Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталкингке тосқауыл: Қазақстанда 51 іс сотқа жолданды

17.03.2026, 9:45 30

Қазақстанда сталкингке қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері сотқа 51 іс жолданған. Оның 36-сы бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, сталкинг — адамның еркінен тыс байланыс орнатуға ұмтылу, заңсыз аңду, жүйелі түрде мазалау және психологиялық қысым көрсету әрекеттерін қамтитын құқыққа қайшы іс. Мұндай қудалау жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына алаңдаушылық туғызып, қорқыныш, күйзеліс, стресс, тіпті депрессияға алып келуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, сталкинг түрлі формада көрініс табады. Оған қайта-қайта қоңырау шалу, үздіксіз хабарлама жазу, қорқыту, балағаттау, жалған ақпарат тарату, интернет арқылы аңду, жеке хат-хабарға заңсыз қол жеткізуге талпыныс жасау, бейнекамералар мен GPS-трекерлер арқылы бақылау секілді әрекеттер жатады. Ең қауіптісі — мұндай қудалау уақыт өте келе зорлық-зомбылыққа, денсаулыққа зиян келтіруге немесе мүлікке залал келтіруге ұласуы ықтимал.

Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың айтуынша, бұл бағытта алдын ала ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Құқық бұзушылықтарды тіркеу мен тергеп-тексеру тәртібіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, полиция қызметкерлеріне арнайы оқыту шаралары ұйымдастырылған.

Министрлік өкілдерінің пайымынша, жаңа құқықтық тетік қудалаудың бастапқы кезеңінде-ақ азаматтарды қорғауға, психологиялық әрі физикалық зиянның алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін күшейтуге жол ашады.

Сталкингке қатысты нақты істердің бірі Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Бұрынғы жұбайы әйелді жүйелі түрде қудалап, қайта-қайта қоңырау шалған, хабарламалар жіберген, жаңа байланыс нөмірлерін тауып, тұрғылықты жеріне дейін барған және күш қолданамын деп қорқытқан. Жәбірленуші телефон нөмірін ауыстырып, оны бұғаттағанына қарамастан, ер адам түрлі аккаунттар мен өзге де нөмірлер арқылы байланыс орнатуды жалғастырған. Нәтижесінде Бөкейорда аудандық соты оны кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарған.

Осыған ұқсас жағдай Астанада да болған. Қала тұрғыны жарты жыл бойы әйелді қудалап келген. Әйел онымен қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартып, мессенджерлерде бұғаттағанына және қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ер адам мазалауын тоқтатпаған. Ол жәбірленушінің жұмыс орны мен үйінің маңына барып, оның келісімінсіз бейнежазбаға түсірген. Сот оны да кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындаған. Бұған қоса, моральдық зиянды өтеу міндеттелді. Сондай-ақ бұған дейін белгіленген бас бостандығын шектеу талабын бұзғаны үшін жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған.

Семей қаласында да осы сипаттағы дерек тіркелді. 31 жастағы ер адам некеде бола тұра, ұзақ уақыт бойы өзге бір қызды аңдығаны үшін жауапкершілікке тартылған.

ІІМ азаматтарды мұндай жағдайларды елеусіз қалдырмауға шақырады. Егер сіз немесе жақындарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, дереу полицияға жүгіну қажет. Өйткені мұндай әрекеттердің кез келгеніне құқықтық баға беріледі, ал азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығы заңмен қорғалады.

Фото: lifehacker.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: