Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жалған полицей»: Жүргізуші куәлігі мен арнайы санаттарды алып беремін

29.05.2024, 8:00 131

HALYQLINE.KZ

Байқоңыр қалалық сотында ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша Г.-ге қатысты қылмыстық ісі қаралды.

Сотталушы Г. пайдакүнемдік ниетпен, алаяқтық жолмен ақша табу мақсатында өзін полиция қызметкерімін деп алдап, таныстары арқылы жүргізуші куәлігін және жүргізушіге арнайы рұқсат санаттарын алып бере алатыны жөнінде жалған мәлімет таратып, нәтижесінде жәбірленуші А.-дан 130 000 теңге, М.-дан 270 000 теңге алған. Ал, жәбірленуші Е.-ге жүргізуші куәлігін 200 000 теңгеге дайындап бере алатындығы жөнінде айтып, 100 000 теңгені алдын ала алған, қалған 100 000 теңгені жүргізуші куәлігін алғаннан кейін беруге келіскен.

Сот талқылауы барысында сотталушы Г. өзіне тағылған айыпты толық мойындап, әрекетіне шын жүректен өкінетінін, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның орнын толтырып, жәбірленушілермен татуласқанын көрсетіп, істі қысқартуды сұрады.

Жәбірленушілер өздеріне келтірілген материалдық шығынның орны толтырылғанын және сотталушы Г.-мен татуласқандарын көрсетіп, сотқа арыздарын берген.

ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.

Сотталушы Г.-нің қылмыстық әрекеттері ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4)-тармағынан ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне қайта сараланды.

Сот үкімімен сотталушы Г. ҚР ҚК-нің190-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, жәбірленушілердің өтемақы қорына он айлық есептік көрсеткіш, яғни 34 500 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.

Байқоңыр қалалық соты

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: