дейді: «Бір күні біздер бидай егудің қамына кірісіп жатқанбыз. Таяғына ауыр сүйеніп қасымызға әкем келді.

– Нанның асылын бидайдан пісіреді. Ол рас. Бірақ сол бидайды не өсіреді. Ол – қара топырақ. Сыр бойының боз топырағын бидай шіркін жерсініп жүр ме? Жоқ. Ендеше сендерге тиімдісі күріш, – деді.

Бәрімізде үнсіз, томсырайып, отырып қалыппыз. Кенет «егеміз күріш» деген ­дауыс саңқ етті. Жалт қарасам Қойшыбай екен. Қойшыбай қолдаған соң маған да ерекше күш біткендей болды. Егеміз дедім менде, – дейді өз естелігінде.

Бастапқы кезде Сыр өңіріндегі суармалы егіншіліктің көлемі 40 000 гектар жер болса, 1930 жылы 71 000 гектарға жеткен.1943 жылы Ыбырай өнім көрсеткішін 130 центнерге жеткізіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Араға 3 жыл салып, гектарына 60 центнер өнім жинап, Ким Ман Санның 1942 жылғы рекордын қайталады. Сол жылы Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Сыйлық қаражатына Ыбырай ұжымшарына 5 трактор сатып алып берсе, Ким Ман Сан ауыл клубын салдырды.Жері мен судың жайын, тұқымды таңдау мен баптаудың сырын білген диқан көптен күткен арманға қол жеткізді. Бұл 1947 жыл еді. Ыбырай Жақаев 5 гектар танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алды. Осылайша әлем тарихында жаңа дүниежүзілік рекорд орын алды.Міне, биыл сол қара кетпенімен қара жерді идіріп, әлем жұртшылығын өзіне қаратқан Ыбырай жасаған рекордқа 75 жыл толды.

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, адам қаншалықты күшті, құдіретті болғанымен, ол өз шыңына шығу үшін оған соншалықты көптеген қолдаушылар, жәрдемшілер, көмекшілер, кеңесшілер, тілеушілер, бапкерлер керек. Оған тағдыр осының бәрін оңынан кездестірді, әсіресе, Ы.Жақаевтың өмірлік бригадирі Қойшыбай ­Оразымбетов пен білгір, ғалым, жаңашыл агроном Әнес Алтынбековтердің еңбегі ерекше. Күріш жөніндегі ғылымды дамытуда, тәжірибені жетілдіруде, агротехниканы қалыптастыруда Ыбырай, Әнес пен Қойшыбайдың бірігіп атқарған жұмыстары бір ғылыми институттың қызметіне пара-пар.

Қазақ жеріндегі рекорд жайлы хабар Кореяға да жетті. Жеті атасынан бері күріш өсіріп келе жатқан кәрістердің өздері Жақаевтың диқаншылық тәсілімен танысу үшін арнайы шақырту жіберді.

Диқан Корей Республикасына 1958 жылы тәжірибе алмасу мақсатында барған болатын. Сол кезде кәрістер атақты диқанның күрішті қолмен егіп, оның арасындағы шөптерді қолмен жұлып, суын кешіп жүріп еңбек еткенін көріп, сұрақ қойған көрінеді. Ол кісі сонда былай деп жауап беріпті: «Бізде шеңгел деген өсімдік болатын. Сол шеңгелді байтесе деген имек құрал түбірі мен тамырын қатар алып түседі. Шеңгелді шабу арқылы бүкіл жерді тазартып, сол жерге егін еккен кезде шеңгелдің топырағының құрамы өте құнарлы болады екен. Еккен күріш екі есе өнім береді екен.

Корей халқы даңғайыр диқанға 5 гектар күріштіктен жоғары өнім алғаны үшін өзіне ақ жадағай шапанның етегіне, жеңіне күріштің суретін салып, кестелеп сыйға тартқан екен.Ауылдың аңғал ақсақалын шыңға көтерген бейнеті көп таза еңбек, шын еңбек. Қоспасы жоқ. Қос қолымен, дерт көрмегір алақанымен, салалы, мықты саусақтарымен келген еңбек ырысы. Оның ырысы – күріші. «Диқан сен арқылы диқан» деген де осы Ыбырай атамыздың өзі емес пе? Оның дәлелі белгілі жазушы-драматург, жерлесіміз Оразбек Бодықовтың өңдеуімен шыққан «Өмір жолдары», «Менің Бақытым» кітаптары мен журналист-қаламгер Қалқабай Әбенов пен кәсіподақ қызметкері Марат Когут екеуі жазған «Күріш туралы ой» атты қойын кітап, ол туралы жырлаған қазақтың көрнекті ақындары Әбділда Тәжібаев пен Асқар Тоқмағанбетовтердің арнау өлеңдері, ұлты кәріс, сазгер Цойдың шығарған «Жақаевшылар маршы» әні т.б. шығармалар, қалам тербеулер дүниеге келді.

1964 жылдары басталған жақаевшылар қозғалысы неге тұрады. Әлемдегі екінші космонавт, Кеңестер Одағының Батыры ­Герман Титов қатысқан жас жақаевшылардың слеті Қызылорда қаласында өтіп, онда Г.Титов сөйлеп, даңғайыр диқанның мәртебесін көтерді. Жастар жаппай күріш егуге үндеу тастады. Солардың бірі – №50 Абай атындағы орта мектептің ­Мырзахан Қойлыбаев ағамыз жетекшілік жасайтын бітіруші сынып оқушылары болатын.

Мал шаруашылығымен айналысатын ауылдың қыз-жігіттері күріш еге ­отырып, мал азығын молайтуды алдарына мақсат етіп қояды. Бұған Ыбырай атамыз қуанбаса, қабақ шытпады. Үндеу көтерген оқушылар түгелдей «Өскен өңір» газетіне суреттерімен шығып, ауданды бір дүр сілкіндірген еді. Сол жылдары жақаевшылар саны көбейіп, оның қатарында ел аузына ілінген ­Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары жарқырап шығып жатты.

Мысалы, Зәһира Ержанова – «Қызыл Ту» колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Қасен Бөдеев – Тереңөзек ауданы, ХХІ партсъезд атындағы совхоздың звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазына Жүсіпова – Жалағаш ауданы, «Аққұм» совхозының звено жетекшісі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қамар Үсенбаева – Жаңақорған ауданы, «Задария» совхозының звено жетекшісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Райкүл Жалғасбаева – «Тереңөзек» совхозының звеноводы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Шырынкүл Қазанбаева – Шиелі ауданы, «Коммунизм» колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Жақсылық Шайманов – Жалағаш ауданы, «Мәдениет» совхозының күрішшісі, Ұзақ Қаймағанбетов – Қазалы ауданы, Энгельс атындағы совхоздың күрішшісі, Жаңақорған ауданы, «Түгіскен» совхозынан Керімхан Матқанов, ХХІІІ партсъезд атындағы совхоздан Арапбек Әбиев – Социалистік Еңбек Ері, Шиелі ауданы «Коммунизм» колхозының күрішшісі Ұлбала Алтайбаева – Социалистік Еңбек Ері атанса, «Қазақстанның ХХХ жылдығы» сов­хозында Үндеу көтерушілер қатарында жас жақаевшы Күлшат Абаділдаеваның мерейі үстем болды.

Олар күріш өнімінен тау тұрғызып, ауылының, ауданының, облыстың атын шығарып жатты. Жұрттың, ғалымдардың күріш дақылына деген оң назары, көзқарасы артып, Ы.Жақаевтың даңқы құлаш жайды. Жастардың ­бойында болашаққа сенім артты. Біздің аға-апаларымыз үшін, біздер үшін де бір қызықты заман болатын – сол кез. Жас та үлкен де құлшынып, серпіліспен еңбек ететін. Оларға мақтау да, марапаттау да аянбай, молынан жасалынатын. Сонан ба, ешкім еңбек етуден қашпайтын. Осындай еңбек мектебін ашып, соңынан мыңдаған шәкірттерін ертті. Аудан орталығынан күрішшілердің Ы.Жақаев атындағы республикалық мектебі ашылды. Онда ­облыс күрішшілерінен басқа күріш егумен айналысатын өзге өңірлерден де адамдар келіп, күріш егудің қыр-сырын үйреніп, Ы.Жақаевтың мол тәжірибесінен білім алып, ауылдарына шаттана оралатын.1966 жылы заңды демалысына шыққан әйгілі диқан еңбектен қол үзген жоқ. Өмір бойы жиған-терген тәжірибесін жастарға өсиет ретінде ұсынды.

Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге нәсіп деп білген диқан атаның өсиеті мен өнегелі еңбегі бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақтың жадында мәңгілік жүруі тиіс.

Құттықыз Ыханова,

Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: