Қора маңындағы көрініс екеуін де біраз уақытқа дейін тым-тырыс күй кешуге мәжбүр етті. Үй ішінде Аянды қоспағанда төрт-бес ер адам болуы мүмкін. Қайткен жағдайда да оларға әлдері жетпейтінін білген екеуі дереу ауылға қайтып, бар білгендерін полицияға айтып беруге бел байлады.
Айбек пен Нұрсұлтан ауылға қайтып келе жатып, әрқайсысы өз ойын іштей қорытуда еді.
— Мүмкін ол кісі Аянның туысы шығар? — деді Нұрсұлтан күмәнмен.
— Жоқ, — деп басын шайқады Айбек. – Аянның туыстарының бәрін білемін. Оның бұл төңіректегі ауылдарда ешқандай малшы туысы жоқ.
Бұл олардың ойын одан сайын сан-саққа жүгіртті. Егер малшы туысы болмаса, онда ол неге Аянды қасында ұстап жүр?
Ауылға бара сала олар барлығын полиция қызметкері, учаскелік өкіл Мейрамбек Қабатовқа айтып берді. Ол дереу топ құрып, бұлардың айтуымен жолды сызбаға түсіріп алды. Алдымен барлығы Аянның үйіне барды. Анасы оларды көргенде көзі жасаурап, басын шайқады.
— Балаларым, ештеңе шықпады ма? — деді Айнаш апа үмітпен. Ана бала десе жүрегін суырып алып беруге дайын. Тек суық хабар айтпаса екен деп жалынып тұрғаны көзінен байқалды.
— Апа, біз бір нәрсе білдік, — деді Айбек батылданып. – Аян бір малшының қасында жүр екен.
Айнаштың жүзі сұп-сұр боп кетті.
— Қандай малшы? Ол кім екен?!.
Айбек пен Нұрсұлтан бір-біріне қарады. Көңілдегі күдік күшейе түсті.
Айнаштың сөзінен кейін полиция қызметкері Мейрамбектің күмәні көбеюмен қатар балалар айтқан жайттың шындық екеніне көзі жете бастады, Аянның өз еркімен жүрмегеніне сенім нығая түсті.
— Кеше түнде біз оны көрдік. Ол бізді байқамады. Бірақ біртүрлі, үндемей, малшының айтқанына көнгендей болды.
— Яғни, ол қорқып жүр ме? — деді Мейрамбек.
— Солай болуы мүмкін, — деді Айбек.
— Егер Аян шынымен мәжбүрлі түрде жүрсе, оны құтқару – біздің міндетіміз. Сізге өзіміз хабарласамыз. Егер де Аян сол жерде болса, біз оны алып келеміз, — деп Мейрамбек жолға шықты.
Полиция қызметкерлері барлығы екі автокөлікпен келе жатыр. Мейрамбек «Бала аман-есен болса игі еді, ал қылмыскерді қай кезде де ұстап үлгереміз» деп ойлап келе жатты. Жанында жедел уәкіл Ғабит пен Серік, криминалист Дәулет, тергеуші Дүйсен және жүргізуші Ғабиден болатын. «Шамамен балалардың айтқан жеріне жақындап қалдық» деп Ғабиден барлығына ескерте айтты.
«Алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз, іс насырға шапса, табельді қару қолдануға тура келеді. Бірақ оны қолданды дегенше қылмыскер болса да бір адамның тағдыры сол жерде қиылады деген емес пе. Егер олар мылтық ататын болса, амал жоқ қой… Тек бала аман қалса болды… Бұл мезетте болатын шешім, бірақ бәрібір Алланың берген жанын алу оңай емес. Жауапкершілік екі жақта да болады». Осы кезде Ғабиденнің «Келдік» деген дауысы естілді де, Мейрамбектің ойын бөліп жіберді.
— Жігіттер, түсеміз. Ғабит, сен сыртты торуылда, Серік, сен менімен бірге жүр, Дәулет, камераны қосып, түсіре бер, Мейрамбек, сен біз үйге кіріп кеткен кезде үйдің сыртын шолып шыға бер, Ғабиден, автокөлікті өшірмеңіз, әрқашан қосулы болсын, бірдеңе болса, сол бойы рациямен орталыққа хабарлаңыз!
Тергеуші Дүйсен бұйыра сөйледі. Барлығы оның бұйрығын бұлжытпай орындап, іске кірісті.
Алайда бұл дайындықтың барлығы бекер болды. Дүйсен үй ішіне «Полиция, қолдарыңды көтеріңдер!» деп айғайлай кіргенімен, тіл қатқан, не қозғалған ешкім болмады. Үйде жан жоқ.
— Мына жерде адам соңғы рет қай кезде болған екен? Сірә, өткен ғасырда болар, — деп ашулана сөйледі Дүйсен.
Үй ішін толық қарап шықты, алайда ешқандай адам түгілі оның ізі де жоқ, сыртта малдың да ізі көрінбеді. Мейрамбек те «Сырт жақта ештеңе жоқ» деді үйге кіріп келе жатып.
— Мейрамбек, бұл жерде ешкім жоқ және болмаған да. Мұны қалай түсінеміз? Кішкене балалардың алдауына түсіп қалып отырмыз ба, сені сан соқтырып кетпеді ме олар? — деді Дүйсен.
Мейрамбек кіретін тесік таппай, ыңғайсызданғаны соншалық ауылға қайтқанша бір үн қатпады.
Түн ортасына таяу полиция қызметкері Мейрамбек ауылға келді. Түн болғанына қарамастан ауыл ақсақалдары мен Аянның туыстары жиналып қалыпты. Ол жерге Айбек пен Нұрсұлтан да келді. Алайда Мейрамбектің түрінде еш қуаныш сезімі байқалмайды.
— Апа, біз айтылған жерге бардық. Ол жер шамамен 30 шақырым болатын жер екен. Алайда ол жер жапан түз боп шықты. Адам тұрмақ түгілі мал да көрінбейді. Ешқандай «УАЗ» көлігі мен аттар да, Аян да жоқ. Бізбен ойын ойнайын дедіңдер ме сен екеуің? — деп Мейрамбек Айбек пен Нұрсұлтанға қарады.
— Қайдағы ойын… Біз өз көзімізбен көргенімізді айтып бердік қой, айтшы Нұрсұлтан, — дегені сол еді, шыдай алмаса керек, Аянның анасы Айбекке қабағын түйе қарады да кетіп қалды.
— Мен… Мен… Мен… Өтірік айтып тұрған жоқпын, апа! — деп көзіне жас ала Айбек те сыртқа шығып кетті.
Сол күні кешке Айбек пен Нұрсұлтан ауыл шетіне барып, ұзақ ойласты. Екеуінің де ойынан шықпай тұрғаны – қалайша ол жер жапан түз, оны өз көзімізбен көрдік қой. Әлде алжасайын дедік пе?
— Сол бір жарықтың кесірі тиді-ау бізге, — деді Нұрсұлтан.
Бірақ балаларды Аянның неге үнсіз жүргені қатты мазалады.
— Біз оны көрдік қой. Мейрамбек қаладан келген адам, өмірінде далаға шығып, із арқылы мал тауып көрмеген. Соның кесірінен де таппай қалуы мүмкін ғой, — деді Нұрсұлтан.
— Иә, олай болуы әбден мүмкін. Далаға шықсаң, даланың адамын бірге алып шығу керек екенін білмегені ғой. Енді ауылдың үлкендеріне Аян жайлы тағы да бір мәлімет біліп айтар болсақ, олар сенбейтін болды. «Балалар ойлап тапқан шығар» дейді де қояды, — деді Айбек.
Айбек біраз ойланып отырды да:
— Жоқ, бізге дәлел керек. Ол үшін бар көргенімізді түсіріп, жазып алуымыз керек, — деді.
Нұрсұлтанның көзі жайнап кетті.
— Дұрыс айтасың! Сенің ұялы телефоныңда бейнекамера бар ғой. Соны қолдана аламыз.
— Болды, шешілді! — деді Айбек қуанып, ұялы телефонын қолына ұстап тұрып. – Мұнымен болғанды түсіріп алсақ, дәлел ретінде қолдана аламыз.
Екеуі келесі түнге дайындық жасады. Бұл жолы тек бақылап қоймай, барлығын түсіріп алуды мақсат етті. Әлгі адамдарға күші жетпейтінін білген Айбек пен Нұрсұлтан қалай болса да полиция қызметкеріне Аянның бар екенін дәлелдеуге тура келетінін түсінген еді. Олар іске кірісті.
Кеш түсе олар қайтадан жол тартты. Жол тағы үш сағаттай уақыт алды. Ол өздері межелеп келе жатқан жерге жеткенде үнсіз қалды. О, тоба! Үйде тағы да шам жанып тұр. Бұлар өткендегідей сақтықпен үйге еңбектеп жетті. Қораның ішінен тағы да шамның жарығы жылтырайды.
Айбек ұялы телефон бейнекамерасын қора қабырғасының жарығына меңзеп, түсіре бастады. Үй ішінен біреу шықты.
— Айбек, ол біреумен телефонмен сөйлесіп жатыр! — деді Нұрсұлтан сыбырлап.
Шынында да малшының қатқыл дауысы анық естіліп тұр.
— Иә, бала қасымда. Көршілері де, сыныптастары да түк білмейді. Ештеңе әзірге айта алмайды. Тек сен айтқанша осында ұстаймын. Уайымдама, ешкімді сезіктендірмеймін.
Айбек пен Нұрсұлтанның бойы мұздап кеткендей болды. Олар бір-біріне қарап, үнсіз қалды.
— Демек, Аянды ол әдейі ұстап отыр, — деді Айбек сыбырлап.
Нұрсұлтан басын изеді.
— Енді біз бұған көз жеткіздік.
Бірақ дәл осы сәтте қорадан сыртқа қарай басқан аяқ дыбысы естілді. Балалар бірден еңкейіп, шөптің арасына жата қалды. Малшы шамын көтеріп, айналаны шолып тұрды.
Оның күдікті көзі қараңғыны тіліп өтсе де, балаларды байқамады. Біршама уақыттан кейін қайта ішке кіріп кетті. Айбек пен Нұрсұлтан демін ішіне тартып, үнсіз жата берді.
— Біз бәрін естідік, — деді ақыры Айбек. – Енді тек дұрыс әрекет ету керек.
Екеуі сол түні ауылға қайтып келе жатқанда Айбек ұзақ ойға батты. «Мейрамбек неге бұларды таппай кетті? Әлде бұлар сол кезде басқа жаққа кетіп қалған ба екен? Түсініксіз».
— Енді бізде нақты дәлел бар, — деді Айбек. – Ол адам Аянды әдейі ұстап отыр.
— Иә. Бірақ біз не істейміз? Ауылдың үлкендеріне айтамыз ба? — деді Нұрсұлтан.
— Жоқ, олар сенбейді. Бірақ полицияға барсақ ше? — деді Айбек
Екеуі сол оймен таңды атырып ауылға жетті. Екеуі де үйлеріне білдіртпей кіріп, төсекке жатып қалды да ертеңіне сабақтан кейін ауылдың полиция бөлімшесіне беттеді.
Мейрамбек оларды көңілді қарсы алды. Балалардың мазасыз түрін көріп, күле сөйледі.
— Не болды, жігіттер? Біреу сендердің велосипедтеріңді ұрлап кетті ме?
Айбек батылданып:
— Жоқ, аға. Біз Аянды таптық. Олар Аянды әдейі ұстап отыр.
Мейрамбектің қабағы түйіле қалды. Сосын басын шайқады.
— Балалар, сендерге сенгім-ақ келеді. Бірақ мына айтқандарың өте ауыр әңгіме. Дәлелдерің бар ма?
— Бізде жазып алған видео бар, — деді Нұрсұлтан.
Олар ұялы телефонды шығарып, бейнежазбаны қосты. Шынында да, әлсіз болса да анық естілетін дауыс: «Бұл бала қасымда… Ешкімді сезіктендірмеймін».
Мейрамбек ойланып қалды. Бірақ біршама уақыттан кейін күрсінді.
— Балалар, сендерге бір нәрсе айтайын. Мұндай істі тек осындай құрылғымен дәлелдеу қиын.
Шынында Айбек пен Нұрсұлтанның бейнежазбасы ештеңеге жарамайтын. Себебі бейнежазба түнде түсірілген, ешкім де, ешнәрсе де анық көрінбейді, тағы алдында өтірік алдағандарын себеп қылып екеуін шығарып салды.
Полициядан Айбек пен Нұрсұлтанның көңілдері түсіп шықты.
— Яғни, бізге сенбеді ме? — деді Айбек.
— Иә… — деп Нұрсұлтан басын салбыратты.
Дегенмен, екеуі берілмеді. Үйге тағы бару керек болды. Бірақ бұл жолы жай бақылау емес, нақты айғақ табу керек.
— Біз Аянды құтқармайынша тоқтамаймыз, — деді Айбек.
— Қауіпті болса да… — деп қосты Нұрсұлтан.
Сол түні олар жаңа жоспар құрды. Ендігі мақсаттары – Аянды өз күштерімен құтқарып алу.
Айбек пен Нұрсұлтан кешке қарай тағы да жолға шықты. Бұл жолы қолдарына шағын фонарь мен ұялы телефондарын алған. Тағы үш жарым сағаттай жол жүрді. Әне-міне дегенше межелі жерге жақындап та қалыпты. Дереу аттарын алыстау шідерлеп, ақырын үй жанына жақындады. Бірақ үй іші тым-тырыс болатын. Ақырын үй ішін терезесі арқылы сүзіп қарап шықты, алайда, ешкім жоқ. Екеуі ары қарай жүріп еді, алдарынан топыраққа терең түскен аяқкиімнің ізі шықты, олар сай жаққа қарай кетіп барады екен.
— Көрдің бе? — деді Айбек сыбырлап. – Бұл із тек малшыға ғана тиесілі емес сияқты.
— Иә, бірнеше аяқкиім ізі бар.
Екеуі ізібен жүріп отырып қалың шөптің арасынан жасырын соқпақты тапты. Ол соқпақ сайдың түбіне қарай түсіп, бір тастың қуысына жетеледі.
— О, мынау үңгір ғой! — деді Нұрсұлтан таңданып.
Шынында да, үлкен тастың түбінде қуысы бар екен. Сыртына бұтақтар мен қураған шөптер жауыпты. Екі бала абайлап ішіне үңілді.
Іштен әлсіз дыбыс шықты. Біреу жөтелгендей болды.
— Бұл… Аян болуы мүмкін! — деді Айбек жүрегі атқақтап.
Екеуі іштей қорқып тұрса да, өздерін жігерлендіре ішке кірді. Фонарь жарығын түсіргенде, шындық анықталды. Үңгір ішінде Аян отыр екен! Беті кір-қожалақ, киімі жыртылған, көзі шаршаңқы.
— Айбек! Нұрсұлтан! — деп ол дауыстап жіберді.
Үшеуі қуана құшақтасты. Бірақ Аян бірден сыбырлап:
— Тыныш! Ол қазір қайтып келуі мүмкін. Мені осында жасырып жүр…
Айбек шошып кетті.
— Кім? Ол неге сені ұстап отыр?
Аян біраз кідіріп, сыбырлап жауап берді.
— Ол кісі менің бір құпияны білгенімді қаламайды. Егер айтсам, сендерге де қауіпті болуы мүмкін… Мені осында ұстап отыр…
Дәл сол сәтте сырт жақтан адамдардың дыбысы естілді.
— Жатырсыңдар ма? — деген қатқыл дауыс естілді.
Балалар бір-біріне үрейлене қарасты. Малшы оралып келе жатқан сияқты…
Балалардың жүректері дүрсілдеп қоя берді. Үңгірдің аузына қарай қолфонарьдың әлсіз жарығы түсті. Аяқ дыбысы жақындай түсті.
— Не істейміз? — деді Нұрсұлтан сыбырлап.
— Тыныш тұрайық, мүмкін бізді байқамас, — деді Айбек үміттеніп.
Аян болса басын шайқап:
— Жоқ, ол бәрібір байқайды. Әр күн сайын осында келеді, менің бар-жоғымды тексереді, — деді.
Сол сәтте үңгірдің аузына көлеңке көрінді. Малшы ішке еңкейіп қарады. Фонарь жарығы баланың жүзіне түсті.
— Міне, сендер қайдасыңдар! — деді ол ашулы үнмен. – Жоғалған балаға достары да қосылды ма енді?
Айбек пен Нұрсұлтан дірілдеп тұрды. Бірақ Аян батылданып:
— Жетер! Енді сырыңды бәрі біледі, — деді.
Малшы олардың алдына жақындап, қатқыл дауыспен:
— Ешкім ештеңе білмейді! Бұл жерге келгендер қайтып шықпайды! — деп қолын көтерді.
Айбек қорыққанымен, кенет бір айласын ойлап тапты. Ол қолындағы кішкентай қолфонарьды бар күшпен малшының бетіне туралай лақтырып жіберді. Фонарь сөнгенімен, малшының көзіне тиді. Ол «Әй!» деп айғайлап, шегініп қалды.
Осы сәтті пайдаланып, балалар үшеуі бірдей сыртқа қарай жүгірді. Үңгірдің аузы тар болғандықтан, бірінен соң бірі шығып, қаша жөнелді.
— Тезірек! — деді Нұрсұлтан.
Арттарынан малшының жерді ойып жіберердей ауыр адымдай қуғаны естіледі, шамасы жүгіріп келе жатса керек. Ол:
— Тоқтаңдар! — деп айғайлады.
Балалар сайдың қалың шөбін жара жүгіріп келіп, қалың шөп арасына шідерлеп қойған аттарына мініп алып, ауылға қарай шаба жөнелді. Айбек пен Аян бір атқа мінгесе, ал Нұрсұлтан өз атымен бұлардың соңын ала келеді. Бірақ түн қоюланып, жол көрінбей бара жатты…
Түн болғасын аттар еркін көсіліп, бауырын жаза алмай келеді. Соған қарамастан балалар атты тебініп, барынша суыт келе жатты. Ай сәулесі әлсін-әлсін бұлттың арасынан шығып, жолдарын сәл ғана жарық қылады. Осы кезде олар еркін жүйтки жолды өндіріп алады. Соңдарына да құлақ түріп келе жатқан балаларға арттарынан малшының атпен қуып келе жатқаны естіліп тұрды.
— Тезірек! Ол қуып келеді! — деді Аян ентігіп.
— Жолды таба аласың ба? — деп сұрады Айбек.
— Сайдың үстінде ескі көпір бар, соған жетсек, ауылға таяқ тастам ғана қалмай ма! — деді Аян.
Түнгі ылғалдан ба шөп суланған, жер тайғақтау еді, ат бір тайған тұста Аян оң жаққа қарай қисайып құлауға шақ қалды. Айбек дереу досының иығынан тартып, түзеліп кетуіне көмектесті. Ат шабысының сәл баяулағаны бұлардың ісіне кедергі болыпты, артқа бұрылып қараса, малшы жақындап қалыпты, анадайдан қараңдап көрінеді.
— Қолыма түсесіңдер әлі! — деп айғайлады ол.
Балалар көпірге жеткенде жүректері үзіліп кете жаздады. Өйткені көпірдің кей тақтайы сынып, шіріп кеткен екен. Бұл жерден жаяу жүріп өтпесек, атпен қоса өзенге құлайтынымыз анық, — деді Айбек.
— Өтпесек болмайды! — деді Аян.
Олар аттарды көзден сәл тасалау жерге шідерледі, ойлары ертеңіне келіп мініп қайтпақ, сонан соң өздері көпірден абайлап өте бастады. Тақтайлар сықырлап, кейбір жері сынып кетті. Нұрсұлтан аяғы тайып кетіп, төмен қарай сырғып бара жатты. Айбек қолынан ұстап үлгерді.
— Жіберме! — деді Нұрсұлтан көзі шарасынан шыға жаздап.
— Жібермеймін! — деп Айбек бар күшін салды.
Үшеуі әрең дегенде көпірден өтіп шықты. Ал артынан жеткен малшы бір тақтайды басып еді, көпірдің сол бөлігі сынып, ол төмен қарай ұшып түсті.
Балалар бір сәтке үнсіз тұрып қалды. Тек сарқырап аққан су мен тастың арасынан ерекше бір гүріл естіледі.
— Ол құлап кетті… — деді Нұрсұлтан дірілдеп.
— Бірақ біз тоқтамауымыз керек. Жүріңдер ауылға! — деді Айбек.
Олар қайтадан ауылға қарай жүгірді. Түн бұларға ұзақ болып көрінді, бірақ таң атқанша үлкен сыр ашылардай сезілді…
Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ,
Қызылорда қаласы
(Басы өткен санда. Жалғасы бар)
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!