Бұған дейін әшкереленген қылмыстық істің тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті аталған оқиғаның барысын зерттеу кезінде заңсыздықты анықтап, нәтижесінде, күдіктілер қамауға алынған.
Тергеу мәліметінше, бір жыл бойы кәсіби ақша жылыстатушылар тобы халықаралық Binance платформасы арқылы цифрлық активтерді айырбастау операцияларын жүргізген. Криптоәмияндар арқылы өткен жалпы айналым 1,88 млрд теңгеден асқан. Сонымен қатар, күдіктілер Telegram желісіндегі бірнеше арна арқылы есірткі сатудан түскен 603 млн теңгені заңдастырған. Ақша жылыстату схемасында шетел азаматтарының атына тіркелген дроп-карталардың ұйымдасқан желісі пайдаланылған. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер тұрғын үй, пәтер, бес автокөлік сатып алып, сондай-ақ отбасылық мейрамхана салған. Сот санкциясымен аталған мүліктің барлығына тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданып, екі күдікті қамауға алынды. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!