Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шенеуніктің шикі шаруасы

24.12.2021, 18:45 558

HALYQLINE.KZ

Әдеп  кеңесі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда Жалағаш кентінің әкімі Ғалымжан Телібаевтың тәртіптік ісі қаралды. Түзу сызықтан тайқыған не болды екен деп отырсаңыз айтайық, әкім жол жөндеу жұмыстары кезінде біршама қателікке бой алдырған. Жиырма жылға жуық қызмет өтілі бар шенеуніктің бұл ісіндегі шикілікті түсінікті болуы үшін таратып, тарқатып айтсақ.

Мәселенің шеті жол жөндеуге байланысты екенін айттық. Жалағаш аудандық прокуратурасы Жалағаш кенті әкімі аппаратының 2020-2021 жылдардағы қызметінде автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражаттарының игерілуіне тексеру жұмыстарын жүргізген. О баста кент әкімшілігі мен «Real Stroy Invest» ЖШС арасында 2020 жылғы 3 маусымда жалпы құны 501 млн 739918 теңге құрайтын сомаға аудан орталығынлағы Әйтеке би, Сопбеков, Бисенов, Сәрке батыр және Амангелді көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалған. Сонымен жұмыс аяқталғаннан кейін кент әкімшілігі жұмыстарды кемшіліктерге қарамастан қабылдап алған. Яғни жөнделген көшелерде ойық, шұңқыр, тесік-құтық жер көп болған. Бұдан бөлек, кей көшелерде бетон сапасыз құйылып, соның салдарынан жол бөліктері қиылып, сөгіліп, үгітіліп қалған. Асфальт біркелкі төселмей айқыш-ұйқыш болып салыныпты. Бұл мән-жайды анықтау барысында Жалағаш кенті әкімі Ғ.Телібаев өзінің түсініктемесінде бүй дейді:

Жалағаш ауданы прокуратурасының ұсынуында көрсетілген орындалмаған жұмыстарға қаржы төленген дегенге келіспеймін. Себебі, Жалағаш кенті, Әйтеке би көшесінде жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарына өзгерістер жасалып, қосымша жұмыстар қосылуына байланысты өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Сонымен не керек, Жалағаштағы Әйтеке би көшесін орташа жөндеу жұмысы бойынша жоба-сметалық құжаттарда көзделген, бірақ орындалмаған жұмыстар 5 млн 861487 теңгені құраған. Жалағаш кенті әкімшілігі көшелердің талапқа сай емес жөнделгенін көріп-біле тұра «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының сынақ хаттамаларының негізінде мердігер «Real Stroy Invest» ЖШС-нен жұмыстарды қайта қалпына келтіру туралы талаппен сотқа биыл 1 маусымда жүгінген. Алайда кент әкімдігі соттан өз арызын қараусыз қалдыруды сұрап, нәтижесінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты оны қараусыз қалдырған. Жалпы, кент әкімінің тарапынан шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде «Real Stroy Invest» ЖШС-не құқыққа сыйымсыз қолдау әрекеттері байқалған. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметкерге теріс әрекет болып саналады.

Кеңеске қатысқан Жалағаш кентінің әкімі Ғ.Телібаев түсініктеме беру барысында өзі тарапынан атқарылған жұмыстардың кемшіліксіз екендігін және өзге қаржы көздерінен жолдарға қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізгендігін, қазір жолдарды халық игілігіне пайдаланып отырғандығын тілге тиек етті. Ал Жалағаш аудандық прокуратурасының өкілі Ғ.Телібаевтың ісін бастан-аяқ тексеріп шыққандығын және бұл іске қандай да бір заңды нақты әрекет жасалмағандығын алға тартты. Кеңес мүшелерінің Жалағаш аудандық прокуратурасына «неліктен қылмыстық іс қозғамадыңыздар?» деп жолдаған сауалына «мұнда қылмыстық негіз жоқ» деп жауап берді. Ал өз кезегінде сөз алған Жалағаш ауданы әкімі А.Шәменов кент әкімі тарапынан анау айтқандай қателікті көріп отырмағандығын жеткізді. Бірақ, кеңес  мүшелері бұл істе әлде де бір шикіліктің бар екендігін және толықтай тексеріп, сотқа дейінгі шараларды қолдану қажеттігін алға тартты. Бірақ, кеңестің негізгі тәртібі кеңес мүшелерінің пікірлерін ескере отырып, Ғ.Телібаевқа қызметке толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жазаны ұсынды.

Жалағаш кенті әкімі тарапынан шаруаның шикі тұстары көп екендігі анық байқалып тұр. Тергеп-тексерсе игерілген де, игерілмей қалған да қаржылардың ізі шығып, қос тараптың қателігі айна-қатесіз шыға келеді. Шенеуніктердің шикі шаруалары осындайдан-ақ жабулы қазанда қалып қоя береді екен-ау…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: