Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соттың оң имиджін қалыптастыру керек

30.05.2022, 17:45 646


HALYQLINE.KZ Бүгінде сот жұмысының жариялылығы мен ашықтығы қоғамымызда көз үйренген дағдылы көрініске айналды. Бұған соңғы жылдары соттарда қаралатын дау-дамайларға бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы арқылы әділ төрелік жасалатыны нақты дәлел бола алады.

Аудандық сотындағы осы бағытта атқарылған көптеген шаралар республикалық және жергілікті деңгейдегі баспасөз беттерінде жарияланып, судьяларымыздың сыбайлас жемқорлық сипатындағы істердің қаралу тәртібі мен медиация, гендерлік саясаттың маңызы, сот төрелігі, тағы басқа құқықтық тақырыптар жөніндегі мақалалары және сотпен қаралған істер туралы ақпараттар жергілікті басылымдарда жарық көрді.

Бұл материалдар өзінің мәні мен мазмұны жағынан Мемлекет басшысының судьялардың съездерінде айтқан ойлары мен сот жүйесіне жүктеген міндеттерімен тығыз сабақтасып отыр. Елбасымыздың: «Қоғамның беделі соттардың атқарған қызметіне қарап бағаланады», – деген пікірінде үлкен өмір шындығы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ол адам тағдырын таразылайтын әрбір судьяның әділ төрелік жасар кездегі өлшемі мен биік ұстанымына айналуы тиіс.

Демократиялық қоғам құрудағы басты талаптың бірі – әділ сот төрелігі арқылы азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, олардың мүдделерін қорғау болып табылады. Алайда, тәжірибеде сот төрелігіне жүгінген екі тараптың да талап-тілегін қанағаттандыру әрдайым мүмкін бола бермейді. Көп жағдайда әділдік іздеп келген екі тараптың бірі ұтылып, үлкен өкпемен кетсе, екіншісі сот төрелігіне ризашылығын білдіреді.
Халық пен билік арасына алтын көпір құру, қоғамдық пікір қалыптастыру – бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті. Сондықтан, Қазақстанның тұрақтылығы, бейбітшілігі мен келісімі негізінен олардың азаматтық ұстанымымен тығыз байланысты.

Сот жүйесінің беделі халықтың оған деген көзқарасы, сенімі арқылы айқындалатындықтан, соттың жұмысы халық үшін қолжетімді болуы шарт. Соттарда өтетін іс-шаралар көп жағдайда БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Сот жүйесіндегі жаңалықтардың барлығы тілшілер қауымының арқасында халыққа түсіндіріледі. Мәселен, республика соттары сот реформасы аясында жүзеге асырылған жаңа форматтағы жұмысқа көшті. Жоғары кәсіби, білікті судьялардың корпусын құруға, сот жүйесін жаңғыртуға, инвестициялық даулар бойынша сот өндірісінің жаңа моделін құруға және судьяларға зейнетақы төлеуге қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ жаңа Азаматтық процестік кодекс қабылданды. Аталған жаңалықтардың барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды.

Судья – сот төрелігін жүзеге асыратын басты тұлға. Бұл орайда оларға айрықша міндеттер мен талаптар жүктелетіні бесенеден белгілі. Әркім соттың ашық, мөлдір, заңның үстем болуын қалайды. Сонда адал да әділ принциптердің орнығып, түрлі қателіктер мен бұра тартушылықтарға жол берілмесі анық. Бір жағынан сот төрелігін орындаушылар кәсіби жағынан шыңдалып, бедел-абыройы да асқақтай түсері сөзсіз.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам мен сот жүйесі арасындағы диалогты жақсартуымыз қажет. Халық пен билік арасындағы алтын көпір десем, артық болмас. Біздің міндетіміз бір. Ол – қоғамдық мүддені қорғау. Біз тек қоғамдық мүддені қорғау арқылы ғана өз миссиямызды жүзеге асыра аламыз. Тәуелсіз сот және БАҚ – нағыз демократиялық мемлекеттің тірегі. Сондықтан, халықтың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді деген сенімдемін.

Руслан АЛИБЕКОВ,

Шиелі аудандық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: