Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне өңірлік кәсіпкерлер «Атамекен» палатасы арқылы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметіне шағымданды.
Атап айтқанда, мекеме бірқатар кәсіпкерлермен қызмет көрсету туралы келісім шарттарға отырып, нәтижесінде бизнес субъектілерімен жұмыстар толық көлемде орындалғанына қарамастан тиісті қаражатты келісім шартта көрсетілген мерзімде аудармаған.
Департамент өз тарапынан аталған мәселе бойынша зерделеу жүргізіп, квазимемлекеттік мекеменің 95 кәсіпкер алдында 109,5 млн теңге көлемінде берешек қалыптасқанын анықтады.
Аталған мәселе бойынша Департамент облыс әкіміне кәсіпкерлермен нақты көрсетілген қызметтер үшін ақшалай қаражат төлеуіне тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туралы ұсыным жолдады.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 46 кәсіпкерге 42,2 млн теңге сомасында ақшалай қаражат төленіп, қалған бизнес субъектілеріне (49 кәсіпкер алдындағы 67,3 млн теңге) тиісті қаражат бекітілген кестеге сәйкес жыл соңына дейін төленетіні туралы шешім қабылданды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!