Ғалымдардың зерттеуіне жүгінер болсақ, соңғы 40 жылда ер адамдардың тестостерон мөлшері біршама төмендеген. Дәлірек айтқанда, осыдан 40 жыл бұрынғы ортастатистикалық 20 жастағы жігіт бүгінгі 20 жастағы ортастатистикалық жігітке қарағанда 2 есеге мықты болып келеді.
Тестостерон – адам бойындағы стреске қарсы төтеп беретін, мейлінше көбірек болса, соншалықты мінез жағынан болсын, физиологиялық тұрғыдан болсын күштірек қыла түсетін жыныстық гормон. Тестостерон ең бірінші пубертат кезінде, яғни жыныстық жетілу кезінде байқала бастайды. Баланың бұлшық ет массасы өсіп, түктер пайда болып, дауысы жуандай түседі. Сондай-ақ, алғаш рет эмоционалды тұрақсыздыққа бой алдырады. Бойын агрессивті мінез билеп, ішкі эгосы қалыптасып, қарсылық көрсете алатын дәрежеге жетеді. Қысқасын айтқанда, тестостерон – ер адамды әйел адамнан айыратын бірден-бір гормон.
Тестостеронның адам психологиясына берер әсері де аз емес. Жасөспірімдік кезеңнен шыққаннан кейін ер бала отбасының қадағалауынан босаңсып, сәл де болсын жауапкершілікті сезінуі керек. Аталған гормон көбірек болған жағдайда амбиция қоюға бейімділік пайда болады. Және де, жасөспірім шақтағы драматизация жасаған кішігірім стресс, апатия секілді психологиялық құбылыстарға төтеп беру мүмкіндігі жоғарырақ болып келеді. Ал керісінше қарар болсақ, тестостероны төмен ортастатистикалық жігіт шешім қабылдауға бейімсіз, кішігірім мәселеге сынып, эмоционалды тұрақсыз болу ықтималдылығы жоғары. Тестостеронның жетіспеушілігі депрессияға, мотивацияның төмендігінің әсерінен импотенцияға әкеліп соғады. Сонымен қатар, тестостероны аз жігіттер қандай да бір іс бастаса, соңына дейін жеткізбейді, айналамен қарым-қатынастан алшақтап, мейлінше өзімен қатар, әлсіз тобырдың қатарында жүруді жөн көреді. Олардың көңіліне қаяу салу – оңайдың ойы. Себебі, өте сезімтал келеді.
Әйелдер қауымы өздеріне серіктес қылып тестостероны көп жігіттерді таңдайтыны анық. Яғни, соңғы уақыттары жаппай тестостерон гормонының төмендеуі жалпыжыныстық теңсіздікке әкеліп, дегредация тудырды. Соның әсерінен, әйелдердің сезім стандарты күрт төмендеп, серіктессіз қаламын ба деген қорқыныш пайда болды.
Осы тұста бір сұрақ туындайды. Ерлер арасындағы тестостеронның төмендеуіне не себеп? Ең алдымен, бұл гормонның азаю себебі – жайлылық (комфорт). Қазіргі адамдарда қозғалыс аз. Бұл тек орта жастағы ерлер қауымына ғана емес, кішкентай балаларға, жасөспірімдерге, әйелдерге қатысты мәселе. Заман ағымына сәйкес, адамның күнделікті жүріс-тұрысы да жеңілдей түсті. Бәрі – әркімнің өз қалауында. Ұйықтауы, тамақтануы, діттеген жеріне жетуі де… Керекті затыңды алу үшін алыс жүріп керек емес. Үйіңнің жанындағы дүкенге бара саласың. Не болмаса, жеткізу қосымшалары арқылы тапсырыс бере салу да қиын емес. Осы секілді факторлар адамзаттың жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын жеңілдетті. Кезіндегідей шайқасатын заман емес, тіпті аң аулап, балыққа шығатындар да азайған. Комфортты заман жалпыға жақсы. Дегенмен, жайлылық адамның әлсізденуіне себеп болып отыр. Ер адамдағы көптеген гормон мен нейромедиатордың конгломераты стреске қарсы реакция болып табылады. Нақтырақ айтқанда, ертедегі ер жігіттер күнделікті тамағын тауып, отбасын асырауы үшін күні-түні аң аулап, жыртқыштармен алысуы керек болды. Ол үшін не керек? Әрине, энергия мен күш. Сол себепті, олардың эффективті күресуі үшін, отбасын асырауы үшін организмінде гормональді профиттар қалыптасады.
Екінші кезекте – оңай дофамин. Дофамин гормоны жайында білетін боларсыздар. Дофамин – рақат гормоны. Қазір дофамин алу оңай. TikTok, Instagram, YouTube-тің көмегімен миды алдауға болады. Бұл жолмен рақаттанудың денсаулыққа зияны көп. Ұлы сөздің ұяты жоқ, дофаминді жүйеге кері әсерін тигізетін үлкен қатер – порнография. Ер адамдардың шамамен 98 пайызы айына бір рет болсын порнографиялық жанрдағы видео көреді екен. Еркектер қаншалықты мастурбацияға құмар болса, соншалықты әлсіздене түседі. Бұл – жалған дофаминнің тікелей әсері. Процесс жағдайында адам өзін керемет сезінеді. Бірақ, тек азғантай уақыт қана. Мидың проекциясында еркектің жағдайы тамаша көрінуі бек мүмкін. Себебі, біздің миымыз шынайы өмір мен фантазияны айыра алмай қалып жатады. Үздіксіз рақаттың әсерінен адам жалқаулана, эмоционалды тұрақсыздана түседі. Бұл да бір тестосторон гормонының аз екендігінің белгісі.
Үшінші себеп – қоршаған орта. Егер ер бала жастайынан әкесінің қасында өсіп, сол кісінің тәрбиесін көрген болса, тестостеронмен аса мәселе бола қоймайды. Бала күнінен нағыз ер-азаматтың болмысымен танысып, ерлердің ортасына тезірек сіңісіп кетеді. Ал, бала кезінен анасы немесе әжесінің қарамағында өсетін болса, жүріс-тұрыс стандарты өзгеріп, агрессивтілік жетіспеуі мүмкін. Жігіттен еркек жасайтын, беделді еркектің сұлбасын көрсететін – әке.
Аталған тақырып төңірегінде Қызылорда медициналық жоғары колледжінің анотомия және физиология пәнінің оқытушысы Жазира Әбеновамен тілдескен едік.
– Дофамин мен тестостерон – бір-бірімен тікелей байланысты. Дофамин неғұрлым жоғары болса, тестостерон да соғұрлым жоғары болады, ал біріншісі төмендесе, екіншісі де төмендейді. Дофамин энергия, мотивация және өмір сүруге ынталандыруға жауап береді. Оның деңгейі көтерілсе, ер адам өз мақсатына оңай жетеді, яғни ол басқалардың алдында маңызды және өзіне сенімді болады. Осы жағдайлардың барлығы тестостерон деңгейінің жоғарылауына алып келеді. Тестостерон, өз кезегінде, көңіл күйге, өмір сүруге деген құштарлыққа, жауапкершілікке, интеллектке және жақсы ұйқыға жауап береді. Жыныстық құштарлық пен эрекция да тестостеронның әсері болып табылады. Егер бұл гормондардың деңгейі төмендесе, онда өмір сүру деңгейі онымен бірге төмендейді және бұл адамның сыртқы және ішкі күйіне тікелей әсер етеді.
Ертеректе, ежелгі дәуірде, соғыс кезінде ер адамдарда дофамин көп болған, себебі олардың жеңіске деген ынтасы дофаминді көбейтетін, ал қазір бәсеке төмендеген кезде дофамин дәрежесі де төмен болады, – дейді ол.
Осы және өзге де факторлар ер-азаматтардың ұсақталуына әкеліп соқты. Тестостороны көп еркектің прототипі – көпшіліктің түсінігінде бодибилдерлер Арнольд Шварценеггер, Рони Коулмэн, актер Дуэйн Джонсон. Алайда, бұл – қате тұжырымдама. Тек қана физикалық күш тестосторонның бейнесі емес. Рухани байлық, мінезділік пен төзімділік нағыз тестосторон гормонының белгілері екенін есте сақтағанымыз жөн.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!