COVID-19 індетімен күресу мақсатында ҚР Прокуратурасы мен мемлекеттік органдар иық тіресіп енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Дегенмен, прокуратура пәрменіне пысқырып та қарамай жатқандар баршылық. Құзырлы орган қорғану құралдарын алыпсатарлыққа жол бермеу туралы нұсқау берді. Әйтсе де, 3,5 млн медициналық бетперденің заңсыз сату фактісі анықталыпты. Олардың барлығы тәркіленіп, аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілген.
Бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыс күшейтілді. Жергілікті билік азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында түсіндірме жұмыстарын қал-қадірінше атқаруда. Десе де, кейбір тұлғалар мемлекеттік органдардың ескертулерін, қойылған шектеулер мен тыйымдарды елемей, жалған ақпараттар таратуын тоқтатпай тұр. Бұл қатарда қызылордалықтар да бар. Айталық, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабын бұзған (Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау) 29 дерек анықталған. (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады). Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4 бөлігімен (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) 5 факті тіркелген. (ҚК 274-бабы 4 бөлігі бойынша – 3-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыруы мүмкін).
Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды елімізде мұндай жайт болған емес. Ресми орган коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың емханадан өздігінен кетіп қалып, сондай-ақ, айналасындағыларға қауіп төндіру және кіммен байланыста болғаны туралы мәліметті жасыру жағдайлары тіркелгенін хабарлады. Бүгінгі күні 2 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ҚР Прокуратурасы ел тұрғындарына «Төтенше жағдай кезінде шектеу шараларын сақтамағаны үшін қандай жауаптылық көзделетінін әрбірі білуі қажет. Сондай-ақ, Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін (ӘҚБтК-тің 478-бабы) – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Санитариялық-эпидемиологиялық нормативтерді бұзу (ӘҚБтК-тің 425-бабы) қызметін тоқтата тұрумен 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл, ал бақылау органдарының талаптарын орындамау (ӘҚБтК-тің 462-бабы) қызметін тоқтата тұрумен қоса 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады» деп ескерту жасады.
Құзырлы орган бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды үрейге берілмеуге, сабырлық танытуға, заңдылықты сақтауға, уәкілетті органдардың тыйым салынған және шектеу қойған талаптарын орындауға, жалған хабарламаларға назар аудармауға және тек ғана ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын басшылыққа алуға шақыруда. Сондықтан қаңқу сөзге ермей, тек ресми мәліметке сүйенген абзал. Әйтпесе, режимді бұзғандарға бұғау бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!