Жалағаш ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Ұлыстың ұлы күніне арналған «Нұр себеле, Әз Наурыз!» атты мерекелік шара өтті.
Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.
Мереке қонақ күткен ауылдың қарбалас сәтін, үлкен-кіші бас қосқан жиынның, өнерпаз қыз-жігіттердің көш-керуенін бейнелеген театрландырылған қойылыммен басталды.
–Ақ қар кетті, қыс өтіп,
Шырайлы шуақ жаз жетіп,
Шаруаның бұл кенелген,
Күн мейрамы ежелден,
Құтты болсын, Наурыз!
Көтер туын Наурыздың,
Желбіресін көгімде,
Береке мен бақ қонсын,
Жалағаштай еліме!– деп ауылдың үлкені берген батаға жұртшылық түгелдей әумин десті.
Аймақ басшысы жалағаштықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, биылғы жылдың ерекшеліктеріне, атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Хәкім Абайдың 180, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100, Ұлы Жеңістің 80, Байқоңыр ғарыш айлағының 70, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы сияқты маңызды мерейтойларды тағылымы ел жадында жатталатындай етіп өткізу өте маңызды екенін айтты.
«Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы.
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – жыл басы Наурыз мейрамымен шын жүректен тағы да құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мерекеде Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!