Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлылар елінде ұрылар болмау керек

18.02.2020, 9:37 663

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «алыс-беріс» ойынынан алға шығып тұрған салалар анықталған. Олардың ең алдында ішкі істер органдары тұр. Одан кейін білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жер қатынастары саласы осы тізбекті жалғастырып әкетеді.

Дүйсенбіде білім саласы қызметкерлері арасында жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес турасында пікір алмасу сағаты өтті. Оған сонау Астанадан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық тобының өкілдері, Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, колледж және мектеп басшылары қатысты.

Жиында алғашқы болып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ресми өкілі Арман Бердалин сөз алды.

– Мұғалімдер қауымы сыбайластыққа салынып, былыққа белшесінен батып отырғандықтан кездесуге келдік деген ойдан аулақпыз. Дей тұрғанмен, сіздер – ұрпақ тәрбиелеп, былайынша айтқанда, жас шыбықты бағып отырған адамсыздар. Сіздер оларға не үйретсеңіздер, олар соны келешекте қайталайды. Жуырда осындай бір ресми жұмыстармен солтүстік аудандағы мемлекеттік қызметте істейтін бір жас жігітпен кездесіп қалдым. Өзінің еңбек жолына қарасам, тәп-тәуір көтеріліп келе жатыр екен. Содан бір ай бұрын ғана ауылға әкім қызметіне келіпті. Сосын мен оған «Айналайын, бауырым, ертең сенің айналаңа ақшасын сумаңдатып небір арамниеттілер жақындай бастайды. Сен соларға алданып, қақпанға түсіп қалма» дегенмін. Артынша бір ай уақыт өткенде әлгі жігіт 1 млн рубль пара алып жатқан жерінен ұсталыпты деген хабар жетті. Артынан екі аптадан кейін әкесі қайтыс болған. Біз ауласындағы итін жамандаса, намыстан өліп кететін халықпыз. Оның қасында бауыр еті баласын ел қаралап жатса, ата-анаға одан асқан қандай күйік болуы мүмкін? Ал сол 1 млн рубльге әкесінің өмірін қайта алып қала алды ма? Жоқ. Сондықтан қызметті адал, нанды таза еңбекпен табуға талпынған жөн, ағайын, – деді Арман Бердалин.

Сондай-ақ, ол ақпараттық-ағартушылық штаб өкілдерінің негізгі мақсаты жемқорлық фактісімен темір торға тоғытылғандардың ұзын санын сатырлатып айтып, жөн-жосықсыз баяндама оқып шығу емес, емін-еркін пікір алмасу екендігін жеткізді.

Ал, Агенттік Төрағасының кеңесшісі, республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының төрайымы, қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада қоғамға тазалық, адалдық, ұлылық деген қасиеттер сіңуі үшін алдымен үйдегі әйелдің тәрбиесі дұрыс болу керек дегенді ортаға салды.

– Ассалаумағалайкүм, қазақ елі! Мен қайда жүрсем де осы «қасиетті қазақ елі» дегенді тастамай айтып жүремін. Маған бір кезде қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «неге қасиетті қазақ елі деп айтасың, қасиеттен адалары да бар ғой» деген. Мен сонда да осылай айта берсем, құлаққа сіңе берсе, қасиет те еселене береді деп ойлаймын. Біздің болмысымызда о бастан кісінің ала жібін аттамай, адал еңбекпен күн көру деген ешқандай елде жоқ ұлы қасиет бар. Сол бірте-бірте жоғалып, азғындалып, ұсақталып барамыз. Ұлтымызда әйел ерлердің алдын орамаған, төбесіне шықпаған. Сондықтан тәрбиеге келгенде ең бірінші үйдегі ақжаулықты ана, әйел өзінің орнын, тектілігін өзгелерге үлгі етіп көрсетіп отырса, қоғам бүлінбей, тұтас күйінде тұрар еді, – деді ол.

Бірде әкесі баласына:

– Балам, өмір деген – өте қиын да ұлы жол. Сол ұлы жолда азғындыққа барма, ылғал жерді баспа, жан баласына жамандық жасама!- деп ақыл айтып отырған екен. Сонда баласы:

– Әке, сіз жамандық жасамаңыз! – деп іле жауап қатады.

– Неге? – деп таңданған әкесіне, баласы:

– Мен сізге қарап өсемін! – деген екен.

Сол секілді бүгін мұғалімі берген тағылымды игеріп, ісінен өнеге алған ұрпақ ертең үлкендерден көрген жақсы һәм жаман қасиеттерді өздерімен бірге ала жүретінін әсте естен шығармаған дұрыс.

Айта кетейік, аталмыш штаб мүшелері сол күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін кеңінен талқылау мақсатында облыс активімен және белсенді жастармен кездесті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: