Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сапалы кадр жасақтау – қазіргі заман талабы

06.06.2024, 17:30 176

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелгені белгілі. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқаруда кадрларды сапалы іріктеу, ішкі істер органдарын білікті әрі кәсіби мамандармен жасақтау  ұмысының маңызы ерекше.

Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерін ІСКЕРЛІК ҚАБІЛЕТТЕРІ НЕГІЗІНДЕ ІРІКТЕУ ЖҮЙЕСІН ЖАҚСАРТУ мәселесін көтерді. Кәсіби дағдыларын және жеке тұлғалық қасиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін және қызметке кандидаттарды тестілеудіӊ арнайы жүйесін енгізу тапсырмасы берілді.

Осы орайда, берілген тапсырманы орындау мақсатында Ішкі істер жүйесінде кадр саясатын жетілдіру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту, полиция қызметіндегі заңдылық пен тәртіпті нығайту, жеке құрамның біліктілігін арттыру жөніндегі кешенді шаралар қабылдануда.

Бүгінде Ішкі істер органдарына қызметке қабылдау, лауазымға тағайындау «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Ішкі істер министрінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі №190 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылуда.

Ішкі істер органдарына қызметке тұру кандидаттың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші және оның кәсіби құзыреттерге сай келу дәрежесі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылуда.

Ал, қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеу, оларды алдын ала зерделеу нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен кадр қызметтері арқылы ұйымдастырылады және бірқатар дәйекті кезеңдерден тұрады.

Кадр қызметкерлері өзі қызмет атқаратын бөліністердегі кадрларға қажеттілігін ескере отырып, бос орындарға конкурс өткізу туралы хабарландыруларды интернет-ресурстарында, сондай-ақ тиісті мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.

Тиісінше, Департамент жанынан үміткерлерді іріктеуге мүмкіндік беретін білікті әрі кәсіби тәжирибесі мол мамандардан жасақталған конкурстық комиссия құрылады. Азаматтардан құжаттар қабылданып, олардың лауазымдарға белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiлігi алдын ала қаралады. Құжаттары конкурс ережесінің талаптарына сай болған жағдайда, үміткерлер медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өткізіледі, сондай-ақ дене шынықтыру даярлығы бойынша белгіленген нормативтерді тапсырады.

Ерекше атап өтерлік жайт, ішкі істер органдарына қызметкерлерді іріктеуде полиграфологиялық зерделеуден өткізу технологиясы қолданысқа енгізілді. Осы мақсатта, Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында полиграфологиялық зерттеуден өту қағидалары бекітілген. Ішкі істер органдары қызметкерлерін сапалы іріктеу, қызметке қабылданатын үміткерлерге, сондай-ақ аттестаттаудан өту және қызметтік тергеулер кезеңінде (қажет болған жағдайда) полиграфологиялық зерттеулер жүйесі қолданысқа енгізілді. Қазіргі таңда, бұл жүйе полиция қызметкерлерін кезекті аттестаттаудан өткізу кезеңінде де қолданылуда.

Ішкі істер органдарының орта басшы құрам лауазымдарына ниет білдірген азаматтар қосымша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда тесттен, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.

Барлық дәйекті кезеңнен сәтті өткен үміткерлермен Департаменттің конкурстық іріктеу комиссиясы әңгімелесуді жүзеге асырады. Әңгімелесудің басты мақсаты – үміткердің жеке басын сипаттайтын әлеуметтік қасиеттерін мүмкіндігінше толық анықтау және оның ойлау қабілетін, нақты жағдайды қабылдауы және нақты әрекеттері болып табылады. Ішкі істер органдарына қызметке іріктеу кезінде үміткердің іскерлік, жеке және моральдық қасиеттерінің неғұрлым сәйкес келуі басты назарға алынады.

Бұдан бөлек, үміткерлерге ішкі істер органдарында қызметін өткеруге байланысты құқықтары, міндеттері және шектеулері таныстырылады, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін заңмен белгіленген жеңілдіктер, кепілдіктер және үстемақылар туралы ақпараттар беріледі.

Осылайша, ішкі істер органдарына қызметке отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери дайындықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.

Ішкі істер органдарына қатардағы, кiшi және орта басшы құрам лауазымдарына тағылымдамашы ретінде қабылданған үміткерлер бұдан әрі ІІМ-нің Оқу орындарының базасында бастапқы кәсіби даярлық курсынан өтеді.

Бастапқы кәсіби даярлық курсын тәмамдап келген үміткерлер тиісті лауазымдарға тағайындалады және оларға «Ішкі істер органдарына алғаш кіретін адамдар үшін тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» ІІМ-нің 2022 жылғы 14 қарашадағы № 896 бұйрығына сәйкес кәсіби білікті, айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер қатарынан тәлімгерлер бекітеміз.

Өз кезегінде Тәлімгер ІІО-ға алғаш кіретін адамға таңдаған мамандығын меңгеруге көмек көрсетеді, оған функционалдық міндеттерін, оларды сапалы орындау тәсілдері мен әдістерін түсіндіреді, жіберілген қателіктерді бірлесіп талдайды және жояды.

Сонымен қатар, жеке өзінің іс-әрекеті арқылы ІІО-ға алғаш кіретін адамның жағымды қасиеттерін, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл да кадрлық жүйенің тиімді жүргізіліп, жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуына маңызы жоғары.

Ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған жас мамандарға арнаулы атақтар берілгеннен кейін, олар өз кезегінде ішкі істер органдарына адал қызмет атқаруға міндеттеніп, салтанатты түрде ант береді.

Қазіргі таңда, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, полиция қызметкерлерінің біліктілігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ ішкі істер  органдарының имиджін арттыруға мақсатты бағытталған жұмыстар ұйымдастырылуда.

Осы атқарылып жатқан жұмыстар ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың полицейлерге деген сенімінің нығайтуға ықпал етеді деп сенемін.

Оралбек  Омаров,

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: