Қызылордада Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен кездесті.
Сонымен қатар, жұмыс кездесуіне Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшылығы, 3 меншік иелері бірлестігінің өкілдері шақырылды. Кездесуде ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, полиция мен ПИК арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
ПД-ның басшысы облыс орталығының өзекті мәселелерімен, учаскелік полиция инспекторларының жергілікті жерлерде атқарып жатқан жұмыстарымен тікелей танысып, қауіпсіздікті жақсарту және қылмыстың алдын алу бойынша ұсыныстарды тыңдады.
ПИК төрағалары сұрақтарын облыстың бас полицейіне тікелей қоюға мүмкіндік алды. Полиция полковнигі Серік Ергешов облысымыздағы криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы айтып, жедел жағдайдың тұрақты екенін атады.
«Бүгінгі кездесу полицияның жұртшылықпен өзара іс-қимылын нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Полиция мен ПИК арасындағы өзара іс-қимыл қоғамдық қауіпсіздік, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Халықпен кері байланыс орнату арқылы қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алып, профилактикалық жұмысты тиімді жүргізуге болады. Осы тұста атап өткім келетіні, бүгінде жүргізілген профилактикалық іс-шаралар арқасында қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыс азайды. Учаскелік инспекторлар қызмет көрсету орындарында жергілікті тұрғындармен байланыс орнатып, тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындардың шағымдарына дереу жауап беруде.
Учаскелік инспектор – халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Сондықтан ПИК қызметкерлерінен «WhatsApp» мессенджеріндегі үйлердің тобына сол аймақтың учаскелік полиция инспекторының нөмірін қосуларыңызды сұраймын. Бұл жағдайда инспектордың телефон нөміріне тұрғындар қандай да бір құқықбұзушылық болған жағдайда қоңырау шала алады» деді Департамент бастығы, полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы.
Кездесуде ПИК өкілдері бейнебақылау камералары бойынша, абаттандыру және жол белгілеріне қатысты проблемалық мәселелерімен бөлісті. Сондай-ақ халықпен жұмыс істейтін учаскелік инспекторларының құқықтық тәртіпті және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қамтамасыз етудегі бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді. Полиция қызметкерлерінің пәтер иелері кооперативтерімен тығыз байланысының көмегімен бірнеше құқықбұзушылық анықталғандығы да сөз етілді.
Полиция департаментінің бастығығ полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы ПИК өкілдерінен түскен ұсыныстарды ескере отырып, тиісті қызметтерге мақсатты іс-шараларды жүргізуді және алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бүгінде өңірімізде халықтың тыныштығы мен тәртібін 293 учаскелік полиция инспекторы және олардың 38 көмекшісі қадағалайды. Олар күнделікті өздеріне тиесілі әкімшілік аймақтарын аралап, жалға берілетін пәтерлерді анықтап, азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша тексеріп, азаматтық қару иелерінің қару-жарақты сақтау талабының орындалуын тексереді. Тұрғындардың тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторлары азаматтар үшін танымал, қолжетімді. 24 сағат байланыста болатын олар үшін ең бастысы – халық тыныштығы мен қауіпсіздігі. Халықпен ашық диалог жүргізетін олар қай кезде болмасын, көмек қажет кезде тұрғындардың жанынан табылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!