Судьяның кәсіби және адамгершілік болмысы – қоғамның әділдікке деген сенімін айқындайтын негізгі өлшем десек, артық айтқанымыз емес. Яғни, судья – тек заңды қолданушы емес, ол – мемлекет атынан әділдік орнатушы тұлға. Сондықтан судья қызметіндегі басты қағида этика мен адалдықты бұлжытпай сақтау екенін жадымызда сақтау қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Судьялардың мәртебесі туралы» заңы және Судьялардың әдеп кодексі судьяның моральдық бейнесі мен мінез-құлқына жоғары талап қояды. Бұл құжаттар судьяның қызметтегі тәуелсіздігімен қатар, оның ар-ождан тазалығын, мінезіндегі ұстамдылықты, азаматтарға деген сыйластықты басты орынға қояды.
Сот билігінің басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Әділ шешім қабылдау үшін судья ешқандай қысымға, мүддеге немесе сыртқы ықпалға бағынбауы тиіс. Конституцияның 77-бабына сәйкес, судья тек заң мен ар-ожданға сүйеніп шешім шығарады. Бұл қағида – сот жүйесінің беделі мен қоғам сенімінің тірегі іспеттес.
Тәуелсіздікпен қатар, бейтараптық қағидасы да ерекше маңызға ие. Атап айтқанда, судьяның жеке көзқарасы немесе сыртқы факторлар сот шешіміне әсер етпеуі тиіс. Әрбір іс заң нормаларына және дәлелдерге сүйене отырып қаралуы қажет.
Судьяның мінез-құлқы, сөйлеу әдебі, азаматтармен қарым-қатынасы – сот билігінің имиджін қалыптастыратын маңызды факторлар. Дәлірек, Әдеп кодексінде судьяның сыпайы, сабырлы және бейтарап болуы қажеттігі айқын көрсетілген. Сот отырысында тараптардың теңдігін сақтау, әр азаматтың пікіріне құрметпен қарау – кәсіби мәдениеттің белгісі.
Этика тек сот залындағы тәртіппен шектелмейді. Судья қоғамдық ортада да өзінің мәртебесіне сай ұстамдылық танытып, жеке әрекеттерінде де сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Себебі судьяның тұлғалық беделі сот билігінің беделімен өлшенеді.
Судьяның әрбір шешімі – жеке азаматтың тағдырына әсер ететін маңызды акт. Сол себепті шешім қабылдау кезінде ар-ождан тазалығы мен әділдік сезімі алдыңғы орында тұруы қажет. Қоғамның сот билігіне деген сенімі судьялардың адал қызметіне тікелей байланысты.
Парақорлыққа, таныстыққа, бейәдеп мінезге жол бермеу – судьялық этиканың басты талабы. Мұндай әрекеттер тек жеке тұлғаның емес, тұтас сот жүйесінің абыройына нұқсан келтіреді.
Судьяның этикалық ұстанымдары – заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізі. Судья ар-намыс пен әділдіктің үлгісі болуы тиіс. Әрбір шешім заңға сай әрі ар-ождан тұрғысынан әділетті болған жағдайда ғана сот билігіне деген сенім нығаяды.
Судьяның абыройы – мемлекеттің әділеттілік деңгейінің айнасы. Ал сол айна мүлтіксіз таза болғанда ғана қоғамда шынайы құқықтық мәдениет қалыптасады.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С.Н.Рустемов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!