Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоғалған сыныптас

11.12.2025, 9:40 63

Тау – мәңгілік асқақтық нышаны. Қарасаң, көк аспанға тірелгендей, биіктеген са­йын айбарлы болып көрінеді. Самал жел етегі­нен сайы мен саласын қуалай ескенде шөп басы толқып, тып-тыныш жатқан табиғат бір сәтке жанданып сала береді, бейне сырымен бөліскендей  болады.

Тау бөктерінде жайқалған көк майса, иығында аппақ қар жамылған шың жатыр. Кей шыңның басын қалың тұман құшақтап, қымтаған көрпесін ашқысы келмеген баладай бүркеніп алады. Алыстан қарағанда сол тұман көл тәрізді, тұтаса жайылып, көкпен астасып кеткендей. Бұрқырап аққан бұлақтар тасты жарып өтіп, мөлдірлігінен күн сәулесі шағылысады. Құлаққа құстың әуені мен судың сылдыры жеткенде, жүрек тынышталып, көңіл нұрға  толады.

Сол көк тіреген таудың етегінде «Таң» ауылы орналасқан. Ауылдың басты кәсібі – мал шаруашылығы. Балалар алты-жеті жастан бастап мал жайып, атқа мініп, үй тіршілігіне араласып, он үш-он төрт жаста өзін ересек адамдар секілді ұстайтын. Ауыл шағын болғандықтан ішінде әңгіме, сөз жатпайтыны белгілі. Қазір ғана мына жақта айтылған әңгіме лезде ауылдың  екінші  шетіне  жетеді.

Таңғы сағат 08:00. Ауыл балалары мектепке келе жатыр. Айбек, Нұрсұлтан, Аян үшеуі 9 «А» сыныпта оқитын. Үлгерімдері жақсы, қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысады, достары арасында сыйлы. Бірақ, бүгін Аян сабаққа келмеді. Сыныптастардың барлығы оны «кешігіп келе жатқан болар» деп ойлады, одан соң екінші, үшінші сабақтарға келмеген соң «ауырып қалған шығар» деген ой түйді. Алайда Аянның достары Айбек пен Нұрсұлтан бұл жайтқа  бейжай  қарай  алмады.

— Әй, Нурка! Аян қайда өзі? — деді Айбек таңдана.

— Білмеймін,  —  деп  жауап  қатты  Нұрсұлтан, – әдетте  ол  бұлай  болмайтын.

— Не болса да Аянның үйіне бару керек, досымыздың хал-жағдайын біліп қайтайық, — деді  Айбек.

Жолда келе жатып Айбек ұялы телефонмен Аянға хабарласты. Сөндірулі тұр… «Апыр-ай, аманшылық  болғай  да»  деді  Нұрсұлтан.

Ауыл шетінде орналасқан шағын үйдің алды бос, қақпа алдында ешкім жоқ. Есікті Аянның анасы  Айнаш  ашты. Көзі қызарып кеткен.

— Балаларым, Аянды көрмедіңдер ме? Түнде жылқы іздеп кетіп еді, міне, түс ауды, әлі жоқ. Телефоны да өшірулі…  Мен біршама жерді іздедім, таппадым, — деді Айнаш апа көз жасына ерік  беріп.

Сол кезде есік алдынан аттың кісінеген дауы­сы естілді. Барлығы Аян келген болар деп сыртқа шыққанда тек аттың өзі ғана келгенін, Аянның  жоқ  екенін  көрді.

Аянның жоғалғаны туралы ауылға лезде тарады. Әдетте тыныш ауылда мұндай оқиға сирек болатын. Тіпті үлкендер де бір-бірінен сұрастырып, әр аулада осы жайт әңгіме болды. Сол күні ауыл тұрғындары өздері іздеп көргенімен нәтижесіз болған соң, полицияға хабар берді. Көп уақыт өтпей полиция қызметкерлері келіп, тергеуді бастады.

Аян бала кезінен әкесіз өскен болатын. Үйінде анасы және екі қарындасы бар. Үй тіршілігі Аянның мойнында болғандықтан, барлық іске аса жауапкершілікпен қарайтын-ды. Аянның әкесі ертерек қайтыс болып кеткен. Ауыл тұрғындары бұл жайлы сөз етуді жақтырмайды, себебі оның өлімі адам қолынан болған деген ұсақ әңгімелер айтылатын. Алайда Аянның әкесі және оның өлімі жайлы нақты ешкім ешнәрсе білмейтін, сондықтан болар, олар бұл тақырыпты әсте қозғамайтын.

Тергеу жедел басталғанымен, Аянның жазық далада із-түссіз жоғалып кеткені қиындық тудырып, полиция қызметкерлерінің іздеу айма­ғы  кеңейе  түсті.  Бұл жағдайға бейжай қарап отыра алмаған Айбек пен Нұрсұлтан екеуі Аянды іздеуге өз септіктерін тигіземіз деп бекіді. Нұрсұлтан мен Айбек үйге қайтып бара жатқанда телефондағы сыныптастар чаты да қыза  түсті.

— Аян  қайда  кеткен  болуы  мүмкін?

— Біреу көрмеп пе?

— Анау тау арасындағы үңгірлерге бармаса болар еді, жын-шайтан мекен ететін жер емес пе…

Балалардың әңгімесі әртүрлі болжамға толы еді. Бірақ нақты ешкім ештеңе білмейтін. Айбек қолындағы телефонын қатты қысып:

— Біз бұлай қарап жүре алмаймыз. Өзің ойлап қарашы, кеше ғана бәріміздің жанымызда жүрген. Ал, бүгін жоқ. Мүмкін бір жерге кетіп қалып, оны біреу көрген шығар? Аттан құлады дейін десең, оның құлауы мүмкін емес. Сыныбымыздың ең қарулысы әрі аттың құлағында ойнатыны  емес  пе  еді  ол, — деді  Айбек.

Нұрсұлтан басын изеді. Оның ойына кешегі бір  көрініс  түсті.

— Есіңде ме, кеше кешке біз ауыл сыртынан мал қайырып өтіп бара жатқанда, иесіз ескі қораның жанында шідерлеулі тұрған бөтен екі атты  көріп  едік  қой.

Айбек бірден елең етті.

— Мүмкін, солардан болар бәленің бәрі?

Бұл ой екеуін де мазалады. Қора ауылдан екі-үш шақырымдай қашықта орналасқан, бұрынғы малшылардың тастап кеткен орны болатын. Қазір анда-санда ғана біреу мал айдап  келіп  паналайтын.

— Мен атымды  ерттеп, сол жерге барып қайтайын. Сен ше? — деді  Айбек.

— Мен де атпен шығамын. Бірге барамыз, — деді  Нұрсұлтан.

Олар аттарына мініп, ауыл шетіндегі жолға түскенде күн кешкіріп қалған еді. Күн бата дала тыныштала бастады. Құстардың үні басы­лып, тек  алыстан  иттердің  үргені  естіледі.

Қораға жақындағанда екеуінің жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Құм жиегінде жатқан бір зат көзге  түсті.  Нұрсұлтан  тоқтап,  жерге  түсті.

— Бұл… дәптер ғой! — деді ол.

Айбек алып қараса, шынымен де Аянның дәптері  еді. Ішінде  «Аян С.» деген аты да жазу­лы  тұр. Қасында тағы бір қалам жатыр. Бірақ ең таңғаларлығы – топырақта айқын көрінген аяқ ізі болды. Екеуі де талай жоғалған малды  іздеп тауып жүрген, із кесу тәжірибелері  бар  болатын.

— Бұл із… Кеше кешке түскен сияқты, — деді Нұрсұлтан ақырын.

Айбек үнсіз қалды. Бір сәтте екеуінің бо­йын үрей биледі. Достарының жоғалуы жай ғана кездейсоқтық  емес  сияқты  көрінді  оларға…

Айбек дәптерді қолына ұстап тұрып, бір сәтке үнсіз қалды. Дәптердің шеттері шаң басып, ылғалдан сәл бүлінгендей еді. Бірақ, соңғы бетіне дейін Аянның жазуы тұр. Бұлар білмепті, Аян өлең жазады екен. Дәптер іші толған өлең шумақтары. Бұл – оның осы маңда болғанына  анық  дәлел.

— Демек, ол шынымен осы жерге келген, — деді  Нұрсұлтан  төмен  қарап.

Олар ізге көз жүгіртті. Іздің бірі кішкентай, баланыкі сияқты, екіншісі әлдеқайда ірі еді. Бұл  ой  екеуін  де  мазасыздандырды.

— Мынаны қара, — деді Айбек, – үлкен із қора жақ беттен тура тауға қарай кетіпті, ал мына кішкентайы… Осы жерде кенет тоқтап қалған  сияқты.

— Яғни, Аянды  біреу осы жерден алып кеткен  болуы  мүмкін  бе?

Сол сәтте екеуінің бойын белгісіз бір қор­қыныш биледі, алайда ол мезеттік қана сезім еді, олардың санасында достарын құтқару керек­тігі үстемдік құрып, өздеріне сенімі күшейе түсті.

Олар қораға қарай жүрді. Қараусыз қалған қора қабырғаларының кей жері үгіліп, іші қаңырап, есігі қисайып тұр екен. Қора ішінде ештеңе жоқ, ары қарай үйге жақындағанда, сыртқы есігінің кірпішпен тіреулі тұрғанын көрді. Терезесі арқылы үй ішін қарап шығып ештеңе таппаған соң Айбек ақырын Нұрсұлтанға  қарап:

— Тауға қарай кеткен ізге түсеміз-ау, — деді

— Солай жасағанымыз дұрыс секілді, бұл жерден ештеңе таппадық, мүмкін сол жақтан табармыз, — деді Нұрсұлтан.

Екеуі тауға қарай кеткен ізді қуалап жүре берді. Шамамен бір жарым сағаттай жүрген соң алдарынан тау етегіне орналасқан лашыққа кезікті. Лашық ішінен сығырайып жарық көрінеді. Екеуі дереу аттарын байлап, ақырын лашыққа қарай жақындай түсті. Ішінен әлсіз дыбыс шыққандай болды. Екеуі демдерін ішіне тартып, жақындай түсті.

— Дыбыс естідің бе? — деді Айбек сыбырлап.

— Иә… Біреу сөйлеп жатқан сияқты…

Лашыққа жақындай бергенде, ішінен бір ер адамның жуан дауысы шықты.

— Ертеңге дейін бәрін реттеп қойыңдар. Бұл бала…

Арғы жағы дұрыс естілмеді. Айбек пен Нұрсұлтан тізерлей қалып, лашықтың терезесі мен қабырға арасындағы саңылаудан сығалады. Іште сақал-мұрты өсіп кеткен бір ер адам отыр екен. Қасында мал жемдеуге арналған дорбалар, қаптар бар. Бірақ екеуі Аянды көре алмады.

Кенет ер адам орнынан тұрып, сыртқа беттеді. Балалар қорқып, тез шегінді де, қалың шөптің арасына тығыла қалды. Әлгі ауыр қадаммен  алыстап  кеткенше,  дем  алмастан  отырды.

— Көрдің бе? — деді Нұрсұлтан ақырын.  – Бейтаныс  біреу  лашықты  паналап жүр екен.

— Иә, және ол біреумен сөйлесті. «Бұл бала» деген  сөзді  анық  естідің  бе?

Айбек басын изеді. Осы кезде екеуі бір нәрсені байқады. Лашықтың арғы жағында жартас­қа қарай апаратын із бар екен. Сол іздің бірі үлкен кісінікі, екіншісі тағы да кішілеу, баланы­кіндей болып көрінді.

— Аян сол жақта болуы мүмкін, — деді Айбек.

Бірақ дәл сол сәтте  жартас  жақтан әлсіз жөтел естілді. Бұл баланың жөтелі еді.

Нұрсұлтан мен Айбек бір-біріне қарасты. Жүректері дүрсілдеп атқақтай соқты.

— Демек, ол шынымен осында… — деді Айбек сыбырлап.

Айбек пен Нұрсұлтан жүректері аузына тығылса да, лашыққа қайта үңілді. Іште әлсіз қимыл байқалды. Біреу орын ауыстырғандай болды. Жарық жоқ, тек саңылаудан түскен ай сәулесі ғана аздап шағылысып тұр.

— Ішінде біреу бар екені анық, — деді Айбек сыбырлап.

— Егер ол Аян болса ше? — деді Нұрсұлтан алаңдап.

Осы ой екеуін де толқытты. Олар есікке таяй бергенде, арттарынан ауыр қадам естілді. Екеуі селт етіп, артына қарағанда, лашықтағы бейтаныс адам екен. Пошымы малшы сияқты.

— Сендер мұнда не істеп жүрсіңдер? — деп гүр етті ол.

Дауысы қатқыл, көзі суық еді.

Айбек пен Нұрсұлтан сөз таба алмай, бір-біріне жалтақтады.

— Біз… Жай ғана… Лашықты қарап шыққымыз келді, — деді Нұрсұлтан сасқалақтап.

— Бұл жерге жоламаңдар! Бұл – менің жерім. Тағы бір көрсем, әке-шешелеріңе айтамын, директорларыңа шағымданамын! — деп айғайлады ер адам.

Екеуі аттарына мініп, ауылға қарай асығыс шаба жөнелді. Бірақ артқа бұрылғанда, лашық маңында тұрған ер адамның көзқарасы олардың жандарын одан сайын түршіктірді.

Жолда Айбек сыбырлап:

— Сен оның көзін көрдің бе? Біртүрлі… Бізді білгендей қарады.

— Иә… Және ол лашықты бекер күзетіп жүрген жоқ. Ішінде бір нәрсе, не біреу бар.

Нұрсұлтан ойланып қалды.

— Біз мұны үлкендерге айтсақ қайтеді?

— Не деп айтасың, далада қалған иесіз лашық ішінен адам көрдік деп пе? Керісінше бізді күлкі қылады.

Осылай екеуі ауылға қайтып келді. Бірақ ойларынан лашықтағы көрініс кетпеді.

Түнде Айбек ұйықтай алмады. Құлағына әлсін-әлсін лашықтағы ер адамның дауысы келеді. «Бұл бала…» деген сөздері санасында жаңғырып  тұрды.

Кенет телефоны шыр етті. Нұрсұлтаннан хабарлама келген екен.

— Ертең түнде қораға қайта барайық. Біз бәрін анықтауымыз керек.

Айбек ойланып жатпады. Жауабы қысқа болды.

— Жарайды.

Осылайша екі дос тағы бір қауіпті қадам жасауға бекінді.

Келесі күні екеуі бірге мектепке келе жатты. Ауыл мектебінің ауласында балалар әдеттегідей шулап, сабақ басталғанша асық ойнап, бір-бірімен жарыса әңгімелесіп жатты. Тек тоғызыншы сынып оқушылары ғана әдеттегідей емес, көңілдері түсіңкі.

Сабақ басталды. Бірақ Айбек пен Нұрсұлтанның ойынан кешегі қорадағы көрініс кетпеді. Сабақта да екеуі бір-біріне сыбырлап сөйлесіп  отырды.

— Бүгін түнде барамыз ба? — деді Айбек.

— Иә. Бірақ бұл жолы сақ болуымыз керек. Ол оңай адам емес сияқты.

Кешкісін ауылдың үстіне қою қараңғылық түсті. Екеуі қолшамдарын алып, аттарына мініп, жапандағы иесіз қораға қарай жол тартты.

Ауылдан алыстаған сайын жүректері қаттырақ соға бастады. Түнгі дала тым-тырыс. Тек алыстан естіліп тұрған иттердің үргені мен шегірткелердің  шырылы  ғана  бар.

Әлгі лашыққа екі жүз метрдей қалғанда екеуі аттарын қалың ағаш тасасына, шөп арасына шідерлеп, өздері ақырын ғана лашыққа қарай жүрді. Қора сыртында жан жоқ. Ақырын лашықтың ішін сүзе, тінте қарады. Алайда ешкім  көрінбеді.

— Бұлар қайда? — деді Айбек.

— Біз кешігіп қалған жоқпыз ба? — деді Нұрсұлтан.

Екеуі лашық ішін толық қарап шықты. Бейне кеше мұнда адам болмағандай… Тіпті орнын  сыпырып  та  кетіпті.

Айбек қолшамын жағып, лашықтың арғы жағына орналасқан жартасқа қарай беттеді. Бірақ ол жерде де ештеңе жоқ, тіпті біреу әдейі орнын тазалап кеткен секілді. Себебі, желден, жәндіктерден мұндай із қалмайтыны белгілі. «Ал бұл жерді біреу сыпырып, тазалап кеткенге ұқсайды» деп жорамалдады Айбек. Содан кейін ол лашықтың сырт жағын қарап, із кесе бастады. Оны көрген Нұрсұлтан да кірісіп кетті. Бір кезде «таптым» деген Айбектің дауысы шықты.

— Не таптың? — деді Нұрсұлтан жүгіріп келіп.

— Мына тезекті көрдің бе?! — деді Айбек.

Ол үңіліп қараса, шынымен де аттың тезегі екен. Жаңа… Әлі толық кеуіп үлгірмеген… Жанынан екі аттың ізі көрінеді.

— Демек, олар біздің келетінімізді біліп, ертер­ек кетіп қалған болды ғой, — деді Айбек.

— Иә!

Күрсіне басын изеді Нұрсұлтан.

— Енді не істейміз? Менің ойымша тек бір-ақ амал бар секілді, соңдарынан еру керек, — деді Айбек.

Нұрсұлтан бірден келісіп, екеуі аттарына мінді де, ізге түсті.

Түн ортасы таяп қалған болуы керек. Екеуінің жүргеніне екі сағаттан асып кетті. Әлі ізбен келе жатыр. Бұндай алысқа бұрын-соңды екеуі шығып көрмегендіктен бойларында сәл қорқыныш та бар. Екеуін де «Әлгі бөтен адамдар кезіксе не істейміз? Әлде Аянды жасы­рын алып қашу керек пе?!» деген ойлар мазалап  келе  жатты.

Бір кезде олар алыстан сығырайып жанған жарықты байқады. Екеуіне де бірден «жын-шайтан көрінді» деген ой келді. Себебі, олар ауыл қарияларынан айдалада түнгі мезгілде жүргенде жын-шайтан жарық болып кезігіп, жолаушыларды адастырып әкетеді дегенді көп еститін.

— Нұрсұлтан, көріп тұрсың ба? Әлде мен ғана көріп тұрмын ба?

— Иә… Мен де көріп тұрмын.

— Бұл не екен?

— Мен қорқайын дедім, Айбек, бара-бара не боп барады өзі. Аянды іздеп жүрген секілді едік. Енді қалғаны жын-шайтан болды ма? Үйге қайтамыз-ау осы жерден, — деді Нұрсұлтан.

— Жоқ. Көз – қорқақ, қол – батыр. Біз екеу­міз ғой… Қамшымыз да, пышағымыз да бар… Неге қашамыз… Мүмкін бұл Аян шығар бізді іздеп жүрген. Тәуекел етіп көрелік, осыншама жер жүріп келіп, бір жарықты көргенде қаша жөнелеміз  бе? — деді  Айбек.

Бұл сөз Нұрсұлтанды сәл жігерлендірді ме, әлде жалғыз қайтуға қорықты ма, Айбектің ұсынысына келісіп, екеуі бірге жарыққа қарай жақындай  бастады.

Шамалы жүрген соң бұл үй ішінен сыртқа шашырай көрініп тұрған шамның жарығы екені байқалды. Есік алдында көне «УАЗ» көлігі мен үш ат тұр. Демек, үй ішінде адам көп деген сөз. Екеуі аттарын тағы да сәл арырақ байлап, ақырын жүріп үйге жақындай түсті. Кенет қора есігі сықырлап ашылды. Балалар қалың шөптің арасына тығыла қалды. Шам ұстап шыққан кеше өздері малшы болар деп долбарлаған кісінің жанында бір жасөспірім жүрді. Бойы, жүріс-тұрысы… Бәрі таныс.

Айбек сыбырлап жіберді:

— Бұл… Аян ғой!

— Т-с-с…

Жарық баланың бетіне түскен сәтте екеуі де оны анық көрді: шынында да ол жоғалған сыныптасы еді. Бірақ бет-аузы күйелеш-күйелеш, киімі шаң, қолына шелек ұстап келе жатыр.

Әлгі адам оған қатқыл дауыспен бұйрық берді.

— Жылдам жүр! Таң атпай қораны тазалаймыз.

Аян үндемей басын изеді.

Осыны көрген Айбек пен Нұрсұлтанның көздері шарасынан шықты.

— Ол  неге  үндемейді? Неге бізді байқамады? — деді  Нұрсұлтан  сыбырлап.

Айбек  басын  шайқады.

— Білмеймін… Бірақ ол  мұнда  еркімен  жүрмеген  сияқты.

Екеуі демдерін іштеріне тартып, әлгі кісі мен Аян алыстап кеткенше қозғалмай отырды.

— Енді бізде күмән жоқ, — деді Айбек ақырын. – Аян осы қорада жүр. Бірақ неге?

Бекмухамбет  ӘБДРАСУЛЛАЕВ,

Қызылорда  қаласы

(Жалғасы  бар)

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: