Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғынды сан мәрте сан соқтырған алаяқ ұсталды

03.09.2020, 17:00 463

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы, Шиелі ауданының 25 жастағы тұрғыны Н.Қитанбаева өткен жылы ірі мөлшерде ұрлық қылмысын жасағаны үшін 4 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталса да, одан қорытынды шығармай, қайталап меншікке қарсы қылмысқа барған.

Яғни, ол Қызылорда қаласының №2 сотының 3 шілде 2020 жылғы үкімімен Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен алаяқтық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, түпкілікті 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Бұған қоса, сот үкімімен Қитанбаевадан жәбірленуші М.Байбураеваның пайдасына 1 млн 540 мың теңге материалдық зиян және мемлекет пайдасына 15 400 теңге мемлекеттік БАЖ өндірілді.

Қитанбаева жәбірленушіні алдап, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқырып, яғни алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот жаза тағайындау кезінде, сотталған Қитанбаеваның жауаптылығы мен жазаны жеңілдететін мән-жайын, жасаған қылмысының сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, жәбірленушіге келтірілген зиянның өтелмегенін, жеке басын, бұрын ауыр қылмыс жасап жазаның өтелмеген бөлігі ішінде жаңадан қылмыс жасағанын ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Іс бойынша Қитанбаева бөтеннің мүлкін сенімді теріс пайдалану жолымен төмендегі жағдайда жымқырған.

Нақты айтқанда, ол осы жылдың 21 қаңтарында өзінің ұялы телефонына ғаламтордан пәтерлердің фотосуретін жүктеу арқылы «OLX» ғаламтор желісіне «Қызылорда қаласы, Ақмешіт мөлтек ауданынан 35 мың теңгеге жалға пәтер беремін» деп ұялы телефон нөмірін жазып жарнама қалдырған.

Осыдан кейін, қаңтар айының 22-сі күні жәбірленуші Байбураева «OLX» ғаламтор желісінен жалға пәтер берілетіндігін көріп, Қитанбаеваның жарнамаға қалдырған ұялы телефонына хабарласып, аталған пәтерді ертеңгі күні барып көретінін айтқан.

Сол күні Қитанбаева жәбірленуші Байбураевамен Қызылорда қаласы, Шұғыла мөлтек ауданында кездесіп, пәтер үшін 30 мың теңге ақшасын алдап алып кеткен.

Содан кейін, қаңтар айының 23-і күні жәбірленуші Байбураева Қитанбаеваның ұялы телефонына хабарласып, жалға алатын пәтеріне барып көргісі келетіндігін айтқан кезде, Қитанбаева оған «пәтерді жалға алып тұрғанша, мен саған Қызылорда қаласындағы Арай мөлтек ауданы немесе Ақмешіт мөлтек ауданынан 12 жылға 55 мың теңгеден төлеп тұратын етіп ипотекаға үй алып берейін» деп алдап, жәбірленуші Байбураеваның ұялы телефонына бірнеше пәтерлердің фотосуреттерін жіберіп, «үй алу үшін кезекке тіркеймін» деп тағы 50 мың теңгесін сұрап, қаңтардың 25-сі күні ақшасын алдап алып кеткен.

Осыдан кейін, Н.Қитанбаева алаяқтық әрекетін жалғастырып, жәбірленуші Байбураеваның ұялы телефонына хабарласып, «ипотекаға үй алып, 12 жыл бойы төлеп жүргенше мен Сізге Қызылорда қаласы, Мерей мөлтек ауданы №23 үйден 3 бөлмелі пәтерімді 2 млн 500 мың теңге сатайын» деп айтып, бұған қоса осы пәтердің кепілде тұрғанын және сол кепілден шығару үшін 1 млн теңге ақшасын алдын ала төлеу керектігін жалған жеткізіп, ақпанның 4-і күні Байбураеваның 1 млн теңгесін алдап алып кеткен.

Бірнеше күн өткен соң, Н.Қитанбаева жәбірленуші Байбураеваға аталған пәтерінің паласы өртеніп кеткендігін жалған айтып, алаяқтық әрекетін жалғастырып, сол үшін 100 мың теңге ақша беруін талап етіп, бұл ақшаны пәтердің ақысынан шегеретінін жеткізіп, ақпанның 14-і күні 100 мың теңге ақшаны тағы алған.

Содан соң Қитанбаева «OLX» ғаламтор желісінен Қызылорда қаласы, Ақмешіт мөлтек ауданында орналасқан пәтердің 60 мың теңгеге жалға берілетінін көріп, пәтер иесі Мажденмен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, пәтерді алатынын айтқан.

Ақпанның 15-і күні Қитанбаева Қызылорда қаласы, Ақмешіт мөлтек ауданы №23 үйдің алдында Мажденмен кездесіп, пәтерді алатынын жалған айтып, алдын ала пәтердің ақысы ретінде 60 мың теңгені беріп, сол күні жәбірленуші Байбураеваның мекен-жайына барып, өзіне күдік келтірмеу мақсатында аталған пәтерге көшуіне көмектесіп, өзіне 400 мың теңге ақша керектігін және ол ақшаны пәтердің ақшасына тағы да шегеретінін айтып, сол ақшаны жәбірленушіден алдап алып кеткен.

Салдарынан жәбірленуші Байбураеваға 1 млн 580 мың теңге мүліктік шығын келтірілген.

Қитанбаеваның бұл кінәсі сотта өзінің мойындаған жауабымен, жәбірленушінің, куәнің жауабымен, фотосурет бойынша тану туралы хаттамамен және қылмыстық іске тіркелген басқа да іс құжаттарымен толық дәлелденді.

Соттың бұл үкімімен Қитанбаева келіспей, жеңіл жаза тағайындауын сұрап, шағым келтірді.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 25 тамыз 2020 жылғы қаулысымен ол шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Қызылорда облыстық прокуратурасы тұрғындарды алаяқтардан сақ болуға шақырады. Кез келген жағдайда құжаттарды тиісті мемлекеттік органдар арқылы тексеріп алу қажет.

Сая ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ,

Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: