Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаман әдеттен арылу – мұсылманның маңызды қадамы

26.09.2024, 11:00 420

Адам баласының бұл дүниеге келуі – жай ғана кездейсоқтық емес, Алла Тағаланың хикметке толы сынағы. Әрбір  пендеге  берілген өмір – Ұлы Жаратушының аманаты. Бұл  аманаттың мәні – адамның  дүниедегі  өмірін дұрыс бағытта өткізуі, Алла разылығын іздеуінде. Өйткені, біз бұл әлемде уақытша, өткінші қонақпыз. Ал мәңгілік өмірдің қайда болатыны біздің осы өмірде жасаған амалдарымызға, жүріп өткен жолымызға байланысты шешіледі. Сол себепті әрбір мұсылман өзінің өмірін Алланың бұйрықтарына сай сүріп, дүниенің алдамшы қызықтарынан бойын аулақ ұстап, рухани тазалыққа ұмтылуы  керек.

Ислам дінінің негізі – адамды рухани әрі тән тазалығына шақыру. Тазалық тек дене тазалығы ғана емес, ол – жүрек тазалығы, ниеттің тазалығы, ойдың тазалығы. Алла Тағала бізді сыртқы көрінісімізге қарап емес, жүрегімізге қарап бағалайды. Сондықтан, сыртқы дүниеден гөрі ішкі дүниені тазартуға мән беру – мұсылманның басты мақсаты. Рухани тазалыққа жету үшін Алланың көрсеткен тура жолын ұстанып, Оның бұйрықтарын орындауымыз қажет. Бұл жол бізді адамгершілікке, әділдікке, сабырлыққа  тәрбиелейді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шынында, Алла әділдік пен жақсылықты, туыстарға көмек беруді бұйырады. Сондай-ақ, арсыздықтан, жамандықтан және зұлымдықтан тыяды. Ол, сендерге үгіт-насихат бере­ді, мүмкін, түсінесіңдер», – деген «Нахыл» сүресі, 90-аят). Демек, Ислам­ның барлық қағидасы бізді жақсылыққа бастайды, жамандық­тан  қорғайды.

Әрбір мұсылман үшін жаман әдеттерден аулақ болу – Алланың әмірі әрі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегесі. Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.) барша адамзатқа тек ізгілікпен қарауды, көркем мінез­ді болуды өсиет еткен. Ол өзінің өмірі мен, амалдарын бізге үлгі етіп қалдырды. Оның әрбір сөзі мен ісі – біз үшін өлшеусіз тәрбие мектебі. Әрбір мұсылман бұл өнегелерді жүрегіне түйіп, өз өмірінде жүзе­ге асыруы тиіс. Жаман әдеттерден арылу – тек қана ішкі тазалықтың көрсеткіші емес, сонымен қатар, адамның рухани өсу жолындағы маңызды қадам­дарының бірі. Бұл тек өзіміз үшін ғана емес, айналамыз­дағы  адамдарға  да  әсер  етеді.

Мұсылманның әрбір іс-әреке­ті Алланың ризашылығына лайық болуы керек. Бұл – өз өмірімізді үнемі Алланың назарында тұрғандай сезіну. Яғни, ықыласпен өмір сүру. Қай жерде болсақ та, қандай жағдайда тұрсақ та, біздің негізгі мақсатымыз – Алланың разылығына ұмтылу. Егер осы өмірлік мақсатты түсінсек, онда біз сыртқы жағдайларға, адамдардың пікірлеріне тәуел­ді болмаймыз. Бізді өзгелердің сөзі емес, Алланың қағидалары басқаруы керек. Сол кезде ғана өміріміз мәнді, ісіміз  нәтижелі  болады.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала жаман әдеттердің зияны туралы анық ескерткен. «Мәида» сүре­сінің 91-аятында: «Ақиқатында, шайтан арақ ішу мен құмар ойын арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік салып, сендерді Алланы еске алудан және намаздан айыруды қалай­ды. Сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп айтылған. Бұл аяттың мағынасы өте терең. Арақ ішу мен құмар ойындар тек көңіл көтерудің бір түрі емес, олар адамның санасын улап, оның рухани өміріне орасан зор  зиян  келтіреді.

Арақ ішудің зияны адамға ғана емес, қоғамға да үлкен қауіп төнді­реді. Арақ ішкен адам өз ақылын жоғалтып, дұрыс шешім қабылдай алмайды. Мұндай адам өз әрекеттерін бақылауда ұстай алмай, айна­ласындағыларға да  зиян келтіруі мүмкін. Жол-көлік апаттары, отбасылық дау-жанжалдар, тіпті қыл­мыстардың көпшілігі ішімдіктің салда­рынан болатыны белгілі. Шайтан арақ арқылы адамды азғырып, оны Алланың еске алуынан, намаз оқудан айырып, тура жолдан  алыс­татады.

Құмар ойындардың да адамға тигізер зияны мол. Құмар ойынға құмар болған адам өз өмірін тек пайда табуға ғана арнайды, бірақ сол пайдаға қол жеткіземін деп бар байлығын жоғалтып алуы да ғажап емес. Құмар ойынға кіріптар болған адам тек өзінің ғана емес, отбасының да жағдайын қиындатады. Мұндай әдет адамды әлеуметтік жауапкершіліктен алыстатып, оны рухани күйзеліске түсіреді. Құмар ойын адамның жүрегін қатырып, ақыл-санасын  улайды.

Жаман әдеттер адамды рухани тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да азғындатады. Жаман әдетке берілген адам өзінің жан дүниесін ластайды. Бұл тек ішкі әлемге әсер етіп қоймайды, сонымен қатар адамның қоғамдағы беделін де түсіреді. Адам айналасындағыларға үлгі болудан қалып, олардың сенімін жоғалтады. Мұндай адамдармен қарым-қатынас жасау да қиындай түседі, себебі олар өзінің жаман әрекеттері арқылы адамдардың жүрегіне дұшпандық ұялатып, араларындағы достық пен сенімді  бұзады.

Жаман әдеттерден тыйылу – мұсыл­манның рухани өсу жолындағы маңызды қадамдарының бірі. Адам өзінің ішкі рухани байлығын сақтау үшін жаман әдеттерден аулақ болуы керек. Себебі, ішкі рухани тазалық – мұсылманның басты байлығы. Егер адам өзінің жүрегін жамандықтан қорғап, тек жақсы амалдар жасауды көздесе, ол Аллаға жақындай түседі. Алланың разылығына қол жеткізудің ең маңызды жолдарының бірі – рухани тазалықты сақтап, жаман әдеттерден  арылу.

Жаман әдеттерден арылу – әрбір мұсылманның парызы әрі бұл оңай іс емес. Адамның өмірінде қалыптасқан жаман әдеттер оның рухани өмірін әлсіретіп, тура жолдан тайдыруға себепші болады. Мұндай әдеттерді жеңу үшін көп күш-жігер мен табандылық қажет. Алла Тағала Құранда: «Алла бір қауымды өзгертпейінше, олар өздерін өзгертпейді» «Ра’д» сүресі, 11-аят) деп ескертеді. Бұл аяттың мағынасы терең және мұсылманға ерекше жауапкершілік жүктейді. Адам өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, өзін жақсылыққа қарай өзгертсе, Алла оған жол көрсетіп, жәрдем береді. Бірақ бұл жолға түсу үшін нақты қадамдар жасау  қажет.

Бірінші қадам – ниетті дұрыс қалып­тастыру. Жаман әдеттен арылу үшін, ең алдымен, адамның ниеті шынайы болуы керек. Жүрегінде Алла­ға деген сенім мен шын ниетпен өзгеруге деген құлшыныс болмаса, адамның әрекеттері нәтижесіз бола­ды. Ниетті түзеу дегеніміз – Алланың разылығын табуды мақсат ету, шынайы тәубе жасауға бекіну. Құранда Алла Тағала: «Шын ықыласпен ниеттенгендерге Біз міндетті түрде жол көрсетеміз» деп айтқан. Демек, ниеттің дұрыстығы адамның өзгеруге деген ең маңызды қадамы.

Екінші қадам – құлшылыққа көңіл бөлу. Құлшылық – адамның рухын тазартып, оны Аллаға жақындататын ұлы амал. Намаз – мұсылманның иман тірегі, рухани тыныштығы мен сабырлылығының қайнар көзі. Намаз оқитын адам жамандықтан аулақ болады, себебі намаз оның ішкі дүниесін тазартып, Алланы еске алуға шақырады. Ораза ұстау, зекет беру секілді құлшылықтар да адамды рухани жағынан күшейтеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Намаз – иманның тірегі», – деп, оның рухани өмірдегі маңыздылығын ерекше атап өткен. Намаз – тек рухани қорған емес, соны­мен бірге адамның жаман әдеттерден  сақтануының  да  жолы.

Үшінші қадам – тәубеге келу. Тәубе – жаман әдеттерден арылудың маңызды жолдарының бірі. Адам өз қателіктерін мойындап, Алладан кешірім сұрауы қажет. Құранда Алла Тағала: «Күнә жасағандар тәубе етсе, Алла олардың күнәларын кешіреді» «Ниса» сүресі, 110-аят), – деп айтқан. Тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрау – жаман әдеттерден арылудың басты жолы. Адам қателіктерін мойын­даған сәтте, ол өз өмірін жақсартуға  нақты  қадам  жасайды.

Төртінші қадам – жақсы әдеттерді дамыту. Жаман әдеттерді жеңу үшін, оларды жақсы әдеттермен алмас­тыру қажет. Сабырлылық, төзімділік, адалдық, мейірімділік – мұсылманның бойында болуы тиіс ең жақсы қасиеттер. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Мұсылман адам ең жақсы қасиеттермен ерекшеленеді», – деп, жақсы мінез-құлықтың маңызын атап өткен. Жақсы әдеттерді дамытқан сайын жаман әдеттер өзінен-өзі жоғалады. Өйткені, адамның рухани дүниесі тазарып, жүрегі Аллаға  жақындай  түседі.

Бесінші қадам – қоршаған орта­ға көңіл бөлу. Адамның өміріне, оның әдеттеріне әсер ететін ең бас­ты факторлардың бірі – оның ортасы. Жаман ортаға түскен адам жаман әдеттерді бойына тез қабылдайды. Сондықтан, мұсылман адам  әр­дайым өзіне жақсы орта, тақуа адамдарды серік етіп, адал адамдармен дос болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам өз досының дінінде болады», – деп айтқан. Бұл сөздің мағынасы терең. Адам жақсы ортада болған кезде, оның жаман әдеттерге бейім болуы азаяды, ол рухани тұрғыдан  да  жетіле  түседі.

Жаман әдеттерден аулақ болу тек жекелей емес, сонымен бірге қоғам үшін де маңызды. Жеке адамның руха­ни тазалығы бүкіл қоғамның тазалығына әсер етеді. Егер әрбір мұсылман өз бойындағы жаман әдеттерден арылса, онда қоғам да тазарып, әділдік пен мейірім орнайды. Жаман әдеттер тек жеке тұлғаға ғана емес, оның айналасына да зиянын тигізеді. Сол себепті мұсылман адам өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауы  керек.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегесіне сай өмір сүру – жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстаудың ең сенімді жолы. Ол кісінің өмірі – нағыз тазалық пен парасаттылықтың үлгісі. Оның сабырлылығы, әділдігі, мейірімділігі – әрбір мұсылманға үлгі болуы тиіс. Жаман әдеттерден бас тартып, өз өмірімізді Алланың разылығына лайық ету – біздің ең үлкен борышымыз.

Алла Тағала әрбір мұсылманға тура жолды нәсіп етіп, жаман әдеттерден сақтасын! Біз рухани байлыққа тек Алланың көрсеткен жолымен ғана жете аламыз. Ақырет өміріміздің жақсылығы осы дүние­дегі амалдарымызға байланысты. Жамандықтан тыйылып, ізгі амалдарға ұмтылсақ, Алланың рақымына бөленіп, мәңгілік  бақытқа  қол жет­кіземіз.

Асхат  АСҚАРОВ,

Қызылорда  қалалық  «Айтбай» мешітінің  бас  имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: