Журналистерді қорғау жөнінде үкіметтік емес халықаралық комитет (CPJ) Қазақстан билігіне «Сарыағаш-информ» газетінің редакторы Амангелді Батырбековті тез арада босатуға шақырды.
«Өзінің репортаждары үшін бірнеше рет жала жабылып, тіпті кісі өлтірді деген айып тағылған қазақстандық журналист Амангелді Батырбековтің 20 күнге түрмеге қамалуы баршамызды алаңдатады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, CPJ Қазақстан билігін журналистерді түрмеге жабу қаупін азайтатын заң нормаларын енгізуге шақырған.
Өткен аптада Түркістан облысының соты Амангелді Батырбековті «жала жабу» бабымен 24 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Оған Фейсбук парақшасына «Cыбайластық па не бұл?» дейтін пост жазғаны себеп болған. Постта мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлының жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін деген пікір айтылған.
Журналистің жазуынша, 2019 жылы Нәжметдинұлы «алаяқтық» бабымен қозғалған іске күдікті ретінде тартылған, кейін бұл іс құпия түрде жабылып қалған. Депутат журналистің «алаяқтық бабы бойынша қозғалған қылмыстық іске күдікті ретінде тартылған» деген сөзін жала жабу деп есептеп, сотқа берген.
Істі қараған судья Берік Қайыпов журналист «рас-өтірігін тексермеген, жалған ақпарат таратқан» деп мәлімдеп, айыппұл аздық ететінін айтқан.
Амангелді Батырбеков сот қаулысымен келіспеген. «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы «сот журналисті жауапқа заңсыз тартқан, өйткені журналистің қолындағы қаулының қолдан жасалғаны ресми түрде дәлелденбеген» деп санайды.
Түркістан облысының тұрғыны Болатбек Нәжметдинұлының (бұрынғы фамилиясы Әлиев) белсенділерді сотқа тартқан алғашқы дерек емес. Ол бұған дейін Нүркен Айнабековтың үстінен (коррупционер деп атағаны үшін – авт.) жала жапты деп арыз жазған. Сот Айнабеков жала жаппаған деген қаулы шығарған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!