Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тергеу изоляторында тренинг өтті

15.01.2021, 16:30 442

HALYQLINE.KZ Бет-бейнесінен әлі балалықтың лебі есетін осы бір тергеудегі жасөспірімдерді ауыр қылмыс жасады дегенге қимайсың. Әйтседе, болған іс болып, бояуы сіңді. Маңыздысы – енді осы балалармен дұрыс тәлім-тәрбие жүргізу.

Сондықтан ЗК-169/1 тергеу изоляторына келіп түскен айыпталушы жасөспірімдермен жұмыс істеуге мекеме қызметкерлері аса көңіл қойып, әр шараға мән беріп қарайды. Әсіресе, адам жанының емшісі аталатын мекеме психологтарының жас жеткіншектермен жұмысын ерекше айтуға болады. Осы орайда, психологтар, әділет аға лейтенанты А.Мырзалы мен А.Орынбаевтың ұйымдастыруымен тергеу қамауындағы кәмілетке толмағандар арасында « Өзіңді-өзің таны» деген тақырыпта тренинг өтті.

Тренингтің мақсаты – жасөспірімдердің сана-сезіміне игі әсер ете отырып, өз қателіктерін түсініп, жақсы жаққа қарай бағыттау.

Мекеменің босаңсу бөлмесіне келген төрт жасөспірім алдымен өздерін ерекше түрде таныстырды. Яғни, есімдерінің бас әріптерінен басталатын әріпке сай, өз бойындағы ерекшеліктерін атау керек болды. Алғашқы болып, Е. есімді жігіт өзін естімін десе, Т. есімді бала талапты жаспын деп таныстыруды жалғастырды. Ал, Н. есімді жігіт өзін нұрлы жанға теңесе, аты Р. әрпінен басталатын бала өзін рахымдымын деп таныстырды. Осындай жан жадыратар жақсы сөздер, олардың бойларында сенімділік ұялатты. Бұдан соң қатысушылар бір-бірінің қолдарынан айқастыра ұстап, шатасып тұрысты. Тренингтің шарты бойынша, шимайды шешу керек болатын. Олар біраз, ойланып әрекет етіп, өздері жасаған шиеленіскен жағдайдан шыға алды. Келесі тренингтің шарты бойынша, төрт жасөспірім, әділқазылар алқасына келіп, өз өнерін көрсету керек болатын. Бірі жақындарын сағынғанын айтты, бірі биледі, қорыта айтқанда жандүниесіндегі сезімдерін сыртқа шығара алды. Осылайша, үй-жағдайын еске түсіретін босаңсу бөлмесінде өткізілген тренинг олардың көңлін сергітіп, балалық арман-қиялдарына қанат бітіріп, бостандыққа деген үмітін жалғап, жақсы күндерге құлшынысын арттырды.

«Бұғанасы әлі қата қоймаған бозбаларды тәрбиелеу, үлкендерге қарағанда нәтежиелі болар деп ойлаймыз. Олардың мінез-құлық сана сезімін, өмірге деген көзқарасын оң бағытқа өзгерту үшін алдағы уақытта көптеген тәрбие жұмыстарын жалғастырамыз» – деді жасақ бастығы, әділет лейтенанты Е.Қожақметов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: