Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жазғы каникулда балалардың қауіпсіздігін қорғау және бақылау мақсатында демалыс лагерьлерінің қызметін тексеруді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Қызылорда облысында прокурорлар тексеру жүргізу кезінде балалар лагерьлерінде көптеген бұзушылықты анықтады.
Ағымдағы жылы білім беру органдары 8 мыңға жуық баланы балалар лагеріне жіберуді жоспарлады, оның ішінде бүгінгі күні 3464 бала демалып үлгерген.
Прокурорлар Шиелі ауданында орналасқан «Сыр ұланы» лагерінің қызметін тексеру барысында азық-түліктің ескі дәретхана бөлмесінде сақталғанын және балалар үшін жуынатын душтың жоқ екенін анықтады.
Қазалы ауданындағы «Шағала» лагерінде суы лас бассейнде балалардың шомылуы ұйымдастырылғанын, сондай-ақ микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша асханалық ыдыста ішек таяқшасы анықталған.
Сырдария ауданындағы «Жалын» лагерінде төсек-орын жабдықтарын (матрастарды) дезинфекциялау және басқа да көптеген санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған.
Жалпы, лагерьлердің қазіргі жағдайы жақсы күйде емес. Лагерь ғимараттары ескі, олардың кейбіреулері күрделі жөндеуді қажет етеді.
Қазіргі уақытта уәкілетті органдардың қорытындылары күтілуде, олардың нәтижелері бойынша алдағы уақытта құзырлы органмен тиісті шаралар қабылданады.
Бұл жұмыстар облыс прокуратурасының бақылауында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!