Ел заңына бағынбай, құқық бұзып, қылмыскер атанғандарды қамауда ұстап отыратын республикамыздағы мекемелердің бірі ЗК-169/1 тергеу изоляторы. Мұндағы тергеудегілер мен сотталғандар тарапынан кез келген уақытта оқыс оқиғалар туындауы бек мүмкін.
Міне, осындай «тентектер» бас көтеріп, бүлік шығарғанда, жаппай тәртіпсіздікті күшейтпей, бүліктің жолын кесу бойынша жеке құрамның дайындығын тексеру мақсатында, РжКБ- нің ұйымдастыруымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Жаттығу барысында, қатысушылар алдымен арнайы құралдармен жасақталып, «Дабыл» белгісі беріліп, жеке құрам дер кезінде жиналды.
Бөлім бастығы, әділет майоры М.Смағулов ҚАЖ департаментінің жаттығу өткізу туралы нұсқаулығымен таныстырып, жаттығу кезеңдеріндегі іс-әрекеттердің өтілу ретін айтып түсіндірді. Содан соң, арнайы бөлінген топтар бойынша, тәртіпсіздік пен дүмпу орын алған қапастарды барлау және бақылау бағдары бойынша жеке құрамның әрекет етуі, тиісті іс-шараларды атқару мен дұрыс шешім қабылдай алу жағдайы пысықталды.
Атап айтқанда, «Келіссөз жүргізу» тобының бітімгершілігі, «Тосқауыл жасау» тобының әрекет ету барысында арнайы құралдарды орынды қолдана білуі, яғни жеке құрамның білімі мен практикалық дағдылары, сондай-ақ жоспарға сәйкес әрекет ету дайындығы тексерілді.
Сондай-ақ, бұл іс-шараға қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында, тәртіп сақшыларының төрт аяқты көмекшісі мекеме қарауындағы «Мартин» атты ит қатыстырылды. Бұл із кесушіміз жарылғыш заттарды, оқ-дәрі, қару-жарақтарды табу, сонымен қатар шабуылдаушы бағыттары бойынша қызметтер атқарады.
Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, оқыс жағдайда әртүрлі дене жарақаттары мен адам денсаулығына қауіп келтірер оқиғалар болған жағдайда мекменің медицина бөлімінің қызметкерінің алғашқы көрсетілер жәрдемі бойынша да, іс-әрекеттер барысы жаттықтырылды.
– Тергеу изоляторының жеке құрамы қызметтік, жауынгерлік және кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті. Алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілді. Жаттығу аяқталғаннан кейін қорытындылар шығарылып, ұсыныстар әзірленеді, – деді әділет майоры, мекеме бастығының орынбасары Қ.Олжабаев.
– Менің бұл тергеу изоляторына жұмысқа орналасқаныма 6 ай ғана болды. Жоғарғы оқу орнында алған білімімді осындай жаттығу жұмыстары арқылы бекітіп, пысықтадым. Мен үшін бүгінгі өткізілген бұл іс-шараның берері көп болды, – деді қатардағы Н.Сафуан.
Шынында да, мұндай оқу-жаттығулар «жаппай тәртіпсіздік» болған жағдайда жеке құрамның қызметтік міндеттерін сапалы орындауына, оң ықпалын тигізетіні анық.
Абдрахманова Раушан Қуанқызы
ЗК-169/1 Республикалық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік тілде аудармашы маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!