HALYQLINE.KZ –| Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында ауданда карантин жарияланып, бірқатар шектеулер енгізілгені белгілі. Алайда кейбір азаматтар карантин талаптарын бұзып, өзі және өзгенің денсаулығына бейжай қарауда.
Қазалы аудандық сотында «TrueConf» мобильді қосымшасының көмегімен төтенше жағдай режимін бұзу фактілері бойынша төрт әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.
Алдымен азаматша Р-ның ісі қаралды. Ол сағат 18:00-ден кейін азық-түлік дүкенінен сауда-саттық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылып, оған 26510 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Арал ауданының тұрғыны азаматша Е. де карантин режимін бұзып, көршілес ауданнан Қазалы ауданы аумағына бақылау бекетінен айналып өтпекші болған. Сол үшін де ол ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 1-тармақшасымен кінәлі деп танылды. Соттың қаулысымен Арал ауданының тұрғынына 27 780 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, азаматтардың негізсіз тұрғын үйден шығуына және автокөліктерімен жүруіне шектеу салынғанына қарамастан, Әйтеке би кентінің тұрғындары 2020 жылдың 9 сәуірі күні сағат 18:00-ден кейін кент көшелерінде көлік жүргізгендері анықталған. Сот қаулысымен азаматтар Н. және Р. ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 9-тармақшасымен кінәлі деп танылып, оларға 27 780 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Әйтеке би кентінің тұрғыны азамат Ж. өз иелігіндегі азық-түлік дүкенін сағат 18:09-де жауып, карантин уақытын 9 минутқа бұзғаны ескеріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылып, ескерту жазасы қолданылды.
Қазалы ауданының әкімдігі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!