Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңарған жол – жұрт игілігі

26.09.2024, 10:20 84

Сыр елінде жол мәселесі өзге өңірлерге қарағанда бәсең. Алайда, жолға наразылық тұрғындар тарапынан туындамады емес, туындады. Біраз уақыттан бері бірі іркілген, кейбірі тесік жолдар көлік жүргізушілерінің шамына тиіп, жұртшылық құзырлы органдарға аталған мәселені түрлі жолмен жеткізуді көздеген-ді. Бүгінде халықтың мұңы аяқасты қалмай, қала бюджетінен қаржы бөлініп, өңірдегі кей көшелерге жаңа жол салынды, жөндеуді талап ететіндері қайта жөнделді. Жұмыс барысының оңды-солын жіті назарда ұстаған қала әкімі Нұржан Ахатов өткен аптада өңірлік тілшілермен жол инфрақұрылымының тыныс-тіршілігімен танысты.

Жалпы, жол көлік инфрақұрылымы қоғам арасында жиі талқыланып жүргені бесенеден белгілі. Бұл мәселеден Қасым-Жомарт Тоқаев та тысқары  қалмады.

– Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын  сапалы   жолдармен  жалғау  маңызды, – деген  еді  ел президенті.

 Мемлекет басшысының Үкіметтің тұрақты қолдауы негізінде және аймақ басшысының үйлес­тіруімен қаланың жол-көлік инфрақұрылымы тұрақты түрде дамуда. Биылдың өзінде 36 млрд теңге қаражат қаралған. Алдыңғы жылғы көрсеткіш 12 млрд теңге екенін ескерсек, биылғы бөлінген қаржының үш есеге артқанын, сәйкесінше, талап пен жауапкершіліктің көбірек жүктелгенін аңғардық. Бөлінген  қаражатқа  қала, кент және ауылдық округтердегі 99 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, сонымен қатар, жол және көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілу барысында. Бөлінген бюджетке кейбірі күдіктенуі мүмкін. Сол себепті қанша соманың қай көшеге бөлінетінін нақтылап көрсетіп, анықтап  алғанымыз  абзал.  Қала  бойынша  34,5 млрд теңгеге 59 көшенің орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын салу жұмысы жүргізілуде. Кент және ауылдық округтерге 1,5 млрд теңгеге 40 көшенің  жол  жөндеу  жұмыстары  жүріп жатыр. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­да 33 көшеге жол жөндеу жұмыстарына 942,8  млн  теңге  бөлінген.

Қазіргі таңда Әуежай жолы және Шиелі ауданынан кіреберіс айналма көпірден, аспалы көпірге дейінгі аралық кеңейтілу барысында. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи көшесі мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшелері қайта жаңғыртылуда.

Айта  кету  қажет, қаладағы ең ұзын көшелердің бірі есептелетін Е.Көшербаев көшесінде 434 млн теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар қолданысына  беріліп  үлгерді. Енді өзге  де  жолдарды  жарамдылық мерзімінен  өткізіп  алмай, тыңғылықты  жөндеп  отыру  қажет.

Құны 350 млн теңгеге М.Шоқай және Қорқыт ата көшесінен бастау алатын Батыс-Еуропа, Батыс-­Қытай дәлізіне қосылып, жол қозғалы­сына  жаңашылдық  береді.

Жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары әсерінен оқушылардың сабаққа уақытылы баруы қиынға соғып жатыр. Сонымен қатар, біраздан бері автобустардың да бағыты өзгеріп, жол ұзарып жатқаны мәлім. Десе де, бұл – уақытша қиыншылық. Сәл күтсек, байырғы жолдармен діттеген жерімізге жетуде қиындық тумайды. Есесіне, сапалы асфальт­пен  тез  жетуге  мүмкіндік  жасалмақ.

Көпшіліктің сұрауымен ұзындығы 9,6 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» бағытының қалаішілік автомобиль жолына да жөндеу жұмыстары жүргізілу күн тәртібіне енгізілген. Аталған бастамаға «ҚазАвтоЖол» АҚ 2,7 млрд теңге бөлгелі отыр. Бүгінде мемлекеттің сатып алу конкурсы  жарияланды.

Жол мәселесінен туындаған өзгерістер мұнымен тоқтап қалмайды. Көптен бері тұрғындар Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі жолды сынға алып, талап-тілегін айтқан. Бұл жақтағы жолдар да алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтіп, халықтың мұң-мұқтажы жауапсыз  қалмайды.

Осы және өзге де жұмыстардың ізімен жақында ғана магистралды көшелердің бірі – Жаппасбай батыр көшесі қайта жаңғыртылып, 2 жолақты  жол  4 жолақтыға ауыстырылды. Назар­баев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы дейінгі аралыққа су жаңа жол салынып, көлік  ағынын  реттеудің  жолы  қарастырылды.

Қала әкімі Нұржан Ахатов та жол  арасындағы өзгерістердің бағытын  пысықтап, жол инфрақұрылы­мының  маңызын   алға  тартты.

– Мемлекет басшысының, үкіметтің  қол­даумен, аймақ басшысының үйлестіруімен биыл қаламыз­да жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда қарқынды  жұмыстар   жүргізілуде. Осы  бағытта  36 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қала ішіндегі кент-ауылдарындағы 99 көше орташа жөндеу мен қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Қазір енді халық көбірек  шоғырланған   жерлердің  жолына екпін қойып  отырмыз, – дейді қала басшысы.

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен баспа­сөз-барлауда жол инфрақұрылымының Сыр өңірінде дамып, жаңа технологиялардың іске қосыл­ғанын байқадық. Құрылыс маман­дары күн-түн демей, ел игілігі үшін тер төгіп жатыр. Жалпы, Қызылордада жол құрылымы өзге өңірлерге қара­ғанда әлдеқайда алда екенін көзі көрген қаладан қалаға қатынайтын жүргізушілер ұдайы айтып отырады. Біршама уақыт жемқорлықтың карикатурасы, басты прототипі саналған жол мәселесінің аяққа тұрып, оң өзгеріске ұшырағаны шынымен көңіл  қуантады. Іс  аяқсыз  қалмаса  дейміз!

А.АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: