Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сандуғаш Дүйсенова: Тергеу кезінде қорлық көрсетті

14.08.2023, 12:18 296

HALYQLINE.KZ

Талдықорғандағы журналист Сандуғаш Дүйсенова Qaz365.kz тілшісіне 8 сағат изоляторда болғанда қандай қорлық көргенін айтып берді.

«Мені 11 тамыз күні тергеуші кешке 17:00-ге шақырған. Ойымда ештеңе жоқ, бара салдым. Үстімнен арыз түскенін айтып, тергеуші сұрақтары барын жеткізді. Арыз түсірген осыдан 1,5 жыл бұрын қасана адам өлтіріп, қашып жүрген адам туралы жазғанмын. Сол кезде қылмыскер туралы өзімнің Instagram парақшамда жазған едім. Егер бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар деген сарындағы пост салғанмын. Кейін Қызылағашқа барып, өлген адамның үйіне барып, көңіл айтып, видео түсіргенім бар. Қылмыскер қолында 2 жасар баласы бар адамды атқан. Сол оқтан бала да жараланған. Бір аптадан кейін табылды деді. Кейін қайтыс болған ер азаматтың отбасына халық боп жылу жинап, үй алып бердік. Менің бар айыбым сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым ғой. Енді түрмеде отырған адам Жетісу облысының прокурорының атына «жеке өміріме қол сұқты, үстінен іс қозғауыңызды сұраймын» деп арыз жазған. 147-баппен іс қозғады», – дейді Сандуғаш Дүйсенова. 

Ол полиция бөлімінде тергеуші тағылған айып ауыр екенін айтып, қамауға алғанын айтты. Сандуғаш өз кезегінде ешқайда қашып кетпейтінін, ішімдік, есірткіге әуестігі жоқ екенін айтып түсіндіргенімен, полициялар көнбей қамауға алған. Сосын тінту жасап, шешіндірген көрінеді. 

«Куәгер екі әйел, криминалист қыз, тергеуші әйел келді. Сол жерде шешіндірді. Криминалист бір видеокамерамен түсірді деңіз. Тергеушінің кабинетінде желке жағымда тағы бір үлкен камера тұрды. Бұл полиция департаменті басшысына қойылған камера болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышты берсе, мен асылып қалады екенмін. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Камераға концлагерьдегідей кеудемді қолыммен жауып кірдім. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр», – дейді журналист.

Оның адвокаты Ильмира Назырова енді прокуратураға шағым түсіріп, сол күні толтырылған барлық протокол, құжаттарды сұратпақшы.

Айта кетейік, Сандуғаш Дүйсенова «Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу» (147-бап) бабы бойынша айыпталып жатыр. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: