Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Жалағаш ауданының даму жоспары қаралған кеңесте аудан әкімі Ардақ Ибраимов кенттегі апатты тұрғын үйдің орнына 18 пәтерлік екі қабатты үй салуға, тозығы жеткен 3 көппәтерлі тұрғын үй мен «Ақтерек» сауықтыру лагерін күрделі жөндеуге қаржы бөлуді ұсынды. Жалағаш кентінің орталық алаңының жағдайы сын көтермейді. Кеңесте 1978 жылы салынған Отбасын қолдау орталығы ғимаратын күрделі жөндеу және жылу қазандығын газ желісіне қосу туралы да мәселе көтерілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
А.Ибраимовтың айтуынша, аудан орталығының жеке тұрғын үй секторын және әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу, Ақтерек жаңа қоныстану аймағына жаяу жүргіншілер жолы мен байланыс желісін тарту да кезек күттірмейтін мәселелер қатарында. Жаңа тұрғын аумаққа 607 тұрғын үй, 11 кәсіпкерлік нысан, 1 мектеп және 2 балабақша орналастыру жоспарланған. Бұл аумақты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту үшін байланыс желісінің, 56,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу қажет. Оған облыстық бюджеттен 20,5 млн теңге бөлу сұралды, жобаның болжамдық құны – 512,5 млн теңге.
Мұнан бөлек, аудан әкімі Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуге қаржы бөлуді сұрады. Ғимарат 1972 жылы пайдалануға берілген, ішкі және сыртқы қабырғаларының, есік-терезелерінің тозығы жеткен, электр желісі ескірген, жиі тұйықталады. Көрермен залының жабдықталуы салынғалы бері қайта жаңартылмаған. Жауын-шашыннан қосалқы қанатының төтенше жағдайларда қолданылатын төбе жабындысы үгітіліп құлаған. Соңғы рет ғимаратқа 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінде жоба-сметалық құжат әзірлеуге демеушілер 4,5 млн теңге бөлді, жобаның болжамдық құны – 150 млн теңге.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!