Салық органы мамандарынан кеңес алғанына қарамастан Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданының кәсіпкері Жеңісбек Несіпбаевқа 25,7 млн теңге айыппұл салынған.
Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен облыс кәсіпкерлерінің проблемаларын анықтау және шешуге арналған кездесуде айтты.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Исатай Аңсат пен өңір кәсіпкерлері, мүдделі мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Шарада Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов облыстық прокуратурамен әріптестік байланыстың нәтижесінде өңір кәсіпкерлерінің мәселесі жүйелі көтеріліп, шешіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әлі де болса шешімін табуды қажет етіп тұрған проблемалар бар екеніне тоқталды.
Кездесуде қармақшылық кәсіпкер Жеңісбек Несіпбаев салық саласындағы заңдар жиі өзгеретінін, ол өзгерістен уақытылы хабардар болмайтынын айтты. Кәсіпкер соның зардабын қазір тартып отырғанын жеткізді.
«Біздің шағын отбасылық кәсібіміз бар. Пандемиядан кейін енді есімізді жиып жатырмыз. Бухгалтер ұстауға жағдайымыз келмейді. Сол үшін кірістер органының маманынан кеңес алып отырамыз. 2021 жылы кірістер органының маманы шақырып алып, айналым қаражаты межеге жетіп қалғанын ескертіп, үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге (ТИС) өтуге кеңес берді. Өттік. Соңғы екі жылда осы жүйе бойынша барлық міндеттемені өтеп келеміз. Салықтың мамандары биыл қаңтарда қайта шақырып, қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелуімізді сұрады және соңғы екі жылға 25,7 млн теңге айыппұл салды. Сол кезде-ақ қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелуді ұсынғанда бұндай мәселе болмас еді. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырмын. Оның үстіне балаларым кәмелет жасына толмаған. Осынша ақшаны қайдан тауып төлеймін?», – деді кәсіпкер.
Ол салыққа қатысты өзгерістерді, жаңалықтарды Кәсіпкерлер палатасының мамандары ғана жеткізетінін айтып, облыстық кірістер департаментінің басшысынан ақпараттық-насихаттық шараға көңіл бөлуін, сондай-ақ салынған қомақты айыппұлға қатысты мәселесін шешуге көмек көрсетуін сұрады.
Кәсіпкерлер облыс прокуроры мен Кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік орган басшыларынан шетелдіктер үшін туристік алым, балабақшаларды заңсыз тексеру, «Су жүйесі» мекемесінің кәсіпкерлерге қарызын қайтармау және сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерге салық органдары салып жатқан қомақты айыппұлдарға қатысты проблемада құқын қорғап, мәселені шешуге көмек беруді сұрады.
Әкімдік пен құқық қорғау органдарының басшылары кездесуде көтерілген әр мәселені жіті бақылауына алып, зерделейтінін және тиісті құқықтық баға беретінін жеткізді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!