HALYQLINE.KZ Қазіргі таңда Жалағаш ауданының диқандары алқаптардан өнімін жинауға кірісті. Бүгін ауданға қарасты Ақсу ауылындағы «Сәрке батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарында аудан әкімі Асқарбек Есжановтың қатысуымен егінге алғашқы орақ түсті.
Егінге алғаш орақ түспестен бұрын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов арнайы дайындалған стенд бойынша ауданның егіншілік саласы бойынша көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтермен таныстырды. «Ақбостай» учаскесінде аудан әкімі Асқарбек Есжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев дихандарға сәттілік тілеп, егінге орақ салу рәсімінің лентасын қиды.
Аудан ардагері Тұрмағанбет Сығайбаев ақ батасын беріп, өнімнің бітік шығуын тіледі. «Сәрке батыр» серіктестігінің диқандары былтыр күріштің әр гектарынан 60,0 центнерден өнім алды. Шаруашылық тек күріш егіп қана қоймай мал азығындық дақыл – жоңышқа да өндіріп келеді. Биылғы жылы 796 гектар күріш, 244 гектар жаңа жоңышқа, 289 гектар ескі жоңышқа, 56 гектар бидай, 146 гектар мақсары орналастырды. Құрылымда 115 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жыл сайын жоғары өнім алып, аудан, облыс көлемінде биік белестерден көрініп келеді.
Айта кетейік, Жалағаш ауданы бойынша биыл 35486,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 18501 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша егін жинау науқанына қатысатын 271 комбайн, 118 жатка, 495 трактор, 56 жүк көлігі және 163 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!