Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық криминалист қыз

07.03.2024, 8:00 246

HALYQLINE.KZ

Сыр өңіріндегі полицейлер арасында бір ғана криминалист қыз бар. Ол – Қызылорда қаласы Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисі Мархабат Тұрашова.

Мархабаттың бала кезінде көрген детективтік жанрдағы кинолары осы салаға келуіне түрткі болған. Түрлі істің соңында жүріп, оны ашпайынша дамыл таппайтын полиция қызметкерлері оған әлі күнге дейін үлгі. Мамандық таңдағанда еш ойланбастан, құқық қорғау органының қызметкері болуды көздеген. Сол себепті 2012 жылы мектеп бітіре сала, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығына оқуға түскен.

Өңірдегі криминалистер ортасы Мархабатқа бұрыннан таныс. Ол студент кезінде Қызылорда қаласы Ішкі істер басқармасы Жедел-криминалистикалық бөлімінен тәжірибеден өткен. Сол уақытта бұл ұжымның жұмыс істеуі, ауызбіршілігі көңілінен шығып, осы ортаға жұмысқа орналасуды ойға алған.

Межелі мақсаты орындалып, 2016 жылы тамыз айында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің конкурсынан өткен. Қыркүйек айында Қызылорда қаласы Ішкі істер басқармасы Жедел-криминалистикалық бөліміне криминалист болып тағайындалған. Содан бері осы қызметте. Оның дактилоскопиялық, трасологиялық сараптама жасауға және суық қару зерттеулерін жүргізуге құқығы бар. Жеті жылдан бері погонды ару сан қилы іспен бетпе-бет келіп, зерттеулер жасаған.

Атап айтсақ, қала аумағының бірнеше шағын ауданында күнара Mercedes-Benz, Opel Vectra, ВАЗ-2114 маркалы көліктерінің есігін іріктеу арқылы ашқан оқиға тіркелген. Одан магнитофон, колонка, буфер, аккумулятор, құжаттар мен ақша купюралары ұрланған. «102» жедел арнасына хабарлама түскен соң осы іс бойынша Мархабат автокөлік ұрлығына қатысты зерттеу жүргізген. Өз міндетін орындау барысында автокөліктің есіктерін қызыл түсті «Рубин» магнитті ұнтағымен өңдеп, қол іздерін алған. Қол іздерін «Папилон» автоматтандырылған іздестіру жүйесіне салып тексерген. Онда есепте тұрғандардың бірімен күдікті қол іздерінің сәйкестігі анықталып, ұрлық қылмысы ашылды. Міне, осылайша күн сайын криминалист қыз қала тұрғындары зардап шегетін түрлі қылмыстың ашылуына себепші болады.

– Криминалистика – тоқтаусыз, көп ізденуді талап ететін, заманауи ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, түрлі қылмыстарды ашуға септігін тигізетін мамандық. Кәсіби деңгейімді жоғарылату мақсатында қызметке тағайындала сала, тәуліктік кезекшіліктерге түсуге сұрандым. Шыны керек, бастапқы кезде мәйітке жақындауға жүрексінетінмін. Алайда кейін бұл үрейім су сепкендей басылды. Біздің менталитет бойынша қыз баласының мұндай мамандық иесі атануына көпшілік қарсы болып жатады. Бірақ осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді полиция капитаны Мархабат Мұханбетқызы.

Сондай-ақ Мархабатты мерген қыздардың қатарына жатқызуға болады. Ол Қызылорда қаласы Полиция басқармасының жеке құрамы арасында өтетін «Макаров тапаншасынан әйелдер арасында ату» жарысына қатысып, топ жарып жүр. Жақында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын осы сайыс түріне қатысуға ниетті.

Бұл мерекеде Мархабат анасы мен әжесін қуантуға асығады. Оларға құшақ-құшақ гүлдер сыйлап, жылы сөздерін арнайды.

Мереке қарсаңында қызылордалық криминалист қыз ішкі істер органдарындағы барша әйел әріптестерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың отбасына амандық, деніне саулық, қызметте табыс тілейді.

Гауһарай  АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: