HALYQLINE.KZ Пенделікпен жаза басып, қылмыс жасап, темір торға тоғытылғандар үшін қапастағы әр күн өтпейтіндей болатыны анық. Торығу, жабығу, сағыну, өкіну секілді жан жүдетер сезімдерді бастан кешеді. Бұндай жағдайда әлсіздер депрессияға түсіп, мінез-құлқы өзгеріп күйгелектік, ашуланшақтық кейіпке түседі. Өзіндік менін жоғалтып алады.
Міне, осындай жағдайдан арылтып, жөнге салудың бір жолы – еңбек терапиясы. Еңбек – адамды ширатып ғана қоймай, материалдық қажеттілігін өтейтін басты бағыт. Олай болса, жабық мекемелерде отырған жазасын өтеушілер үшін еңбектің маңызы зор. Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 тергеу изоляторында бүгін таңда, 18 сотталушы шаруашылық бөліміне қалдырылып, еңбекпен қамтамасыз етілген. Олар электр жөндеуші, сантехник, тазалаушы, аспаз, тамақ тасушы, құрылыс жұмысына қалдырылған. Мұндай жұмыстарға бес жылға дейінгі мерзімге бірінші рет сотталған, мінез-құлқы жайлы сотталғандар ілігеді.
Осындай жеңілдіктерге ие болған қылмыскердің бірі – Серік. Ол «заман ығына қарай тұрмыс жағдайымды жөндеймін» деп жүріп, аңдамай аяғын шалыс басып, құқық бұзды. 2020 жылдың қаңтарында мекеменің шаруашылық бөліміне қалдырылған Серік күн жылынып, көктем шыққаннан бері сүйікті ісі гүл өсірумен айналысып келеді. Арнайы контигент арасында әлеуметтік психологиялық бөлімінің бастығы, әділет аға лейтенанты А.Тұрманов Қартбайұлының айтуы бойынша, Серік өз жұмысын қызыға атқарады. Соның нәтижесінде мекеме аумағы жап-жасыл боп жайнап тұр. Әсіресе, оның еккен гүлдері құлпырып, қараған жанға жағымды көңіл-күй сыйлайды.
Өзінің айтуы бойынша жары Мақпалмен шаңырақ көтергеннен бастап, үй маңына гүл егіп, гүлзар бағына айналдырған.
«Гүл өсіруге деген қызығушылығымды жарым Мақпал оятты. Жабық мекемеге келгелі бері сол ісімді құлшына қолға алдым. Гүлдің де жаны бар оны бала секілді баптап, күтіп қарамасаң құлпырып өсуі екіталай. Мекеме аумағында гүлдің бірнеше түрін ектім. Бір гүлді ерте көктемде наурыз айында түйінімен ексем, енді бірін күн жылыған мамыр айының соңында отырғыздым. Аптасына үш рет суарып, төңірегін қопсытып, баламдай баптап отырамын. Еңбектене жүріп, көңілім сергиді. Болашаққа деген сенімім артады. Гүлдің нәзіктігі қамқорлықты қажет ететін балаларымды еске салады. Гүлдерді баптаған сәттерде бейне бір балаларымды еркелеткендей боламын. Бұл менің сағынышымды басады».
Суық ызғар кейпін танытып тұратын тергеу мекемесінің төңірегіне гүл егіп, көзді арбап, көңілді көтерер, көркем шырай беріп, қызылды-жасылды шағын аумаққа айналдырған Серіктің бұл еңбегі, жаны жүдеу қапастағы жандар үшін тегін терапия десе де болады.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!