Қазалы ауданында көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары басталып кетті. Біз кент орталығындағы халқымыздың дарабоз перзенті, әулие әрі батыр Жанқожа бабаға арналып тұрғызылған еңселі кесенеге барғанымызда күн алабұлттанып тұр еді.
Кесене шырақшысы, Жанқожа батырдың тікелей ұрпағы Дәурен Әбдіхалық бауырымыз өткен сенбіде аудан әкімі бастаған ел азаматтары кесене аумағына қара өрік, сары өрік, шие, алма, жүзім тәрізді жеміс ағаштарын, ал кеше республикалық орман селекциялық тұқым осіру орталығы Оңтүстік батыс аймақ филиалы (питомник) қызметкерлері қосымша жеміс ағаштары мен Қазалы өңірінде көп кездесе бермейтін шығыс бозаршасы (туя), көпжылдық гибискус гүлін еккенін ризашылықпен жеткізді. Осылайша бас-аяғы санаулы күнде Жанқожа батыр кесенесінің аумағына 110 дана жеміс ағашы отырғызылыпты.
Жағымды жаңалық мұнымен шектелмеді. Республикалык Орман селекциялық тұқым өсіру орталыгы Жанқожа баба мешіті аумағында арнайы тал егетін жер дайындап, түрлі ағаш көшеттерін, оның ішінде әсемдік ағаштары айлант, катальпа, клён ағаштарының көшеттерін отырғызып, әртүрлі гүл тұқымдары себіліпті. Мұны естігенде мекеме басшылығына, ұжым мүшелеріне әсіресе, Мөлдір есімді қарындасымызға деген ризашылық сезімі кеудемізді кернеді.
Кесене аумағына егілген талдардың күтімі де назардан қалыс қалмапты. Бұл мәселені кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров тікелей қадағалауына алғанға ұқсайды. Бәрекелді!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!