Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сталкинг енді қылмыс деп танылады» – Прокурор

03.02.2026, 16:10 54

Қазақстанда азаматтардың жеке бас бостандығын қорғауға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды. Бұл туралы Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров түсіндіріп, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін мәлімдеді. Прокурордың айтуынша, бұл норма «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру және қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында қабылданған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде Қылмыстық кодекске 115-1-бап – «Сталкинг» енгізуді көздейтін заңға қол қойған.

«Сталкинг дегеніміз – адаммен қарым-қатынас орнатуға немесе оның еркіне қарсы бағытталған, зорлық-зомбылықпен тікелей ұштаспайтын, бірақ елеулі зиян келтіретін заңсыз қудалау әрекеттері. Бұл – бір қарағанда “ұсақ” көрінетін, бірақ уақыт өте келе адамның психологиялық жай-күйіне, еркін жүріп-тұруына, жеке өміріне елеулі нұқсан келтіретін әрекеттер», – деді Ризабек Ожаров.

Оның сөзінше, отандық қылмыстық заңнамада мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік алғаш рет дербес бап ретінде бекітіліп отыр. Енді сталкинг жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Прокурор сталкингтің шегі мен аражігін де нақтылап өтті. Егер заңсыз қудалау зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен немесе жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің өзге баптары бойынша қосымша сараланатын болады. «Бұл бап бойынша қылмыстық қудалау кез келген жағдайда емес, нақты зиян келтірілген кезде басталады. Мысалы, адамның жеке өміріне қол сұғылмауы бұзылса, еркін жүріп-тұру құқығы шектелсе немесе жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетілсе – бұл қылмыстық жауаптылыққа негіз болады», – деп түсіндірді ол.

Ризабек Ожаровтың айтуынша, сталкинг үшін жауапкершілікті енгізудегі басты мақсат – құрбандарды ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылық пен агрессивті мінез-құлыққа қоғамда мүлдем төзбеушілік қалыптастыру. Яғни, мәселе ушығып, ауыр салдарға әкелмей тұрып, құқықтық тосқауыл қою көзделіп отыр. Сонымен қатар ол құқық қорғау органдарының өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын заңды әрекеттері сталкинг ұғымына жатпайтынын да атап өтті.

«Заңды негізде жүргізілетін тергеу, тексеру немесе бақылау шаралары сталкинг ретінде қаралмайды. Бұл жерде басты өлшем – заңсыздық және жәбірленушіге келтірілген нақты зиян», – деді облыс прокуроры. Өз сөзінің соңында Қызылорда облысының прокуратурасы атынан азаматтарды сталкингтің кез келген көрінісіне бейжай қарамауға шақырды. Егер адам өзін қудалау, психологиялық қысым немесе жеке кеңістігіне заңсыз араласу жағдайына тап болса, дереу ішкі істер органдарына хабарласу қажеттігін ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: