Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талғарда дәрігерді соққыға жыққан күдіктілер ұсталды(видео)

20.09.2023, 15:35 316

HALYQLINE.KZ

Алматы облысының полицейлері Талғар ауруханасында дәрігер мен медбикені соққыға жыққан екі күдіктіні қолға түсірді. Науқасқа қатысты оқиға барысы анықталды.

Талғар орталық аудандық ауруханасы мәліметінше, 64 жастағы ер адам жүрек талмасымен ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы өте ауыр болған.

– Науқас коронарлық патологияға және кардиогенді шокқа байланысты өте ауыр жағдайда түсті. Есінен танып қалған, сұрақтарға жауап бермеді. Туыстарының айтуынша, ауру белгілері оны үш күн бойы мазалаған. Дәрігерге жүгінбеген. Ангинальды ауырсыну күшейгеннен кейін жедел жәрдем шақырған. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде сағат 04:50-де жүрек соғысы тоқтап, 30 минут бойына реанимациялық шаралар жүргізіліп, сағат 05:20-да науқастың биологиялық өлімі анықталды.

Ауруханаларда мынадай ереже бар: егер науқас екі сағат ішінде қайтыс болса, біз оның өлімінің себебін анықтау үшін оны полиция бөліміне тапсыруға міндеттіміз. Бұл туралы туыстарына хабарлағанда, олар ашуланды. Олар біз бір нәрсені жасырмақ деп күдіктенді. Бірақ ереже бар, заң бар. Егер науқас алғашқы екі сағат ішінде қайтыс болса, оның себебін анықтауға міндеттіміз. Біз олардан таңғы 8-ге дейін бір сағат күтулерін сұрадық. Осы уақытта қызметкерлер келіп, барлық құжаттарды толтырады. Бірақ туыстары жансақтау бөлімінің есігін бұзып, жақында соқыр ішекке ота жасалған реаниматолог-анестезиолог пен дәрігерді ұрып-соға бастады. Сөйтіп, оны тігіс салынған жерінен тепкілеген, мұрнын сындырып, миын шайқалтып жіберді, – дейді Талғар орталық ауруханасының өкілдері.

Таяқ жеген реанимациялық дәрігер 27 жаста. Ер адамның жағдайы ауыр. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

21 жастағы дәрігерде жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының контузиясы, сол жақта самай аймағының жұмсақ тіндерінің контузиясы, мұрын сүйектерінің сынуы диагнозы қойылған.

Алматы облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, 19 қыркүйек күні сағат 10:35 шамасында Талғар аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне аурухананың 27 жастағы реаниматологы мен 21 жастағы медицина қызметкерін белгісіз біреулер ұрып-соққаны туралы хабар түскен. 

– Бұл дерек ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігі бойынша аудан полициясында тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында Талғар ауданының полиция қызметкерлері 1987 жылы туған Ш. және 1994 жылғы Н. есімді күдіктілерді анықтап, қолға түсірді. Қазіргі уақытта оқиғаның бүкіл мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр, – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Мына сілтемеден соққыға жыққан көріністі көруге болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: