Астанада алаяқтық және жалған ақпарат таратты деген күдікпен 23 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
23 ақпан күні Threads әлеуметтік желісінде анонимді аккаунттағы қолданушы өзінің әскери қызмет барысында сексуалдық зорлық көргенін, қазір қудалаудан қауіптеніп жүргенін мәлімдеген. Оның айтуынша, әскерден оралғанына бір жыл өтсе де, басынан өткен ауыр жағдайды әлі ұмыта алмаған. Жазба авторы әскери бөлім командирі қоқан-лоқы жасап, оны сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрледі деп сендірмек болған. Жарияланымда көптің назарын аудартатын егжей-тегжейлі сипаттамалар берілген.
Оқиғаның «мән-жайын» тәптіштей баяндай отырып, ол желі қолданушыларынан қаржылай көмек сұраған. Өзінің қауіп астында жүргенін алға тартып, шетелге кетуге мәжбүр екенін айтқан. Жазбаға ақша аударуға арналған банк деректемелері де қоса тіркелген. Автор бұл қаражат елден шығуға қажет деп түсіндірген. Сөзінің шынайылығына сендіру үшін ол осы жағдайдан кейін күйзеліске түскенін, тіпті сүйіктісімен бұрынғы қарым-қатынасын жалғастыра алмай жүргенін де алға тартқан. Алайда шоттың рас-өтірігін тексеру үшін полицияға жүгінген желі қолданушыларының бірінің қырағылығы осы жалған жазбаның жолын кесті. Жедел қызмет өкілдерінде тек банк деректемелерінің күмәнділігі ғана емес, тұтас оқиғаның қисынсыздығы да күдік тудырған.
Тексеру барысында барлық күдік расталды. Аталған банк шотының 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталған. Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы одан қарызын қайтару үшін есепшот деректерін сұраған. Кейін шоттарының бұғатталғанын, аударым жасауда қиындық барын айтып, өзге де қаражаттарды қабылдауға көмектесуін өтінген. Ешқандай заңсыз әрекеттен бейхабар жасөспірім оған сеніп, жеке деректерін берген.
Нәтижесінде небәрі екі күн ішінде оның есепшотына жүзден астам ақша аударымы түскен.
Одан кейінгі жедел-іздестіру шаралары барысында ақша жинауды ұйымдастырған пост авторы ұсталды. Тергеу нәтижесінде жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Бұдан бөлек, контент авторының әскери қызметке мүлде қатысы жоқ екені, яғни оның әскерде ешқашан болмағаны анықталған.
Ол заңсыз әрекеті арқылы әскери қызметтің беделіне де нұқсан келтірген.
23 жастағы күдіктінің айтуынша, жалған жазбаны ол әдейі, ақша жинау мақсатында жариялаған.
Қазір көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына Сот санкциясымен қамауға алынған. Мұндай оңай олжаға құныққан әрекеті үшін жас жігіт бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.
– Кейде дабыралы оқиғаның артында жай ғана есеп жатады. Сондықтан кез келген ақпаратты тексеріп, бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз, — деп ескертеді жауаптылар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!