Облыс көлемінде өткізілген «Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде бұрын жасалған пәтер ұрлықтарының 12 дерегі ашылып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Мәселен, Қызылорда қалалық ПБ-на қала тұрғынынан арыз түскен. Белгісіз біреу пластик терезесін күштеп ашып заңсыз кіріп, үй ішінен алтын бұйымдары, құндыз тоны және 300 мың теңге ақшасын қолды еткен. Келтірілген шығын 1 280 000 теңгені құрады.
Жүргізілген жедел жұмыстар нәтижесінде жедел уәкілдер бұрын сотты болған 37 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Күдікті басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Құрметті облыс тұрғындары, пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында, үйлеріңізге дабыл құрылғыларын, бейнебақылау жүйелерін, темір есік, терезеге темір тор орнатуды, аулада ит асырау және қомақты қаражаттар мен құнды бұйымдарды бекінісі жоғары сейфтерде сақтау жөнінде кеңес береміз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!