Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды

04.04.2026, 20:15 37

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі облыстық ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиында 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылу барысы талқыланды.

Отырыста Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінде есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар бергені айтылды. Осы міндеттерді орындау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы төрт жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 17,7 млрд теңге бөлініп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынған.

Сондай-ақ өңірдің барлық ауданындағы полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтары ашылған.

Жиында аймақ басшысы есірткіге қарсы бағыттағы кешенді жұмыстарды нәтижелі ұйымдастыру қажет екенін айтты.

– Әлеуметтік желілердегі синтетикалық есірткі жарнамасын толық тоқтату үшін нақты бағыттарды айқындап, профилактика, жедел-іздестіру шараларын күшейту керек. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы «Кибернадзор» жүйесінің тиімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ есірткі алқаптарын анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, оларды жоюды ұйымдастырыңыздар, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Штаб отырысында білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау кезінде азаматтардың нашақорлық тәуекелдеріне бейімділігін анықтауға қатысты нақты ұсыныстар енгізу міндеті қойылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан оқушылардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар мәдениет, спорт және сауда нысандарындағы LED экрандарда нашақорлықтың зияны мен синтетикалық есірткінің қаупі туралы жастар мен орта буын өкілдеріне арналған ескерту роликтерін тұрақты көрсету қажеттігі айтылды.

Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов баяндама жасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: