Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Учаскелік полиция: мақсаты һәм мүддесі

09.10.2020, 12:40 1407

HALYQLINE.KZ Полиция қызметкерлері – халық қорғаны. Кез келген қылмысты ашуда, азаматтардың құқығын қорғауда олардың еңбегі зор. Өмірдің түрлі сынақтарына жолыққанда да ең бірінші соларға арызданамыз. Ал осындай бейнеті көп мамандық иелерінің арасындағы ең әмбебап қызметкер – учаскелік полицей. Біреудің үйіндегі қоқыстан бастап отбасылық дау-дамайларға дейін солардың алдынан өтеді. Десек те, учаскелік полиция қызметкерлерінің олқылықтары да аз емес. Тіпті заңбұзушылықтар да кездесіп жатады екен. Кейде қылығы, кейде былығы шығып жататын бұл мамандық иелерінің алдағы уақытта жұмыстарына күрделі өзгерістер енбек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев мәлімдеді. Брифинг барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты ел халқына жолдауында учаскелік полиция инспекторларына маңызды міндеттер жүктеп, жергілікті полиция саласын жетілдіруді тапсырғаны атап өтілді. Бұндағы басты мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын учаскелік полиция инспекторларына берілуінде. Сонымен қатар, олардың халық арасында мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар даярлануда.

Бауыржан Әшімұлы, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Қазіргі таңда барлық сала ашықтық пен жариялықты ұстануда. Жолдауда айтылған «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берері анық. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналғанда ғана бұл сала жұмысы нәтижелі болады. Сол үшін бұл бағыттағы іс-қимылдарды ұйымдастырып, оларды атқару негізінде департаменте жұмыс тобы құрылды. Одан бөлек, бұрын сотты болғандар тарапынан қылмысты болдырмау үшін оларға әкімшілік қадағалау орнату немесе түзеу мекемесіне қайтару мәселесі бойынша сотқа ұсыныс берілетін болады. Мас күйінде жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында маскүнемдер сот шешімімен еріксіз емдеу орындарына жолданады. Нашақорларды да осындай шаралар күтетін болады.

Жалпы, облыс көлемінде 258 учаскелік полиция инспекторы және 64 учаскелік полиция инспекторының көмекшісі бар. Бұл тұрғындар санымен салыстырғанда өте аз және қазіргі таңда полиция қызметкерлерін көбейтуге ұсыныс тасталған. Халық саны мен аумақтың көлеміне байланысты әлі де 145 учаскелік полиция инспекторы және 128 инспектор көмекшісі қажет. Ұсыныс қабылданса, жұмыс сапасы одан сайын жоғарлайтыны анық. Қазіргі таңда учаскелік полицияға халықпен тығыз байланысып, жақын болу жұмыстары түсіндірілуде. Өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстар жемісін беріп те жатыр. Дегенмен, полиция қызметкерлерінің де тәртіп бұзушылықтары кездеседі. Өткен жылда 79 қызметкер тәртіп бұзып, оның ішінде үшеуі қылмыстық жағдаймен теңестірілген екен. Алдағы уақытта бұл келеңсіздікті түбегейлі жоюға жұмыс жүргізілетін болады.

Одан бөлек, облысымызда «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және ішкі істер органдарының беделін көтеру, халық арасындағы сенімін арттырып, тығыз қарым-қатынас орнату. Сонымен қатар, заңсыз қаруларды тексеру және көші-қонға байланысты әрбір пәтерді аралап, тұрғындар жайлы ақпарат жинау. Бүгінде, облыс аумағында 8796 қару иелерінің 1101 мекенжайлары бойынша тексеріліп, қаруды сақтау, алып жүру немесе тіркеу ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, учаскелік полиция қызметкерлері электронды планшеттермен 55 пайызға, портативтік бейнетіркегіштермен 44 пайызға жабдықталған. Облысымыздың учаскелік полиция қызметкерлері соңғы жылдары республика аумағында алдыңғы қатарларда жүргенін де атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы республикадағы ең үздік учаскелік полицей номинациясын жерлесіміз жеңіп алған екен.

Жергілікті полиция қызметі басшысының айтуынша, Президент жолдауында көрсетілген тапсырмаларды полиция қызметкерлері бұлжытпай орындауы тиіс. Сонда ғана халықтың сенімі мен істің сапасы артады деп сенеді. Қазіргі таңда полиция есебінде 4500-дей адам бар. Олардың дені маскүнемдер мен нашақорлар, отбасында жанжал шығаратын азаматтар екені анықталды. Сондай-ақ, жыл басынан бері сот шешімімен еріксіз емдеуге 127 адам жіберілген.

Құқықбұзушылықтармен күрестің ендігі бағыты осылай болмақ. Учаскелік полицейлердің мүддесін жоғарылату арқылы қоғамдағы келеңсіз жайттардан сақтана аламыз. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында олардың жалақсы да жоғарылағанын атап өткен жөн. Қазір қызметтік көлік мәселесі қаралуда. Жоғарыда айтылған талаптар мен міндеттер орындалған жағдайда қоғамымыздағы үлкен мәселелерді шешіп, түрлі қылмыстардың алдын ала алатынымыз анық. Барша ішкі істер органдарының айнасы бола білген учаскелік полицейлердің халық игілігіне істеп жатқан жұмыстары көз қуантады. Ендеше, ел жолында атқарар игі істері көп болсын демекпіз.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: