Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ысқақов ақталатынына үміттенеді

10.09.2020, 9:40 975

HALYQLINE.KZ

Арыстағы апатқа бағытталған 80 миллион теңгені ұрлады деп айыпталған экс-әкім кінәсіздігіне сенімді, деп жазады inbusiness.kz

Қызылорда қалалық сотында өңірдің бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ісі бойынша сот процесі онлайн өтуде.

Облыстық соттың бөлім басшысы Ардақ Смағанбетованың айтуынша, әкімге қатысты қылмыстық іс қаралу сатысында екен.

«Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Қ.Ысқақовпен бірге оның бұрынғы екі орынбасары мен екі кәсіпкерде осы іс бойынша жауап береді. Қылмыстық іс 52 томды құрап отырғандықтан, сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін», – деді сот өкілі.

Сотталушы әкімнің адвокаты Жалғас Асқаров қорғауындағы адамның сот ісінен қандай да бір оң нәтиже күтетінін айтады.

«Ол Арысқа арналған ақшаға қастандық жасамаған. Біз Ысқақовқа қатысты істі тоқтату туралы бірнеше рет өтініш жасадық, оның қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын куәландыратын тікелей дәлелдер жоқ. Қорғауымдағы азамат сотта ақталатынына үміттенеді», – деді адвокат.

Биыл көктемде экс-әкіммен бірге оның орынбасарлары Марат Делмұханов пен Мұрат Имандосов та алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Ұстау кезінде Ысқақовтың алдау және сенімге қиянат жасау арқылы «Сыр мейірімі» қоғамдық әлеуметтік қорында жатқан 80 миллион теңгеден астам соманы иеленгені туралы хабарланды. Бұл ақша 2019 жылы әскери қоймалардағы жарылыстардан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру үшін жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық шараларынан жиналған еді.

«Бізде «Сыр мейірімі» қорының басшылығына қатысты көптеген сұрақтар бар. Шағын қайырымдылықпен айналысатын осы қорда Арысқа жиналған ақша неліктен болды? Қор басшысынан оларды құрылыс компанияларының шотына аударуды кім нақты сұрады? Тергеу барысында бұл адамның аты-жөні аталмады, тек «облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары» туралы деп айтылды. Түсініксіз жайттар көп. Сот барысында біз мұның бәрін білеміз деп үміттенемін», – дейді адвокат Ж.Асқаров.

5 айдан бері жүргізілген тергеуден соң іс сотқа жетті. Кінәсі дәлелденсе, Ысқақовқа бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.

Нұрбек  Дәуренбеков.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: