HALYQLINE.KZ Әуе қатынасы – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін негізгі саланың бірі. Осыған орай, ”Болат Өтемұратов Қорының” демеушілігімен Сыр өңірінде Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Құны 33 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи үлгідегі жаңа нысанның жалпы аумағы – 3,9 гектарды құрайды. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Жоба бойынша аталмыш нысан 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
– Жаңа әуежай терминалының құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталған болатын. Қазіргі таңда аталмыш нысанның құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес орындалуда. Ауқымды жобаға тапсырыс беруші – Болат Өтемұратов Қоры жеке қорының қайырымдылық қаржыландыру есебінен «Accent Deleopment Solutions» ЖШС. Ал жобаның бас мердігері – «Elite Insaat» және «Ava Construction» ЖШС мекемесі. Бұл әуежай терминалы Қызылорда облысының экономикалық және инвестициялық жағдайын көтеруге оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін әкімшілік балансына толықтай берілетін болады. Әуежай көлемі – 7,5 мың шаршы метр болса, терминалдың өзі 2 қабатты болып құрылады. Сондай-ақ, бұл нысанда жолаушыларға жоғары сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталады. Жалпы жаңа әуежай терминалы сағатына 250 жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар мұнда халықаралық және жергілікті рейс қатынайды, – деді Болат Өтемұратов қорының жоба жетекшісі Абай Нұрмұханов.
Жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары кезінде 300 адам жұмыспен қамтылады. Ал жоба толығымен аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есеге артпақ.
– Жаңа жолаушылар терминалының ғимараты Қызылорда қаласындағы қолданыста тұрған әуежайдың аумағына жақын орналасқан.Аталмыш ғимарат ерекше көрікті архитектуралық стильде жасақталды. Сонымен қатар әуежайдағы бірінші қабаттың биіктігі шамамен – 8.0 метрді, ал екінші қабаты – 6 метрді құрайды. Ғимараттың қаңқасы металл құрылымдарымен жабдықталған. Бұдан бөлек, жаңа әуежай терминалында тіркеу орнының аймақтары, жалпы күту залы, билет кассаларының дүңгіршектері, қоғамдық тамақтану орындары, дербес тіркеу тіректері, намазхана, ана мен бала бөлмесі, трансферлік жолаушыларға арналған зал болады, – деді жоба меңгерушісі Алпай Өздемир.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!