Иә, облыстың оңтүстік ауданында мемлекеттік қызметшілерінен жиі ши шығып жатады. Талайының тәртібі облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп кеңесінде қаралды да. Елімізде төтенше жағдай жарияланған наурыз айында да бір топ жаңақорғандық шенеунік жазадан құтыла алмаған еді. Ол туралы «Мақашовтың жанында кімдер жүр?» деп газетімізде мақала жарияланды. Сілтемесі: http://halyqline.kz/sayasat/maqashovtyng-zhanynda-kimder-zhuer/
Аталмыш департаменттің таратқан мәліметіне сүйенсек, кешегі өткен Әдеп кеңесінде де мемлекеттік сатып алу заңнамалары талаптарын бұзған жаңақорғандық 5 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік істері қаралыпты. Жаңақорған аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімі басшысының, осы бөлімнің 2 бас маманының және Жаңақорған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы мен бас маманының тәртіптері талқыға түсті. Аталған лауазымды тұлғалар шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткен. Тәртіптік істерді жан-жақты қараған Кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген Жаңақорған ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын қолдану жөнінде шешім еткен.
Оларды былай қойғанда, Жаңақорған кенті әкімінің де тәртібі әдеп таразысына түсті. Кент әкімі ресми шара өткізу барысында карантиндік талаптарды ескермеген. Лауазымды тұлғаның карантиндік талаптарды сақтамауы әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан сынға алынып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген. Кеңес мүшелері тәртіптік істі қарап, Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін Жаңақорған кенті әкіміне де «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын беруді ұсыныпты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!