Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеке сот орындаушыларының жұмысы өте қауырт

27.02.2025, 9:20 36

Айбол  АУКЕНОВ,

Қызылорда  облысының  жеке  сот  орындаушылары  Өңірлік  палатасының  жеке  сот  орындаушысы:

Қала көшелеріндегі билбордтардан «Әке, алимент төлеші!», «Әке болу оңай, әке болып қалу қиын…» деген сынды алимент төлеуге қатысты жантебірентерлік жазбаларды жиі көріп жүрміз. Шыны керек, бұрын ерлі-зайыпты болған жандардың арасындағы кикілжің, ұрыс-керіс, түсінбеушілік пен өшпенділік балаға заңды түрде төленуі тиіс қаржыға еш кедергісін тигізбеуі керек. Десе де, қазіргі уақытта борышкерлер қатары көбейіп келеді. Осы орайда, Қызылорда облысының жеке сот орындаушылары Өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Айбол Аукеновтен алиментті борышкердің ақшасынан өндіріп алу тәртiбiн сұрап, сот орындаушыларының берешекті айқындау процесіне ерекше тоқталған едік.

– Алғашқы сұрағымыз, жалпы бо­рыш­кердің ақшасын  өндіріп  алу  процесі  қалай  жүзеге  асады?

– Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республика­сының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261-IV Заңындағы 9-тарау осы сіз айтқан сұраққа арналған. Яғни, қаражатты борышкердің ақшасынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алуға әбден болады. Бұл  заң  жүзінде  іске  асады.

Демек, атқарушылық құжатты орындауда бір жүз айлық есептік көрсет­кіштен аспайтын соманы өндіруде борышкердің мүлкі болмағанда немесе оны өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз  саналғанда  қолданылады.

Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады. Онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқару­шылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс беру­шiге  немесе  борышкер одан кіріс  алатын  тұлғаға  жiбередi.

Ерекше айта кететін жайт, сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақытылы ұс­талуына, ұсталған соманың өндiрiп алушыға  уақытында жiберiлуiне ба­қылау жасап отыруы керек. Ол оған міндетті  саналады.

Сонымен  қатар, борышкер  жұ­мыс­тан  босатылған  жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi немесе борышкер одан кіріс алған тұлға бұл жөнiнде сот орын­даушысына үш күн мерзімде хабар­лама  жiберуге  міндетті.

– Өмір болған соң түрлі жағдай кездесе­ді ғой. Бас бостандығынан  айы­рылған  борышкерлерге  қатысты заң  не  дейді?

– Бұл туралы Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы Қазақ­стан Республикасының Кодексінде жазылған.

Осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақ­стан Республикасындағы орта­ша  айлық  жалақының  мөлшері негіз­ге  алынады.

Бас бостандығынан айыру орын­дарында  жазасын  өтеп жатқан адам­дар үшін, егер борышкер осы кезең­де жұмыс істемеген болса, алимент бо­йынша берешек бір айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде  айқындалады.

– «Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқын­дайды» деген бар. Осыны  тарқатып  өтсеңіз…

– Негізінен, мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады. Сот орындаушысы берешек айқындалғаннан кейін үш жұмыс күнінде қаулыны танысу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарына жібереді. Егер берешек өтелсе, қол­да­нылған  шаралар  тоқтатылады.  Бұл – белгілі  жағдай.

Ал, берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақытта борышкер алатын нақты жалақы­ны  не  кірісті  негiзге  алады.

Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Рес­публикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге алынып, айқын­далады.

Мүгедектігі  бар  борышкерлер үшін алименттер бойынша ай сайын­ғы төлемдер немесе берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал олар жұмыс істемей­тін жағдайда, бюджет қаражатынан және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және әлеу­меттік төлемдерден  айқындалады.

– Бұған дейін өз баласына алимент төлемей, жеке есепшотында миллиондаған теңгені сақтаған лудоман әкелердің ісін Қызылорда облысының прокурат­оурасы әшкерелеген еді. Осыдан соң заңды сауал туындайды. Жалпы, алимент  төлемегендерді  қандай жаза  күтіп  тұр?

– Бұл туралы жоғарыда да айтып өттік. Дегенмен, толықтырып өте­йін. Алимент  төлемегендерге Атқару­шылық iс жүргiзу және сот орын­даушыларының мәртебесi туралы Заңының талаптарына сәйкес Алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады. Сондай-ақ, осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орын­далуын қамтамасыз ету шараларын және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады. Ашығын айтқанда, борышкердің есепшоттарына, жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне және Қазақ­стан Республикасынан шығуын уақытша  шектеу  қойылады.

Ал, іс насырға шауып жатса, Қазақ­стан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабына сәйкес әкімшілік жауап­кершілікке және де Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау үшін тиісті органдарға ұсыныс­тар  келтіріледі.

– Жеке сот орындаушыларының жұмыс  барысы  қалай  өтеді?

– Әр жұмыстың өзіндік қызығы мен шыжығы болатыны рас. Мен айтар едім, жеке сот орындаушы­ларының жұмысы өте қауырт деп. Бізге жұмыс барысында қателесуге мүлдем болмайды. Әртүрлі тағдыр иелерін кездестіреміз. Осы сәтті пайдаланып, барлық борышкерді берешегін толық төлеуге шақырамын. Шынында, қоғам болған соң түрлі келеңсіздік, келіспеушілік болуы мүмкін. Бірақ, үлкендердің іс-әрекеті  баланың болашағына кедергісін келтірмеуі керек. Кез келген ата-ана алиментті төлеуге міндетті. Солай  болып  қала  береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: