Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соңғы қоңырау

20.11.2025, 10:00 99

***

Бұл кезде Дәуіт Қазыбаев мазасыз күйде еді. Мына бір тергеуші де бүйіріне қадалған шаншудай болды, енді екі күннен бері оның қайда жүргені де, не істеп жүргені де белгісіз. Бір уақ есіне осыдан он жыл бұрынғы оқиға түскенде еріксіз бармағын шайнайды. Сол кезде оны есінен тандырып ұрып-соғып, жерге көміп кеткенше, неге атып тастамады екен? Сосын барып көмгенде ғой, бүгінде алаңсыз отыра­тын еді-ау. Бірақ, әнеугүнгі әңгіме… Бұлар әлде­қашан сүйегі қурап қалған шығар деп жүрген адам телефон соқты дейді… Естіген сәтте шошып кетті… Кейін ақылға салды. Ай… бұл бекер шығар, біреулердің әдейі істеп жүргені болуы мүмкін. Әйтпесе, оның өлімші күйде көрден шығып кетуі мүмкін емес қой, шығып кеткен жағдайда да он жыл бойы қайда  жүр? Бұл енді қисынға келмейді… Жауларының,  мұның  орнын  көздеп  жүргендердің  ісі  болар, сірә.

Мұхит мал бағудан бас тартқанша бәрі керемет еді-ау. Мал дегенің өсіп жатты, соны көзін тауып жұмсап, бұл қызмет сатысында тез өсе бастады, айна­ласы бес-алты жылда бөлім бастығы болғаны да сол малдың арқасы емес пе? Иә… иә… Ана оңба­ғанның  мал  бақпаймын  деп  шу  шығарғаны… Оны, сірә, біреулер шаптан түртіп отырды-ау, әйт­песе, бала күнінен бағып жүрген малы ғой. Оның үстіне Гүлсім үйіне жылап келіп, өзін Мұхиттың ұрғанын айтуы отқа май құйғандай болды. Бұл келесі күні күйеу баласы Әскербекті шақыртты бөлімге. Қылмысты іздестіру, зерттеу бөлімі бастығының кабинеті­не кіргізіп алып, күйеу баланың екі аяғын бір  етікке  тықты.

— Сендер не қыртып жүрсіңдер? Ылғи бандиттер… Үй-ішіңмен жабылып қарындасымды сабап­сыңдар… Групповой  қылып  соттатып жіберейін бе? Меданықтама алдырып қойдым. Енді кетесіңдер  барлығың  ту-ту…

— Аға! Үй-іші емес, тек Мұхит қой қол көтерген…

— Онда солай деп жазып бер қазір. Кім ұрғанын ашып көрсет. Бастықтың атына жазасың. Міне, Гүлсім­нің арызы бар, меданықтама бар, сенің түсі­нігің бар… Әке-шешеңнен түсінік аламын… Сосын көрейін… Әйел адамды ұрғанның қалай болатынын көрсетейін…

Бұл әңгіменің аяғы Мұхиттың қайтадан малды ауылға баратын болуымен тынғандай болды. Бұл, әрине, Ділдабековтер отбасының ойы болатын. Ал, Дәуіт басқа ойда еді… Бұдан соң көп өтпей Дәуіт пен Әскербек біразға жетер азық-түлігімен Мұхитты малшы ауылға жеткізіп салды. Бірақ, Гүлсімнің жылап келгені Дәуіттің есінен шықпай қойды. Бірнеше күннен соң ол бір шешімге келді. «Бұл қорлыққа мен төзе алмаспын, одан да Мұхиттың көзін жояйын. Бұдан да басқа мал бағатын адам табылар». Осы шешімге келісімен ол алдын сенбі, жексенбі қылып жолға шықты. Ол барғанда түс ауып кеткен болатын, Мұхит жылқыны суарып, көлеңке астына кіргізіп, өзі ұйықтап жатыр екен. Су тартатын мотор бұзылып қалып, малды қауғамен қолдан суарғасын қатты шаршап, келген машина дауысын да естімеді.

Бұл үйге кірген бойда Мұхитты көрісімен қаны басына шапты. Оны сол жатқан жерде тепкінің астына алды. Ол тұрып үлгірмеді, қатты соққыдан ес жинасымен бар айтқаны: «Дәке! Мұның не? Төбе­лес керек болса, сыртқа шығайық» болды. Оған мүмкіндік беріп Дәуітті жын ұрып па, боқтап жүріп орнынан  тұруға  мүмкіндік  бермей,  тепкілей  берді.

— Шешеңді с… Жетпіс жеті әкеңнің аузын с… Біздің тұқымды басынатын кім едің сен? Қаныңды ішермін-ау,  қарындасымды  ұрғызып  қойғанша.

Бұл тепкілеуді ол қимылсыз қалғанда барып тоқтатты. Сол жерден бір кендір арқан тауып алып, қолын байлады да, сыртқа шықты. Ойы – енді мынаны бір жерге көміп тастау. Аздан соң ол қораның үйге қараған бетінен тізеден келетін етіп қазылған ұзынша орды көрді. Бұл Мұхиттың қой, киік сою үшін жасап қойған шұңқыры болатын. Бауыздау қанды соған ағызып, бездер мен өт және тағы сол сияқты жеуге жарамсыздарын соған тастай беретін де, бетіне құм себе салатын. Дәуіт сол шұңқырды сәл кеңітті де, Мұхиттың шалажансар денесін соған әкеліп салды, сонан соң үстін бос құммен көмді де тастады. Он минуттай дем алып отырды, барлық ізді өшіріп, көмілген тұстан еш белгі болмағасын ол «Нивасына» мінді де, Бөрібайдың ауылына бет алды. Ол бұл ауылға да көп кідірген жоқ, Мұхитты таппағанын айтып, мұның малына да көз қырын салып қоюды өтініш етті. «Нива» бір қыр аспай-ақ Бөрібай ойға қалды. «Ау, кеше барғанда жүр еді ғой. Бірақ, бұл жерден қашып кеткісі келетінін, інісі, келіні және Қазыбаевтан қорқатынын айтқан. Әлде қашып кетті ме екен?!». Ол мазасыздана бастады. Не болса да бүгін аңысын аңдап, ертең оның ауылына барып  қайтпақ  болды…

…Дәуіттің  басы  қатып  отыр,  қолы  жұмысқа  барар  емес. Он жыл өтіп кеткен жоқ па… Бұл неғылған бәле еді қыр соңынан қалмайтын. Өткен­де біреудің телефон соққанын айтып Әскербек пен Гүлсім жеткенде әуелі сенбеді. Сосын барып барлығын егжей-тегжейлі сұрап, мұның тегін емес екенін ұқты. «Егер шын Мұхит болса, он жылдан бері қайда жүр? Жоқ, бұл басқа сияқты. Біреулер мұның іргесін қаза бастаған сияқты ма?! Бұл мұның  дұшпандарының, бақталастарының ісі сияқты. Тез шара көрмесе болмай­ды екен». Сосын, бұл әлгі екеуі­не  не  айту  керегін  үйретті.

…Ол кезде Дәуіт іс бұлайша бағыт алар деп ойла­маған болатын. Он жыл бұрын жоғалып кеткен адам телефон соғып, ақша сұрапты десе, кім сенер? Алаяқ­тардың ісі ғой дей салар. Сосын істі өзі асықпай тарқата бермей ме? Бірақ, облыстағы басшы­лар басқаша мән бергені, тіпті арнайы тергеу­ші жіберіп, іздестіре бастағаны. Бұл енді, қауіпті. Егер Мұхит тірі қалған болса – мұның құрығаны.  Ол  шекесін  сығымдай  қысты…

***

…Қап-қараңғы үңгір ме, терең туннель ме білмейді, әйтеуір, төмен қарай зымырап келе жатқандай. «Мен осы өліп қалған шығармын» деп ойлады ол. «Ана  дүниеге қарай зымырап бара жатқан шығармын». Бір кезде денесі ширай бастағандай болды. Бұл топырақ ылғалынан еді, үнемі қан, су төгіп отырған шұңқырдың асты ылғал болатын. Тыны­сы тарылып жатқан, бір сәт жеңілдей бастағандай болды. Әуелі, есім ауғандықтан болар деп ойлаған, жоқ, олай емес, бірте-бірте таза ауаны сезе бастады. Есін жиды, манағы Дәуіттің ісі есіне түсіп еді, сүйектері сырқырап қоя берді. «Қасиетсіздің әке-шешеме, бабама тіл тигізгенін қарашы». Көзі қарауытып кеткендей болды, бірақ, біреудің ырсылдағанын  біліп  жатыр. Аздан  соң  кеудені  басып  тұрған  салмақ жеңілдеді. Бұл көзін ашты… Шошып  кетті, бұлдырап көз алдында ұсқынсыз бірдеңе тұрғандай. «Ойбай, ана дүниеге өтіп кеткен болдым ғой. Мынау жаналғыш шығар». Қайта есінен танды. Сәлден соң бұл есін толық жиды. Жаңағы бұлдырап тұрған жаналғыш та, шайтан да емес, Бөрібайдың Құмай  атты  иті екенін ұқты. «Уһ, Алла-ай, тірі  екен. Тірі  екен  ғой».

…Екі ауылдың арасы он шақырымдай. Кей күндері жуынды болмай қалғанда Құмай көрші ауылға қарай тартып кетеді. Ол ауылда ит жоқ, сосын бұл екі ауыл арасында жүргені. Сондағы қан-жын төгер шұңқырға тыққан сүйек-саяқтары бар болатын. Итаяққа күні бойы ештеңе құйылмағасын, ол кеш түсе көрші ауылға қарай бағыт алды. Жазғы күн ұзақ қой, кеш түссе де күн ыстық. Ол көрші ауылға жетісімен әупілдей үріп белгі беріп еді, ешкім көріне қоймады, өлі тыныштық. Сонан соң үйреншікті шұңқырға барып, қаза бастады. Сол кезде ғой иттің шошып кеткені, бұрқырата қазып жатқан топырақ астынан адам шыға келгені. Ыңырсып жатыр. Бұл таныды оны. Үнемі мұны еркелетіп, басынан сипайтын кісі… Ол хайуандық түйсігімен бұған көмек­тесу керегін түсінді. Әуелі бір қырындай құлаған әлгі кісінің басынан бастап кеуде тұсына шейін қазып, аршыды, бірақ, оны тартып шығаруға күші жетпеді, сонан соң аяғына дейін көмілген топырақтан аршып алды. Арасында «Әй, тірісің бе?» дегендей ырылдап  қояды.

…Денесі қозғалтар емес, бірақ, мына шұңқырдан шығуы керектігі әрекетке жетеледі. Өзін қинай бір қырындай тұрмақ болып еді, құлап түсті. Бірақ, дененің жартысы шұңқыр сыртына шықты. Міне, осы кезде Құмай оның қолын байлаған кендір жіптен тістей сүйрелеп, мұны толық сыртқа шығарды. Не дегенмен есті хайуан ғой, «Жағдайың қалай?» дегендей сәл қарап тұрды да, бетін жалай бастады. Ол тәлтіректей орнынан тұрды, бүкіл денесі қақсап барады, өзінікі емес сияқты. Қора қабырғасына арқасын сүйей, байлаулы қолымен сипалап келеді. Міне… тапты… Мал бауыздап, жіліктеп болысымен қора белдеуіне қыстыра салатын пышағы қолына ілікті. Біршама әуреленіп барып, кендір арқанды қиып, қолын босатты. Тәлтіректеген күйі үйге кірді де, шелектен бақырашпен су ішті. Тағы да құлап түсті… Ертеңіне түсте келген Бөрібай оны сол жерден тапқан болатын. Мұхитқа шай қайнатып беріп, біршама қалыпқа келтіргесін ол мотоциклімен тезде­те ауылына қайтты да, кідірместен атанды жазы­лап  мініп,  қайта  келді.

— Мұхит, енді саған мұнда қалуға болмайды. Сүйегің  аман  сияқты. Айтуыңа қарағанда қатты тепкілеген.  Аман  қалғаныңа  таңғалып  отырмын.

— Бөке, алғашқы  тепкіден ояндым. Сосын оның өлтіруге бекінгенін сездім де, сіз айтқан тәсілмен бетімді  қолыммен, ішімді  тіземмен  жаба  бердім.

— Е… Біздің  де  сандырақ  кәдеге  жарағаны…

…Бөрібай әскерден соң Челябинскідегі медучи­лищеде оқып, оның фельдшерлік факультетін үздік бітірген еді. Диплом алғандарын тойлау кезінде төбелес шығып, бұған жабыла кеткен екеуді әдемілеп төмпештеген болатын, екеуі де сол жерде жантәсілім етті. Бұл он бес жыл арқалады да кетті. Жазасын мерзімінен бұрын өтеді, сосын туған жері Ырғыз­ға  барғысы  келмеді. Елге жақындау ғой деп, Арал  Қарақұмының  өз  ауданымен  шектесетін  тұсын мекен  ететін  қойшыға көмекші болып біраз жылын өткізді. Үйленді, бала-шағалы болды. Кеңес өкіметі өз-өзінен құлап қалды, бұл болса осы мекен­ді қимай,  қоныстанып қалды. Өткенде бір әңгімелескенде бұл Мұхитқа зонадағы төбелес туралы айт­қан-ды. Сол кезде ол кей нәрсені сұрап отырған. Иә, қалай қорғану керектігін сұраған, бұл жанды жерлерді қалай қорғау керектігін айтып берген бола­тын… Мұхиттың денесін толық қарап шыққан Бөрібай  ауық-ауық  басын  шайқап  қояды.

— Көретін жарығың бар екен. Ана шұңқырдың асты ылғал ғой… Сол құтқарған сені… Соққы тиген жерлердің ісігін де басқан, ісіктің ішке түсіп кетуіне де жол бермеген сол ылғал. Сынық жоқ. Жараларыңды обработка жасадым. Бір аптада жазылып қалар. Тамақ-суыңды, мына дәрілерді, шәйнек-кесең­ді  ал  да, атанға  мінелік.

— Қайда  барамыз,  Бөке?

— Менің мына тұста, үш шақырымдай жерде қазып қойған жеркепем бар. Оны ешкім білмейді. Бытқыл құмның ішінде. Сол жерде боласың. Мен екі күнде бір соғып тұрармын. Дара ауыз 16 алып келдім, бір патронтаж оғы бар, балта, күрек дегендеріңді тастама. Сенің мұнда екеніңді жан баласы білмеуі керек. Мылтықты тек қиын жағдайда ғана атарсың.

…Он күн өте Бөрібай оны өз ауылына әкелген еді. Біршама  түзеліп  қалған  Мұхит  бұл  үйге  бір  қонып шықты. Таң енді сыз бере бастағанда Бөрібай оны мотоциклге мінгізіп жолға шықты. Құмай тағы да еркелей келіп, қолын жалады. Қыңсылап қояды. «Кей адамнан мына ит әлдеқайда мейірімді екен-ау»  деп  ойлады  Мұхит.

***

Алда Арал қаласы, ипподром жолымен келе жатқан бұлар қалаға кірер жолға түсті. «Пост ГАИ-­ға соқпаймыз. Саспа, бізді ешкім байқамайды. Арал толы «УАЗ», қайсыбірін біліп жатыр, біз қазір мостопойыз жақпен әріректен бірден трассаға шығып  кетеміз. Қазалыға  барып  қонған дұрыс болар. Надежный үйлер бар» деді Сүлеймен. Келесі күні олар дария бойындағы жеті-сегіз үйден тұратын ауылға келді. Үйдің аз болуы Айдосқа оның барлығына кіріп, сұрақ қоюға мүмкіндік беретін еді, ол дереу іске кірісті. Далада бір адам жоқ, тек он жастағы  бала  ғана  ойнап  жүр  екен.

— Балақай, ауыл адамдары қайда кеткен, ешкім көрінбейді  ғой? Алпамыс  деген  кісінің  үйі  қайсы?

— Үлкендер теңізге шығып кеткен. Атаныкі ана бір  үй,  қызыл   шарбақты.

Бұлар келгенде Алпамыс ақсақал көлеңкедегі сәкі  үстінде  отыр  екен.

Бұлар  сапарларының жөнін айтты. Айдос Сүлейменге бейнекамераны қос деген белгі берді де:

— Ата, біз осыдан он жыл бұрын із-түссіз кеткен Мұхит Ділдабеков деген адамды іздеп жүр едік. Тексеру  нәтижесінде  осы ауылға  келгенін  білдік. Суре­ті  мынау… — деді.

— И… е-е-е, неге танымайын. Танимын. Бөрібай әкелген маған оны. Бірақ, оны көруге кешіктің… Мұхит  қайтыс  болып  кетті.

— Қалай сонда? Ол осы уақытқа дейін өмірде болды  ма?

— Иә, он жыл бұрын осы ауылға келіп, паналады. Үйіндегілермен ұрысып қалдым деп айтты. Бөрібай оның өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан, біз сосын  оны  бөгде  келушілерден жасырын ұстадық. Өзі де соны қалады. Келген кезде әлсіз еді, әбден таяқ жеген екен, аяқ-қолында байлаған жіп пе, арқан ба, қиып кеткен іздер болды. Ол кезде менің көзім жақсы көретін, қазіргідей емес. Ауылда, көріп тұрсың, азғантай ғана адам, оны құшақ жая қарсы алдық. Мұнда ол үйленген еді, осы ауылдың қызына. Ары қарай сұрағың болса, жесір қалған әйелінен сұрарсың, мына немерем ертіп апарады үйіне. Көп сөйлесем шаршап қаламын. Иә… қалғанын оның әйелі  Гүлжаннан  сұрарсың.

Гүлжанның үйі екі үйден кейін екен. Оған бұл құжатын көрсетіп, кім екенін, не шаруамен жүргенін айтты. Сүлеймен тағы бейнеқұрылғыны іске қосты. Гүлжан бұлар ұсынған суретке қарай отырып,  жауап  бере  бастады.

— Иә… Менің күйеуім еді, ауырып қайтыс болды. Әлі бір ай да болған жоқ өмірден озғанына. Сіздің не үшін келгеніңізді сезіп отырмын. Маған Мұхит барлығын айтып кеткен. Артынан адам іздеп келе­тінін де ескерткен. Сол себепті Мұхит алдын ала дайындалып, барлығын қағазға жазып кетті. Онысы міне.

Айдос оқушы дәптеріне жазылған хатты оқуға кірісті.

«Мен бұл хатты өз қолыммен, ақыл-есім бүтін қалпымда жазып отырмын. Бұдан басқа жол көрмеген соң кірістім бұған. Қадірлі әке-шешем! Мен сендерді қатты сағындым. Маған хабарсыз кетті деп ренжімеңдер. Мені кешіре көріңдер. Хабарлассам, мені  өлтіріп тастайтын болды. Амалсыз жасырынып жүруіме тура келді. Бұған кінәлі үш адам, олар: інім Әскербек, келінім Гүлсім және оның ағасы қасиет­сіз, қара  жүрек  Дәуіт.

Әскербек Гүлсімді әкеп түсірген соң-ақ өзгеріп кетті. Адам баласының тез өзгеретініне көзім жетті. Әйелінің айтуымен інім мені адам санаудан қалды, маған мал бағушы құл ретінде қарады. Әуелі дауыс көтеріп, кейін қол жұмсауға да барды. Мен біраз жыл өзіміздің малға қоса Дәуіттің де малын бақтым. Олар менің мал бағып далада жүре бергенімді қала­ды. Алайда менің де мақсат, армандарым болды. Менің де оқығым келді, алайда тағдыр оны бұйырт­пады. Әке-шешем, сендерді асырауым керек болды. Сөйтіп олар менің арқамда біраз көтеріліп, жағдайларын жақсартты. Мен малды тапсырып, тек еншімді алып, оқуға кеткім келетін. Оны өздеріңе де талай  айттым. Алайда бұл ойыма Әскербек пен Гүлсім  қарсы  болды, сіздер  де  солардың  ығында  кеттіңдер.

Туған інім тасбауыр болды, көкбет келін оған айт­қанын  істетті. Тіпті, келін адам жоқта мені  мазақ қылуды шығарды, бір күні үйден қуып жібере­ті­нін  айтты. Оны сіздер де қолдайтын сияқты болып көріндіңдер маған. Мен де ренжідім сосын. Бірде шай ішіп отырғанымызда келін маған: «Неге қалаға келе бересің? Малға кім қарайды? Енді келме!» деді. Оны барлығың да естідіңдер. Мен оған: «Осы жазда оқуға кетемін, малға өздерің ие бол» дедім. Ол: «Саған не оқу керек, не үй керек мына түріңмен?» деді. Мұны да естідіңдер. Сосын маған сайқымазақтана қарап: «Әтек, қызтеке» деді. Мұны ол өте жай айтты. Сендердің естіген-естімегенде­ріңді білмеймін. Осы тұста шыдай алмай кеттім, оны шапалақпен тартып жібер­дім. Сол күні кешке Гүлсімнің ағасы  Дәуіт пен інім екеуі мен жабылып сабады. Сонан соң Дәуіт бір папканы көрсетіп, «Үй-ішіңмен соттатамын» дегесін, сендерді аядым. Ертеңі­не мал ауылға кеттім. Бір апта өте тал түсте Дәуіт келіп, мені тепкінің астына алды, ессіз, жала­жансар күйім­де қолымды байлап, тірілей көміп кетті. Мені өлді деп ойлаған болар, бірақ, Алла жар болды. Аман қалдым. Дәуіттің менің қолымды артыма қайырмай, жатқан күйімде байлағанының да пайдасы тиді, бұл менің көмер кезде бір қырындап құлағанда бетімді қорғауыма мүмкіндік берді, бетім мен қорғаныш қылған қол арасында қуыс қалды. Сосын арқанның бір ұшы далада қалғаны да шұңқыр­ға соны қуалай аз болса да  ауа келіп тұруына, менің тұншығып өлмеуі­ме көмектескен болар деп ойлаймын кейіннен. Менің туған бауырым, інімнен гөрі көрші Бөрібай ақсақалдың итінің көмегі көп болды маған. Бірінші – жаратушым, екінші – сол ит, үшінші – кеңпейіл азамат Бөрібай ақсақал болды мені ажалдан арашалаған. Ауылға барғым келмеді, бәріне ренжулі болдым. Кешіре алмадым, «Туған бауырым маған өлім тілесе, үйге қайтып барудың реті жоқ» деп, теңізге қарай бет алдым. Теңіз асып, Өзбекстанға өтіп кеткім келді. Алайда Бөкеңнің айтуы­мен осы ауылды, Алпамыс ақсақалды паналадым. Ол кісіге басымнан өткеннің барлығын айттым, Бөрібай ақсақал да айтқан екен, мені жұрт көзіне түсірмеді. Менің бұл ауылда екенімді ешкімге сездірген жоқ. Сөйтіп жүріп, көңіл жарасып, Гүлжанға үйлендім. Үш балалы болдым. Алайда, әке-шешем, өздеріңді қимай, он жыл жоқ болып кеткенім үшін өзімді кінәлай бердім, хабарласуға бел будым. Оның үстіне жүрегім де сыр беріп, ауырып жүрген. Сендердің дауыстарыңды естігім келді, сосын телефон соққанмын. Әке! Барлығын өзіңе айтқым келген. Бірақ атымды атауым сол екен, телефон үнсіз қалды да, желінің арғы жағынан Әскербектің дауысы естілгенде жүрегім шаншып кетті, қаным басыма шауып, ес-түссіз құлаппын. Содан қазір әзер дегенде бетім бері қарап отыр. Өлетін кезім таяған сияқты, сосын осы хатты жазып отырмын. Мені іздеген жан болса, Алпамыс ақсақал мен Гүлжанға сеніңдер. Олар барлығын біледі. Іште бірнеше өкініш бар. Ең бастысы, әке-шешем, әжем сендерді бір көріп, дауыстарыңды ести алмағаным. Екіншісі – мені өлтірмек болғандардың жазасыз кетіп бара жатқаны. Ал, қалғанына еш  өкінбеймін.  Хош!».

…Барлығы өз орнына түсті, хатты, Гүлжанның түсінігін алып жолға шыққалы тұрған кезде кіребе­рісте ілулі тұрған әскери жаздық киімді көрген Айдос әбден тозған комуфляждың Мұхиттың жоғалған кезде киген киім сипаттамасына сай екенін байқады да әйелден сұрап еді, ол мұның сол киім екенін растады. Киім мен хатты және куәгерлер түсініктерін алған  және мұның барлығын бейнежазу жағдайында рәсімдеген Айдос пен Сүлеймен Аралға бет алды. Кешкісін өз көлігін қойып кеткен үйден алып, ішкі істер бөліміне келсе, Дәуіт Қызылордаға жиналысқа кетіпті. «Мұнысы да дұрыс болды» деп ойлаған Айдос барлық жабдығын көлігіне салды, кабинет кілтін кезекшіге өткізіп, екі машина болып облыс орталығына қарай жолға шықты. Ертеңіне Мүйденовке іс туралы баяндады, құжаттарды көрсетті, ол мұны ертіп департамент бастығының қабылдауына кірді. Әуеліде сенбеген ол құжаттар мен бейне материалдармен таныса келе үнсіз қалды. Біраз уақыт ойланып отырды да, облыс прокурорына телефон  соқты.

…Дәуіт, Әскербек, Гүлсімді ұстауға бұйрық алған жедел топтың басшысы ретінде тағайындал­ған Айдос топты үшке бөліп, оларды бір уақытта ұстауды жоспарлады. Себебі, бірінің ұсталғанын екіншісі біліп қалса, қашып кетуі мүмкін деп ойла­ды ол. Оларды ұстау көп қиындық тудырмады. Алайда, ұсталған кезде барлығы кінәсін мойындаудан бас тартты. Бірақ, Әскербек пен Гүлжанға Мұхит­тың хаты мен киімін көрсеткенде, тілін жұтып қоя жаздады. Әскербек киімді көргенде көзі бақырайып, «Қалай, қалай?» деумен болды. Жазу Мұхиттікі екенін растаған сараптама қорытындысымен де таныс­тырды. Жауап алу кезінде Дәуіт тісін қышыр­латып тістене, «Атаңа нағылетті сол кезде атып тастауым керек еді» деген кезде Айдостың дене­сі  түршігіп кетті. «Мынау не деген қанішер адам еді… Жасаған қылмысына өкіне ме десе… Бұл сезім атау­лыдан жұрдай сұрқия ғой… Қаншама жыл біздің қатарымызда қалай қызмет атқарған? Талайдың көз жасына қалған болар, сірә. Не еткен сорлы еді…», «Әттеген-ай, телефон тұтқасын Әскербек алмағанда, Мұхит аман қалар ма еді?..» деген ойлар тез-тез ауысып  жатты.

Бекмухамбет  ӘБДРАСУЛЛАЕВ,

Қызылорда  қаласы

(Соңы.  Басы  өткен  санда.)

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: