Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Телефонмен «тонау» тыйылмай тұр

27.07.2023, 11:40 233

Қазір алаяқтардан аяқ алып жүру мүмкін емес болып кеткендігі сонша, телефонға келген қоңырауды да көтеруден қорқатын болдық. Ұры-қары қай жағымыздан келіп қалар екен деп үреймен өмір сүреміз. Рас, осындай заман болды. Қазір телефон арқылы да «тонайды». Желілердегі жарнамаларды да абайлап баспасаңыз, арғы жағы өкінішке ұласып кетуі мүмкін. Талай адам айдың күннің аманында қолдағы барынан айырылып жатыр. Алаяқтар телефоныңызға хабарласады да, өздерін бейне бір банктың қызметкеріндей сақылдай сөйлеп, алдымен сіздің нейросеніміңізге кіріп алады. Ақыр соңында банк шоттарында сары майдай сақтап отырған тиын-тебеніңізден табан астында айырылып қалғаныңызды сезбей қаласыз. Сеспей қатырады  олар.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов аймақтағы интернет алаяқтарына қарсы ұйымдастырылып жатқан  іс-шаралардан хабардар етті. Сөзіне сенсек, алаяқтарды құрықтайтын арнайы бағдарламалар дайындалып, кибертоп жасақталыпты. Ағымдағы жылдың 6 айында алаяқтық бойынша Қызылордада 560 дерек тіркеліп, оның 441-і интернет желісінде болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен интернет-алаяқтық  қылмыстарының 30%-ы ашылған.

– Қылмыскерлер уақыт талабынан қалмай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілін қолдануда. Әсіресе, олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр. Әдетте алаяқтар жалған интернет хабарландырулар орналастыру, интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу, жаңадан пайда болған «обналичка» тауарлық несие рәсімдеу тәсілдерін кеңінен қолдануда, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Халық та қазір қара жаяу емес. Сонда да шайтан көзді байлаймын десе қазір-ақ. Сақ болып отырмаса болмайды. Алаяқтарға алданып қалмаудың алдын алу мақсатында халық көп шоғырланатын базар аумақтарында, ірі сауда орталықтарының алдында және қалалық демалыс паркінде  халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылған. Қала, аудан орталықтарында көлемді баннерлер орналастырылған.  Сонымен қоса жұрттың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Қызылорда ОПД-нің парақшаларында апта сайын бейнероликтер көрсетіліп отырады. Соған қарамастан тұрғындарымыз әлі де алаяқтардың құрбаны болуын тоқтатпаған.

Телефонсыз тіршілік бітпейді. Оны мойындаймыз. Сонда да сақтық үшін мына ережелерді ерінбей жаттап алыңыз. Жеке деректерді, өзіне тиесілі пластикалық карталардың мәліметтерін, смс кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламаңыз, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы алдын ала төлем жүргізбеңіз, ұялы телефон және компьютерге TeamViewer, AnyDesk немесе RustDesk, Remote Desktop деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпаңыз.

Осы күнара «каспиден обналичка жасап беремін» дегендерді көп естиміз. Алдыңғы аптада «Каспий жұма 0-0-24» акциясы болған кезде «обналичка жасап беремін» деп алаяқтар тауарлық несие рәсімдеп, кейіннен ақша қаражаттарын аудармағаны жөнінде арыздар тіркеліпті. Сондықтан оларға да алданбаңыз.

Облыста болып жатқан интернет желісіндегі алаяқтық қылмыстарының түрлері:

– «whats app» арқылы танысының фотосуретін қою арқылы;

– жеке тұлғалардың атынан шағын несие рәсімдеп алу;

-«olx» желісі арқылы заттарды сату және сатып алу арқылы;  

– өздерін банк қызметкерімін деп таныстыру;

– инстаграм арқылы ұялы телефон, тұрмыстық заттар сату; 

-«whats app», «телеграм» және инстаграм желілері арқылы ақша қаражаттарын еселеп беру;

– каспиден обналичка жасап беремін деп;

– инвестиция салып ақша көбейту;

– интернет желісінде несие алып беру арқылы;

– индрайвер, яндекс такси арқылы тапсырып беріп, жеке мәліметтерді сұратып ақшасын аудартып алу;

– «kolesa.kz» сайты арқылы;

– пәтер, автокөлік және тағы басқа ұтыстарды ұтқаны туралы хабарласу.

Адам  пейілі  азғындап  бара  жатыр. Қай жерден  ақша ұстап қаламын, кімнен қандай пайда  көріп  қаламын  деген  ниет көп  адамды  тура  жолынан  тайдыруда. Сол себепті  жеңіл-желпі  келген  ақша,  дүниенің де салмағы, берекесі  болмайтынын  сезініп, арман-мақсатты  жақсы  арнаға  қарай  бұрған жөн.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: