Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлдешов Рауан Қырымұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі брифингтің тақырыбы өте маңызды және қай кезде болмасын өзекті болып қалмақ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы еліміздің отбасылық-демографиялық саясатының өзекті мәселесі болып табылады.
Адам өмірі мен денсаулығы, құқығы мен бостандығы – ең басты құндылық. Бұл – бір қоғамның немесе жеке мемлекеттің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің басты мәселесіне айналған сұрақ.
Отбасындағы әлімжеттік мәселесі – тек бүгін ғана ортаға салынған тақырып емес. Бұл мәселеге тосқауыл қою Мемлекет басшысының қатаң бақылауында.
Себебі, отбасында жасалатын зорлық-зомбылық қоғам менжеке адамның қауіпсіздігіне, тікелей әсер етеді.
Бұл мәселе бойынша мемлекет аз іс-шара жасап жатқан жоқ.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін құқық бұзушыларға жаза бірнеше рет қатаңдатылды.
Қазір полиция жәбірленушінің арызынсыз құқықбұзушылықтың жасалу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғайды.
Сотта татуласуға бір–ақ рет мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, сот шешімімен берілетін жазалардың санкциясы 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзартылды.
10 айдың қорытындысымен тұрмыстық жанжалдар:
– облыс бойынша полицияға келіп түсетін шағымдар мен қоңыраулардың саны төмендеді;
– сәйкесінше құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту жәнеқамауға алу саны артты.
Сондықтан ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Соңғы жылдар ішінде осы салада заңнамалық өзгерістерден бөлек басқа да бірқатар шарар іске асырылды:
– жәбірленушілермен жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралды (2021 ж. – дағдарыс орталықтарында тергеу әрекеттерін жүргізу);
– мұндай қылмыстарды тергеу үшін әйел тергеушілердің мамандануы енгізілді;
– қазір ІІМ-нің құрылымында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, оның ішінде әйелдер мен балаларды қорғау бойынша мамандандырылған бөлімшелер құрылуда.
Заңнамалық түзетулердің арқасында қоғамда бұл мәселеге деген көзқарас өзгерді. Жәбірленушілер мұндай фактілер туралы белсенді түрде хабарлай бастады.
Зорлық-зомбылық құрбандарымен қатар, куәгерлер мұндай фактілерді тіпті ақпарат көздерінде ашық айтатын болды.
Қоғамның сұранысын жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы биыл 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды.
Заң ағымдағы жылғы 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жаза күшейтілді.
Түбегейлі өзгеріс деп ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің криминализацияланғанын айтуға болады.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін ерекше жағдайларда құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде Сотқа оны тұрғын үйден (өзінің балама тұрғын үйі болмаса да) уақытша шығару құқығы берілді (30 тәулікке дейінгі мерзімге).
Сондай-ақ, сот «агрессордың» денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психологиялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы.
Қазір құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қою Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленеді.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы әрбір сигналға дереу ден қояды. Заң күшіне енгелі 1618 осы санаттағы құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қызылорда облысында 494 қорғау нұсқамасы шығарылды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушының мінез-құлқына 57 ерекше талап белгіледі. Барлығы профилактикалық есепке алынды.
Қызылорда облысында белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Мемлекет басшысы Жолдауында: «Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық» деп тағы бір мәрте атап өтті. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық болып табылатын азаматтардың қауіпсіздігін кез келген қолсұғушылықтан қорғау үшін полиция белсенді шараларды қабылдауда, – деді Р.Әлдешов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!