Соңғы жылдары қоғамда жиі айтылып жүрген ұғымдардың бірі – дропперлік. Бұл сөз алғаш естіген адамға беймәлімдеу көрінуі мүмкін, алайда оның астарында қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі қаржылық алаяқтық пен киберқылмыстың көлеңкелі механизмі жатыр. Дропперлікті көбі алғашында жай ғана «біреудің орнына есепшот ашу» немесе «банктік карта беру» деп қабылдауы мүмкін. Алайда, ол – заң алдындағы жауапкершілігі ауыр, әлеуметтік салдары күрделі нәрсе.
Жалпы айтқанда, дропперлік дегеніміз – өз атына банктік карта, есепшот немесе электронды әмиян ашып, оны үшінші тұлғаларға белгілі бір сыйақы үшін беру әрекеті. Бұл қарапайым іс-әрекет болып көрінгенімен, оның түпкі мәні – қылмыстық схемаларға қатысу. Өйткені мұндай карталар мен есепшоттар көбіне алаяқтық жолымен жиналған қаражатты заңдастыру, «ізін жасыру» үшін қолданылады. Дроппер өзінің карта арқылы нақты алаяқтықты жасамаса да, ол тікелей қылмыс тетігінің бір бөлігіне айналады.
Дропперліктің қауіпті тұсы – оның сырт көзге «қалыпты» көрінуінде. Жастардың көбі мұны оңай табыс көзі, «еш зияны жоқ көмектесу» деп қабылдайды. Әсіресе, телеграмм желісінде осы шамадағы жарнамалар өршіп жүр. Ал шын мәнінде бұл әрекет банктік және қылмыстық заңнаманы бұзу болып саналады. Көп жағдайда дропперлердің өздері алданып қалады: алғашқыда аздаған табыс тапқанымен, кейін құқық қорғау органдарының назарына ілініп, ауыр жазаға тартылуы әбден мүмкін.
Дроппер арқылы жасалатын қылмыстардың ең бастысы – ақшаны жылыстату. Яғни, заңсыз жолмен алынған қаражат дроппердің атына тіркелген шоттар арқылы айналып өтеді де, ізін жасыру жеңілдейді. Сонымен қатар мұндай карталар алаяқтық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға, рұқсатсыз төлемдер жасауға пайдаланылады. Осылайша дроппер қылмыстың негізгі ұйымдастырушысы болмаса да, соның схемасына тікелей қатысып қалады.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың өзінде ел бойынша дропперлік әрекетке байланысты 1 200-ден астам сот үкімі шығарылған. Бұл мұндай қылмыстың жекелеген оқиға емес, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Көп жағдайда дропперлер бейтаныс адамдарға банк картасын пайдалануға рұқсат беріп, кейін өздері алаяқтық фактілері үшін жауапқа тартылған.
Жақында Қазақстанда дропперлікке байланысты арнайы заң қабылданды. Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіліп, банк шотын немесе картаны бөтен адамдарға беру қылмыс ретінде танылды. Егер адам өз атына ашылған шотты басқаға пайдалануға берсе, ол үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал заңсыз төлемдер мен ақша аударымдары үшін жаза 5-7 жылға дейін жетеді. Дегенмен, егер дроппер алғаш рет осындай әрекетке барған болса, өз еркімен құқық қорғау органдарына хабарласып, істің ашылуына көмектессе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
Тағы бір өзекті мәселе – «негізсіз баю» ұғымы. Қазіргі заңнамаға сәйкес, егер дроппердің шотына заңсыз қаражат түссе, ол адам тікелей алаяқтыққа қатыспаса да, сот арқылы ақшаны қайтаруға міндеттеледі. Мұндай жағдайларда кей азаматтар «бекерден-бекер кінәлі» болып, материалдық шығынға ұшырап жатады. Өйткені олардың көпшілігі мұндай әрекеттің салдары қандай болатынын толық түсінбеген.
Заңнама толығымен жүзеге аспаса да, аталған факті бойынша бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың қарасы аз емес. Соңғы жылдары елімізде дропперлік схемаларға қатысы бар азаматтар ұсталып, олардың істері тергеліп келеді.
Мәселен, 2025 жылы Астанада 20 жастағы жігіт қолға түсті. Ол өзіне тиесілі деректер мен банк карталарының реквизиттерін алаяқтарға бергені анықталды. Тергеу деректеріне сүйенсек, оның шоттары арқылы бөгде адамдардың заңсыз аударымдары жүргізілген. Бұл іс қазірдің өзінде құқық қорғау органдарының бақылауында, ал күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алматы облысында да дропперлік топтың қызметі әшкереленді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бірнеше адамның қатысуымен құрылған топ азаматтардың сенімін пайдаланып, банктік операциялар арқылы заңсыз қаржы айналымын ұйымдастырған. Топтың жылыстатқан қаржысының жалпы көлемі бірнеше миллион теңгеге жеткені айтылады.
Мұндай жағдайлар жеке деректерді бөтен адамдарға берудің қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. «Жай ғана көмектескендей» көрінген әрекет бір сәтте өзіңізді қылмыстық іске тартуы мүмкін. Қаржы мониторингі агенттігі де бірнеше рет ескерткен: әр азамат өзінің картасы мен шотындағы кез келген операция үшін заң алдында жауап береді.
Осы тұрғыда атаулы схеманың құрбаны болған азаматпен тілдескен едік. Ол бір кездері белгісіз адамға картасын бергеніне қатты өкінеді. Аты-жөнін жасырған тұлға өз қателігін алдағы уақытта ешкім қайталамағанын қалайды.
– Менің шотым арқылы біреулер ақша аударғанын білгенде, бастапқыда мән бермеп едім. Өзім ешкімді алдаған жоқпын, ешқандай заңсыз әрекет жасаған жоқпын деп ойладым. Кейін құқық қорғау органдары хабарласып, азаматтық сотқа шақырды. Сөйтсем, менің шотым арқылы өткен қаражат алаяқтықпен алынған екен. Сотта «негізсіз баю» бабы бойынша жауапты болдым. Ақыры 200 мың теңгені өндіріп беруге міндеттелдім.
Мен үшін бұл өте ауыр сабақ болды. Өйткені ойлап қарасаң, шынында ешқандай қылмыс жасамағандайсың, тек картамды қолдануға рұқсат бергенмін. Бірақ заң алдында бұл – қылмысқа қатысумен тең. Алаяқтар болса, іздерін жасырып үлгеріп кетеді. Ал зардабын мен сияқты қарапайым адамдар тартады.
Осы оқиғадан кейін өзгелерге айтарым – ешқашан картаңды, шотыңды бөтенге бермеу. «Жеңіл ақша» деп қызығып, өзіңді опық жегізіп алу оп-оңай. 200 мың теңге біреуге аз көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін бұл үлкен соққы болды, — дейді ол.
Дропперлік сырттай жеңіл әрі зиянсыз болып көрінгенімен, түбінде күрделі қылмыстық схемаларға жол ашады. Ең өкініштісі, мұндай әрекетке көп жағдайда қарапайым жастар немесе оңай табысқа қызыққан адамдар түсіп қалатыны.
Жаңа заңның қабылдануы – мемлекет үшін уақыт талабынан туған шешім. Енді дропперлікке қатысқандарға нақты жаза қарастырылған. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдарына қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан қоғамға айқын ескерту болып отыр: «жеңіл ақша» деген нәрсенің артында әрдайым ауыр зардап жатады.
Алайда, мәселе тек жазалауда емес. Қоғамды ақпараттандыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – дропперлікпен күрестің басты тетігі. Себебі нағыз қорғаныс – әр адамның санасында.
Х.ҚАСЫМХАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!