ДЕТЕКТИВ
Астанадан ұшып шыққан ұшақ сонау көкке көтеріліп алғаннан кейін жолаушылардың да жағдайы біршама жақсарып қалды. Республика Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Айдос Кәрімов ой үстінде келеді. Біресе үйіндегі жары мен екі баласы түссе, біресе Түркістандағы із-түссіз кеткен азаматқа қатысты оқиға ойландырады. Осы іс бойынша шұғыл ұшып келе жатқандықтан ойланбағанда қайтеді? Кенет ойына осыдан он бес жылдай бұрынғы оқиға түсті.
…Айдос Кәрімов кеше ғана аға тергеуші лауазымына тағайындалған болатын. Бәлкім еңбектің бағаланғаны болар, алайда ол лауазыммен бірге жауапкершілік жүгі де ауырлайтынын түсінді. Күнделікті барып жүрген жұмысы болса да аға тергеуші лауызымын алғаннан кейін бе, әлде ішкі сезімі ме, бүгінгі жұмыс күні өте ауыр болатынын сезгендей болды. Бірақ сезімге бой алдырмай, әдеттегідей жұмысқа кірісті. Дағдылы таңғы жиналыстан соң кабинетіне кіргені сол еді, қызметтік телефоны безілдей жөнелді.
— Кәрімов тыңдап тұр…
— Кәрімов! Дереу маған кел!
Бұл тергеу басқармасының бастығы, полковник Санжар Мүйденов еді. Облыс ішкі істер қызметкерлері арасында үлкен беделге ие ол осы тергеу басқармасы ақсақалдарының бірі және көрген-білгені көп, үйретері де аз емес азамат болатын. Бұл жылдам тергеу басқармасы бастығының кабинетіне барды.
— Рұқсат па… жолдас полковник?!
— Кір, кір… Жақын отыр… Кәрімов! Аға тергеуші лауазымының алғашқы күнінде-ақ саған аса күрделі іс бермекшімін. – Ол суырмадан алып, үстел үстіне сыртында үлкен әріптермен ДЕЛО деп жазылған папканы қойды. — Бұл істе біраз шикілік, сәйкес келмейтін тұстар бар, бұны сосын арнайы ауданнан басқармаға алдырттық. Жүрегім әлденені сезеді… Осы іс бойынша болған тергеу амалдары жайлы тікелей маған ғана баяндайсың, ары қарай жоғары жаққа өзім жеткіземін. Бұл істе саған ешкім көмекші болмайды, барлық тергеу амалын өзің жасайсың, себебі, бұл іске қатыстылар лауазымды адамдар болуы мүмкін. Іспен таныс, сосын Арал қаласына баруға дайындал!
Кәрімов істі алып, кабинетіне кетті. Ұзынша дәлізді қуалап келе жатқанда санасында түрлі ой сапырылысып кетті, сұрақ көп. «Неге бұлай? Неткен іс екен бұл? Лауазымды адамдары несі?». Ол кабинетіне келісімен іспен танысуға кірісті. Іс осыдан он жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мұхит Ділдабеков жайлы екен. Алайда хабар-ошарсыз кеткен Мұхит осыдан жеті-сегіз күн бұрын өзінің үй телефонына хабарласып, телефон тұтқасын көтерген әкесіне өзінің белгісіз адамдарға құл болып жүргенін айтып, он мың теңге ақша сұрап, тұтқаны тастап жіберген. Ол ой үстінде. «Апырай, ә! Е-е-е… бастықтың манағы лауазымды адамдар деп отырғаны осы екен ғой… Мүлде түсініксіз жағдай. Адам із-түссіз жоғалып кетіп, он жылдан соң қайта хабарласып, құл болып жүргенін айтады, бірақ ақша сұрағаны қалай болғаны? Құлдықта жүрген адам ақша сұрамай, ең алдымен өзінің қайда екенін айтып, өзін құтқарудың бар амалын жасар еді. Мүлдем түсініксіз…».
Келесі күні таң ата ол Арал ауданына қарай жол тартты. Қызметтік автокөлікпен шықса, көп сұрақ туындауы мүмкін деп ойлаған ол сапарға жеке көлігімен шыққан еді. Аралға дейін 500 шақырым. Таспадай созылған жол бойы оны бір ой ғана мазалап келеді. «Он жыл бұрын жоғалып кеткен адам… неге ақша сұрады? Неге өзін құтқаруды сұрамады?».
Аралға жете салысымен қонақүйге орналасты. Келесі күні азанымен Арал ауданының полиция бөлімінің бастығы, полковник Дәуіт Қазыбаевқа жолықты. Қабылдау бөлмесіне кабинеттен жуан әрі қоңыр дауысты адам сөйлегені естіледі. Дауысына қарағанда ірі денелі адам болуы керек деп ойлады бұл. Іштегі дауыс басылысымен, бұл кабинет есігін қақты.
— Саулығыңызды тілеймін, жолдас полковник! Рұқсат па кіруге?
Ол рұқсат сұрап, кім екенін баян етті. Үстел басында өзі ойлағаннан да ірі, алып денелі, түрі сұсты, суық өңді полковник отырды.
— Рұқсат! Кіре бер… Департаменттен тергеушілер келе бермейді, сен туралы маған ескерткен, кабинетің дайын, көмек керек болса, маған тікелей айта бер.
— Түсіністікпен қарағаныңызға рақмет, жолдас полковник! Бірақ, менің бір өтінішім бар. Маған дайындаған кабинеттің басқа кілттері болса, осы бастан маған беріп қойса дұрыс болар еді.
— Дегенің болсын…
Бірақ бастық бұл әңгіменің артында үлкен салмақ барын түсінді, тергеу амалдары жайлы тіпті мұның өзіне де айтылмайтынын, құпия екенін ұқты. Дәуіт Қазыбаевқа қонақүй қызметкері хабарласып, Айдос Кәрімовтің алдын ала үш айға төлеп қойғанын хабарлаған еді. Ол іштей «Бұл тергеуші алдын ала үш айға төлесе, значит… ол уақыттан ұзақ мерзімге де қалуы мүмкін ғой. Шамасы бұл хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша келіп тұр-ау, әлде ол тек солай көрінгісі келді ме екен? Не болса да бұл тергеушінің құпия көздегені болып тұр және оның үстіне департамент бастығының орынбасары осы тергеуші жайлы тікелей хабарласып, бар керек заттарымен, құралдарымен қамтамасыз етуімді сұрады. Бұл тегін емес… Бүгіннен бастап бұл тергеушіден сақ болу керек шығар» деп ойлады.
Өзіне берілген кабинетке кіре салысымен Айдос бейне-аудиожазу құрылғыларының бар-жоқтығын анықтау үшін кабинетке толық тексеру жүргізді. Себебі, іс соны талап ететін. Кабинеттің ондай құрылғылардан таза екеніне көзі жеткен соң барып, ол өз автокөлігінен компьютер және өзге де заттарын тасуды бастап кетті. Бұны көрген Дәуіт Қазыбаев тағы да тергеушінің өте сақ екені және бұл жерге келуінің нақты мақсаты жайлы ойлана бастады. Заттарын орналастырып болып, істі бастан-аяқ өзі қайтадан жүргізуі керек екенін түсінген Айдос алдымен хабар-ошарсыз кеткен адамның үйіне баруды жөн көрді. Төменгі қабатқа түсіп, бөлім кезекшісінен орталық базарға қалай баруға болатынын сұрады. Ондағы ойы барар бағытын білдірмеу және базардағылардан өзіне керекті мекенжайды сұрастыру болатын. Оның сілтеуімен базарға жеткен ол үлкен қақпа алдында тұрған отыздан асқан жігіттен Шевченко көшесіне қалай баруға болатынын сұрады.
— Ау, ол Шанхайда ғой. Көшенің басы Мұзқаладан басталады. Мен көрсетіп жіберейін.
Ол мұның көлігіне отырып, Шевченко көшесінің бас жағына әкелді. Ол әлгі азаматқа рақмет айтып, ары қарай өзі тауып алатынын айтты. Бұған керегі №78 үй болатын, алайда нақты қай үйге келе жатқанын сездірмеу үшін ол осылай жасағанды дұрыс деп тапты. Ол әлгі жігітке разы болып келеді. «Мұндағы ел Қызылордадағыдан өзгеше екен-ау. Бүкіл шаруасын ысырып қойып, маған көмектесуге ұмтылғанын қарамайсың ба? Сірә, бұл көңіл тазалығынан болар. Мұндай жандарды облыс орталығынан кездестіре қою қиын-ау, бәрінің өз шаруасы бар, барлығы бір жерге асығып бара жатады, әйтеуір күйбің тірлік. Біреуге бұлайша болыспақ түгілі…». Бұрын бұл ауданда болмаған Айдосқа бұл жаңалық тәрізді болды.
Межелеген үй жанына тоқтаған ол іздеген адамдарының алып бара жатқан ауқатты жандар емес екенін, қарапайым күн кешкен тіршілік иелері екенін байқады. Егер бай, дәулеттінің үйі болса, ол үйден адам алып қашуы, ұрлауы түсінікті. Ал, мына үйден не сұрамақшы, не алмақшы? Көптен жөндеу көрмеген үйдің қақпасын қаншама қаққанымен, ешкім ашар емес. Сол сәтте көшеде ойнап жүрген балалар: «Ағай, не істеп тұрсыз… Кіре берсеңізші, адамдардың бәрі үйінде ғой» деді. Ол үй ауласына кірді. «Апырай, ә! Иті де жоқ… Қызылордада бәрі басқаша ғой, ешкім ашпаса, қақпа сыртынан қайтасың. Мұнда…». Үй ауласында ағаштан жасалған душ пен әжетхана, құлайын деп тұрған сарай ғана бар екен. Үйдің есігін қағуға ұмтылғанда есікті жас шамасы жетпістердегі әже ашты.
— Әй, балам! Кімге келіп тұрсың?
— Әже, мен Қызылордадан келіп тұрған тергеуші едім… Мұхит Ділдабековтың із-түссіз жоғалып кету дерегін тергеуге келдім.
— Е… е… е-е, немеремді іздеп жүргендеріңе он жылдан асты ғой. Бірақ еш хабар жоқ… Ол жоғалғалы інісі Әскербек те біртүрлі, Мұхитты әр жерден көрдім деп айта бастады. Көтеріліп кетті ме… білмеймін.
— Түсінікті… Әже, үйде Мұхиттың әке-шешесі бар ма?
— Үйге кіре бер. Барлығымыз да үйдеміз, Мұхит хабарласты дегенді естігеннен кейін біртүрлі болып жүрміз. Үйдегілермен абайлап сөйлесерсің.
Осыдан соң қария көшеге қарай бет алды. Әжейдің жасы келсе де, қуатты, денсаулығы жақсы екені байқалады, бала кезінен үнемі қимыл үстінде болғаннан ба екен, әлде, табиғаты, жаратылысы солай ма, қартайса да әлі ширақ. Мұхиттың әке-шешесі Ғабит пен Раушан ортаңғы бөлмеде жер үстелде шай ішіп отыр екен. Сәлемдесіп болған соң, бұл өзін таныстырып, келу мақсатын айтты.
Мұхиттың анасының жылай-жылай көзі қызарып кетіпті, әкесі болса амалының болмауынан, шарасыздықтан басын жоғары көтерер емес, еңсесі түсіп кеткен, көзімен жер шұқиды. Әкесі үлкен баласы Мұхиттың кезінде мал баққанын, одан кейін газ құбырын күзету үшін вахталық жұмысқа кіргенін айтты. Барлығы сол жұмысқа тұрғанынан басталыпты. Ол үйге жұмыстан қатты шаршап келетінін, қасындағылардың көп арақ ішетініне қынжылатынын, бірте-бірте баласының мінез-құлқы өзгергені байқалып, тез ашуланғыш болғанын, қолына көп мөлшерде ақша ұстай бастағанын айтты.
— Көп мөлшерде дейсіз бе? Ол қанша сонда?
— Шамамен елу мың. Он жыл бұрынғы курспен алғанда ол кезде шынымен көп ақша болатын.
— Сіз үй телефонын көтергенде, Мұхитпен сөйлескеніңізге сенімдісіз бе?
— Білмеймін, «Мен ғой, Мұхит» дегенде денем түршігіп, шошып кеттім, есеңгіреп қалдым. Бірақ мас адам сияқты әрең сөйлеп тұрғандай болды. Дауысым шығып кетті-ау «Мұхит!» деп, кіші балам Әскербек келіп телефон тұтқасын менен жұлып алды. Сосынғысын білмеймін…
— Вахтаға не үшін жұмысқа орналасқанын білесіз бе?
— Мал бағып жүріп, аяқ асты жұмысқа тұрамын деп шықты. Мен қарсы болмадым, бірақ екінші балам Әскербек пен оның әйелі Гүлсім қарсы болды.
— Не үшін қарсы болды?
— Енді Мұхит мал бақпаса, оның ішінде Әскербектің де қосқан малы бар, оны бағу өзіне қалады ғой.
— Түсінікті. Сіз Мұхиттың хабарласқаны жайлы не айта аласыз?
— Мен оны алаяқтар деп білемін және хабарласқан нөмірі де өшірулі.
— Балаңыз Әскербек пен әйелі Гүлсім қайда?
— Екеуі қонаққа кеткен…
— Онда балаңыз Әскербек аудандық полиция бөліміне ертең сағат 10:00-де, ал келініңіз Гүлсім сағат 15:00-де келсін. Кезекшіге ескертіп қоямын, мына қағазды, шақыртуды көрсетсе, олар маған ертіп келеді.
Бұдан соң ол тұнжыраңқы күй басқан үйден шығып, қала орталығына беттеді. Ішкі істер бөліміне жеткенше ойы он саққа бөлінді. Ойын қорыта келе ол өз әрекетін дұрыс деп тапты. Әскербек пен Гүлсімді шақыртуы психологиялық шабуыл тәсілдерінің біріне негізделген болатын. Себебі, күдік осы екеуіне түсіп тұр. Әкесі айтқан аға мен іні арасындағы, қайынаға мен келін арасындағы жанжал осыған жетелейді. Мұхиттың мал бағудан бас тартуы, әйеліне қол көтергесін ашуланған інінің қолы қате тиіп, ағасын өлтіріп тастауы мүмкін, ал әйелінің ондай болған жағдайда қылмысты жасырары анық. «Жау алыстан келмейді» деп бекер айтпаған ғой ата-бабамыз. Істе іні мен келіннің Мұхитқа қарсылығы туралы мәлімет жоқ. Осыған назар аудару керек. Бәлкім, қателесіп тұр ма екен, алайда бұл барлық мүмкін деген іздің бәрін тексеруі керек, бүкіл күдікті дегендерді жан-жақты зерттеуі керек.
…Ертеңіне сағат 10:00-де полиция бөліміне Әскербектің келгені жайлы кезекші қызметкер хабарлады. Айдос Кәрімов оған Әскербекті он минут шамасындай күткізіп барып кіргізуге тапсырма берді. Бұлай істеуде ол Әскербектің сол он минут ішінде түрлі ойға кетіп, айтамын деп дайындап келгендерін ұмыттыруды көздеген еді. Шамамен он минуттан соң кабинетке Әскербекті кезекші бөлім қызметкері алып келді.
— Кіріңіз Ділдабеков.
— Рақмет! Шақырған уақытта келдім, бірақ төменде күттіріп қойды. Мені не үшін шақырдыңыз?
— Иә, білемін. Оперлармен шұғыл сөйлесу керек болды. Сізден ағаңыз Мұхит жайлы сұрағым келіп еді. Мұхит жоқ болып кеткенге дейін біреулермен жанжалдасып қалған жоқ па еді? Сіздердің араларыңыз қандай болды? Араларыңызда ешқандай ұрыс-керіс, реніш болмады ма?
— Жоқ… Ондайы есімде жоқ. Арамыз аға мен іні ретінде. Басқа қандай болатын еді? Аға мен іні арасында келіспей қалатын кездер болады, бірақ бір-бірімізге қатты ренжіп, төбелескен емеспіз.
— Әйеліңіз Гүлсім ше? Оның Мұхитпен арақатынасы қандай болатын? Араларында реніш немесе жанжал болды ма?
— Жоқ. Болған жоқ.
— Сіз осында отыра тұрыңыз. Біреуге шұғыл хабарласуым керек еді.
Айдос кабинеттен шығып кетті. Шамамен жарты сағат өткен соң Айдос кабинетке қайта кіріп:
— Әскербек мырза! Боссыз. Керек болсаңыз шақыру барады, ал оған дейін ауылдан ешқайда шықпаңыз, — деп шығарып салды.
Сағат 15:00-де Гүлсімнің полиция бөліміне келгені жайлы кезекші қызметкер хабарлады. Ол дереу Гүлсімді кіргізуін сұрады.
— Кіріңіз, отырыңыз.
— Мені шақыртқан екенсіз, не себепті екенін білуге бола ма?
— Хабар-ошарсыз кеткен Мұхиттың ісіне байланысты. Сіз отырыңыз… Мен қойған сұраққа ғана нақты жауап беріңіз.
Шамамен жарты сағат уақыт өтті. Бірақ Айдос оған әлі бір сұрақ қойған емес. Кабинетте өлі тыныштық. Ақыры Гүлсім шыдамады:
— Тергеуші мырза! Үнсіз отырғаныма жарты сағат болды. Мені не үшін шақырттыңыз?
— Гүлсім ханым! Мен қазір келемін.
Ол кабинеттен шығып кетті. Шамамен жарты сағат уақыт өткен соң кабинетке қайта кіріп:
— Боссыз. Гүлсім ханым, шыға берсеңіз болады, — деген кезде Гүлсімнің түрі өзгеріп, бұған таңғала қарағандай болды.
— Иә… Иә… Боссыз, Гүлсім ханым. Керек кезде шақыртамыз.
Гүлсімнің қабағы түйіле, ашуланып кабинеттен шығып кетті. Бұл оның қандай күйде сыртқа шыққанын байқау үшін терезеден қарады. Міне, ол сыртқы есіктен шығып барады. Ашулы щыққаны долдана басқан қадамынан байқалады. Бұл ойын іштей қорыта бастады. «Гүлсім қылмыс жасаса, ол жалғыз жасамайды. Жалғыз жасауға шамасы келмейді, сондықтан оның қасында міндетті түрде адам болады. Ол адамның Гүлсімнің мұнда шақырылғанын білетіні анық. Егер де Гүлсімнің кінәсі болса, бір сағат бойы тергеуші кабинетінде үн-түнсіз отырдым дегеніне ешкім сенбейді. Әлгі сыбайласы да солай ойлайды. Ол Гүлсім барлығын айтып қойды деп те ойлауы мүмкін. Адам пиғылы солай қалыптасқан ғой, шындыққа емес, өтірікке тез сенеді. Гүлсім оған «Ештеңе сұраған жоқ» десе де, не өзінше долбар айтса да, әлгінің сенбесі анық. Гүлсімді бүгінгі менің іс-әрекетім таңғалдырды, соны сыбайласына айтамын деп оның бойында үрей қалыптастырады да, менің тұзағыма түседі».
Екі-үш күн өтті. Ол Гүлсім мен Әскербекті сырттай бақылаумен болды. Бірақ бәрі баяғыша. Тек Гүлсімнің ағасы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәуіт қыпылықтап, қайта-қайта телефон соғады, не өзі кабинетке келеді. Мұның көңілін тапқысы келетіні байқалады, саунасы бар, балыққа баруы бар талай ұсыныс жасады, бірақ бұл одан бас тартып, полиция бөлімі бастығының әрекетін дереу басшылыққа баяндап отырды. Ол іс бағытын жүйелей отырып ойға шомды. «Дәуіт Қазыбаевтың қарындасы Гүлсімді ұрғаны үшін Мұхиттың көзін жойып жіберуі мүмкін бе? Егер ол мүмкін болса, қылмысты қай жерде және қандай жағдайда жасауы мүмкін? Дәуітті күдіктілер қатарынан шығаруға болмайды. Оның мінез-құлқы, әрекеті және жоғалған жігіттің ата-анасы айтқан жағдайлар осыны көрсетеді, тіпті, әлгі жігіттің жоғалуы, он жылдан бері ізі шықпауы мұның соның қолымен, не болмаса осының айтуымен жасалуы әбден мүмкін деген ойды тиянақтай түседі. Неге жарияланған іздеу нәтиже бермеді? Бұл да күдік…».
…Бір апта уақыт өтті. Бірақ іс бір орнынан жылжитын емес. Айдос Арал қаласына жақын орналасқан ауылдарға барды, бірақ, көрдім-білдім деген адам жоқ. Көп ауыл «Шымкент – Самара» күре жолының бойына орналасқан екен, бұл жол бойындағы бір кафеден түстік ішсе, бірінен кешкі асын ішіп, түнделете қонақүйге жетеді. Бүгін де Ақбайға дейін барып қайтып, тамақты қалаға жақын ауыл тұсындағы кафеден ішуге бұрылды.
Бұрыштағы үстелде тамақтанып отырып ол бүгінгі жұмысын ойша шолып шықты. Барлығын дұрыс жасап отырғаны анық, бірақ бір ой маза бермейді. «Не үшін Мұхит жоқ болып кетті, әлде шынымен өз еркімен басқа жаққа кетіп қалды ма екен, неге іздеу жұмысы нәтижесіз болды? Мұның жүргізіп отырған зерттеуі бекер болғаны ма сонда, Гүлсім мен Әскербектің еш кінәсі жоқ болса ше, онда үйге хабарласқан кім? Келген ақпаратқа қарағанда ол нөмір тіркелмеген. Ұялы телефон нөмірлерін сату кезінде тіркелетін қылмайды ма екен, солай болғанда телефонның кімге тиесілі екенін біліп отырар едік. Барлығы оңай болатын еді». Осы сәт көрші үстелде тамақтанып отырғандардың әңгімесі мұны елең еткізді.
— Начальник милиция Қазыбаев малшы іздеп жатқан көрінеді.
— Оны не қылады?
— Оның осыдан екі жүз шақырымдай жерде мал фермасы бар емес пе? Жезқазған облысымен шекаралас тұста.
— Қанша екен айлығы?
— Түу… Одан ақша аламын деп ойлаған сен де қызық екенсің. Ол ақша беретін бе еді, қайта сенің ақшаңды алмаса…
Әлгілердің әңгімесін тыңдай отырып Айдос «Алланың өз есебі бар ғой, мені тура сол уақытта осы кафеге алып келгенін және мыналардың әңгімесін естуге бұйырғанын қарашы. Бәлкім бұл бір белгі шығар. Егер Қазыбаевтың фермасы болса, ол жерді тексеріп көрген дұрыс қой» деген ойға келді. Айдос белгі, наным-сенім дегендерге сенетін. Үй табалдырығынан оң аяқпен аттау, төсектен оң аяқпен тұру, алдын қара мысық кесіп өтсе, жолы болмайды дегендерге мән беретін, кейде сол сенімі кедергі болып қалған кездер де аз емес. Бірақ бұл жолғыны Айдос өзіне берілген белгі деп түсінді. Әңгімеден ол Дәуіттің фермасы бар екенін, малшылары аз айлыққа келіспей кетіп қала беретінін, оның жылқыларды жақсы көретінін түсінді. Бұдан соң ол «Мұхитты сол Дәуіттің фермасына апарған шығар, бәлкім, сол жақта бері жібермей ұстап отырған болар, әлде қарындасын ұрғанын ұмыта алмай, сол жерге алып барып…» деген сияқты болжамдар жасай бастады. Нақты айғақ табу үшін тек ол жаққа барып тексеру керек деп шешті ол. Қонақүйге жетісімен облыстағы басшысымен хабарласып, мән-жайды айтты. Мұны тыңдап болған соң желінің арғы басынан полковниктің бұйрықты үні естілді.
— Мұны ешкім білмесін. Қарақұмның жолы өте ауыр. Ол жақтан машина іздеуші болма, күдік туғызып аласың. Бізге келгеніне бір апта болған жаңа «УАЗ» саған түнімен жетеді. Жүргізушісі – старшина Тілеуов. Ол жігіт бұрын Қарақұм, Арал совхоздарында шофер болған, ол жақтың жолын жақсы біледі, оның үстіне талай сыннан өткен сенімді адам. Соны күт. Сақ бол. Жолда біреулер кездессе, жөн сұраса, сылтау табарсыңдар.
… Оны ұйқыдан оятқан біреудің есікті қағып, тықылдатып тұрғаны болды. Орнынан тұра бере бұрынғы дағдысы бойынша сағатқа қарады. «Ойбуй… сегіз болыпты ғой. Ұйықтап қалғаны, ә?!». Ол есікті ашқанда алдында ұзын бойлы, сұлуша өңді, мұртты жігіт ағасы тұр еді. Ол жан-жағына қарап алып, дәлізде бұлардан басқа адам жоқтығына көзі жеткен соң, «Мені Мүйденов жіберді» деді жымия.
Ол бөлмеге кірді, бұл Қызылордадан көліктің тез жеткеніне таңдануда.
— Түнімен ұйықтамай жеткен боларсыз?
— Жо-ға… Кешкісін бестерде шықтым. Машина жаңа ғой, зуылдап тұр, жол жақсы, түнгі бірде Аралға тиіп тұрған бірінші бекет Алтықұдықта нағашым бар еді, соған келіп қондым. Қала мен екі ара сегіз шақырым ғой. Жаңа осында топ ете қалдық.
Старшинаның күлгені де қызық екен, әдемі қою мұрт билей жөнелгендей болды, тіпті мұртына дейін күліп тұрғандай.
— Қай кезде жолға шыққанымыз дұрыс?
— Сіз дайын болсаңыз. Қазір жүріп кеткен дұрыс… Жұрт жұмысқа келемін дегенше қаладан шығып кеткен жөн. Тамақ, су деп уайымдамаңыз. Таңғы асты жолда ішерміз. Менде палатка да, үш күнге жетерлік азық та бар. Бензин Алматыға барып қайтуға жетеді. Запас жасағанмын.
Жиырма минуттан соң бұлар қаладан шығып, «Аралтұз» кентіне бағыт алды. Старшинаның ақылымен бұл өз машинасын оның қала шетіндегі туысының гаражына кіргізіп кетті. Бұл осы маңдағы ауылдарды аралағанда бүкіл жол кіреберістегі МАИ бекеті арқылы өтетін сияқты еді, қазір тіпті басқа жол сияқты. Мұны сұрағанда, ол тағы да мұртын ойната күлді.
— Капитан… Інімсің ғой… сен деп атай берейін. Оған ренжіме. Сәкең маған сенің жұмысыңның жай-жапсарын айтқан. «Сүлеймен, сақ болыңдар!» дегенді қайта-қайта айтты. Аралға келе жатып мен де өзімше іштей жоспар құрдым ғой, сені қалай жұртқа көрсетпей «Атанши» жаққа апарамын деп. Сосын осы жолды таңдадым. Мана ертеңгісін Аралға кіріп келе жатып жаңағы туыстың үйіне соғып, гаражын босатып, барлығын қатырып қойғанмын. Олар біз туралы жан баласына тіс жармайды. Бір ғажап жандар. Көлігіңе бола алаңдама. Сосын біз қазір ипподромның үстімен өтетін жолмен келеміз. Пост ГАИ-ға көрінбеу үшін, әрине. Енді ондағылардан біреу-міреу сұрай қалса да, олар бізді көрмегенін айтары сөзсіз. Қазір мына «Жақсықылыш» тауының бергі бетімен ары қарай асып түсеміз. «Сольтрестегілердің» де көзіне түспейміз, сосын жүріңкіреп барып, «Жыландының» жолына параллель қара жолмен «Қараның құмынан» өткесін қиялай қоңырлықпен «Атаншиге» қарай тартамыз.
Бұл іштей Мүйденовке риза болды. Жұмысқа, қызметкеріне жаны ашыған бастық осындай-ақ болар. Түс ауа бұлар межелеген жерге жетті. «Дәуіттің фермасы» деп жүргендері осы ғана ма?» деп ойлады Айдос құм арасындағы шағын аумақты алып жатқан, қоршауы жоқ қонысты көргенде. Мал көрінбейді және ешқандай да малға арналған астау, сарай, қора және тағы да басқа малшы тіршілігіне қажетті дүниелер көрінбейді. Тек қаңқиып тұрған бір үй ғана. Айдос өзін жолдан адасқан адам секілді кейіп танытып, сыртқы есік алдына келіп: «Саламатсыздар ма, кім бар үйде?» дей берген еді, үй ішінен «Кім бұл? Кімсің?» деген дауыс гүр ете қалды. Айдос: «Біз адасып кетіппіз, жол таба алмай жүрміз, көмек керек еді, аға» деді.
Сәлден соң үйден ірі денелі адам шықты. Өмірінде талай-талай ірі адамды көрсе де, Айдос мынадай алыпты көрмеген еді, сәл болса да үрей туғандай болды. Бойы шамамен екі метрден асатын, шомбал қараның бітімі ерек екен, көзінің алды ерекше қап-қара, футболка денесін әзер жасырып тұр, салмағы жүз келіден асатын болуы керек, саусақтары ерекше жуан. Балуан денелі ол Айдостың сасқалақтап қалғанын сезген болуы керек, үй сыртында есікке таяу сүйеулі тұрған өзінің бойындай бақанды қолына ұстай бұған бұрылды.
— Иә, айта бер… Мұнда қалай тап болдың?
Дауысы зілді. Осы сәт Айдос санасында «Қазір мынау мені мына бақанмен ұрса, өмірмен қоштаса беретін болармын» деген ой жылт етті де, оны «Бақаның не, ананың жұдырығынан да сау қалмайсың ғой» деген ой ілезде ауыстырды.
— Ассалаумағалайкүм, аға! Адасып кетіппіз…
— Әликім! Ол өтірігіңді басқаға айт… Бұл жаққа арнайы келмесе, ешкім жолай қоймайды. Оның үстіне анау үрелдегіні танып тұрмын ғой… Сүлеймен емес пе… Мілитсамын демейсіңдер ме одан…
— Кешіріңіз, аға! Есіміңіз кім? Менің атым Айдос, тергеушімін…
— Шүкір деген Төртқарамын… Дұрыс… Енді жөнге келдің… Әй, Сүлеке! Бері келсейші… Түссей машинадан, артың жабысып қалмаған шығар…
— Оу, Шүкірсің бе? Неге ағаңа келіп сәлем бермейсің?
— Ата салты бойынша келген адам шаңыраққа сәлем беретін шығар дегенім еді. Жас үлкендігіне салсаң, амал жоқ. Ассалаумағалайкүм! Ал, тергеуші інім, мына Сүлекеңмен бірге жүргенде «Адасып кеттік» дегенге бұл өңірде ешкім сенбейді. Осыны ұмытпа… Ал, не шаруа?
— Мен Қызылордадан келген тергеушімін, аты-жөнім – Айдос Кәрімов, ал мына ағайды өзіңіз де танып тұрсыз. Осыдан оншақты жыл бұрын Мұхит деген азамат жоғалып кеткен екен. Соның ізімен келеміз.
— Е… Бізге де жеткен бір хабар… Облыстан бір тергеуші келіпті деп, Мұхитты іздеп жүр екен деп… «Қазыбаевпен ауыз жаласса – соқпас, ал таза болса – бір төбе көрсетер бізге де» деп қойғанмын ішімнен… Жөн, жөн…
Кезінде бұл жерде мал көп болатын, бірақ қазір барлығын сатып бітірген кешегі бір кезде, сонан соң бұл жерді тастанды ферма деп ойлайды жұрт. Бірақ Қазыбаев осы жылдан бастап қайтадан мал сатып алып жатыр, қазір екі үйір жылқы арғы сарылықта жатыр. Менің ауылым мына құмның арғы мүйісінде. – Ол иегімен Аралға қараған бетті нұсқады. – Біздің жылқының кейде күн ыстықта ауылға, суға қайтпай, осы үйде көлеңкелеп тұратыны бар еді. Соны іздеп келгенмін. Машинаның гүрілі естілісімен атымды арырақ шідерлеп, өзім осы үйде күтейін деп отыр едім.
— Түсінікті. Сіз Мұхит Ділдабековты танисыз ба? Суреті міне.
— Мен Мұхитты танимын, бірақ жақын араласқан емеспін. Осы жақта біраз жыл мал баққанын білемін. Ол малды біреулер «Өзінікі» дейді, біреулер «Қазыбаевтікі» дейді, анығын білмеймін. Әкем екеуінің сыйластығы болды, екеуі де осы маңда бес-алты жыл қатар отырып, мал баққасын солай болады да. Ол кезде бойдақпын, мал іздегенді сылтау қылып, қызы бар ауылдарда кідіріңкіреп қалатыным болатын. Менің сондай бір үйде жоқ кезімде келіп, қонып кетіпті. Осыдан он жыл бұрын-ау шамасы. Әкем Бөрібай өте қайратты адам болатын, бензин толтырулы екі жүз литрлік бөшкені қиналмай машинаның бортына сала беретін. Өмірден озғанша «Урал» мотоциклден түскен емес, ұршықша үйіретін марқұм.
— Марқұм дедіңіз бе жаңа?
— Иә, бақилық болғанына үш жылдан асты. Үйде шешем, әйелім, балалар, іні-қарындастар бар.
— Иманды болсын. Әкеңізден Мұхиттың келуі жайлы сұрадыңыз ба?
— Әрине… Сұрадым. Жарытып ештеңе айтпады. Бірақ, оны ана Қазалы мен Арал ауданы шекаралас тұстағы дария бойындағы балықшы ауылына жеткізіп салғанын, сонда Алпамыс деген фронты бар, соған тапсырып кеткенін айтты. Сосын бұл әңгіменің тісімнен шықпауын қатаң ескертті.
— Мұхиттың бетінде, не қолында жарақат барын байқамап па үйдегілер? Үстіндегі киімі туралы ештеңе білмедіңіз бе?
— Иә… «Жарақаттары бар, алабажақ комуфляж киген» деп еді інім.
— Рақмет, Шүкір аға… Біздің мұнда келгенімізді өзгелердің білмеуі керек.
Олар келген ізімен кері қайтты. Айдос ой үстінде. Не болғанда да Мұхиттың ізі бұл жақта жоғы анық. Оны енді балықшы ауылынан іздеу керек. Олай болса несіне Шүкірдің ауылына барамыз, оның інісі мен шешесінің айтқанынан не өзгереді? Ештеңе де. Сондықтан, енді Аралға да соқпай, Шүкір айтқан ауылға бағыт алғаны дұрыс қой.
(Жалғасы бар)
Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ,
Қызылорда қаласы
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!