Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалықтар карантин режимін жиі бұзып жүр

20.04.2020, 19:39 465

HALYQLINE.KZ –| Елімізде енгізілген төтенше жағдай талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша жүргізілген рейдтер барысында төтенше жағдай талаптарын бұзудың 678 дерегі анықталды.

Соңғы тәулік ішінде 500-ге жуық мекеме мен ойын-сауық орындары тексеріліп, 71 құқықбұзушылық анықталды.  

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотымен 414 әкімшілік іс қаралып, 213 тұлғаға айыппұл салынса, 149 тұлға әкімшілік қамауға алынып, 51 тұлғаға ескерту берілді.

Көрінеу жалған ақпарат таратылған 11 дерек анықталып, олар бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сонымен қатар, облыс бойынша 35 бекет қойылды. Облыс аумағына кіретін автожолдарда азаматтарды медициналық тексеруден өткізу мақсатында 3 санитарлық-өткізу бекеті жұмыс атқаруда.

Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.

Біздің мақсатымыз  – қылмыстық әрекеттердің алдын алу  және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды ескерту. Алайда Төтенше жағдай режимі кезінде ескертулерге құлақ аспай, талаптарды бұзған азаматтарға заң шеңберінде шаралар көрілуде.

Әкімшілік жазаға тартылғандардың билік өкілдеріне бағынбай, дөрекілік таныту 2 дерегі болды.

Мәселен, 13 сәуір күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ғимаратында соттың қаралуын күтіп отырған азаматтардың бірі қызметтік міндетін атқарып тұрған полиция қызметкерінің ескертуін елемей, тіл тигізіп, балағаттаған. Дәл осындай оқиға Жалағаш ауданында қайталанған.

Бүгінгі таңда бұл деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша (Билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе 160 (бір жүз алпыс) айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 (бір жүз алпыс) сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатын болады.

Қызылорда облысының

Полиция Департаменті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: