Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыжыл

15.10.2020, 11:00 743

Қабырғалы қаламгер, Сыр жур­налистикасының абызы, марқұм Айжары­қ Сәдібекұлы біздің басылымның тұрақты авторы еді. Түрлі әңгімелерін, ой түйерлік мақалаларын жиі жолдап, кешеге дейін телефон арқылы­ хабарласып, амандығы­мызды сұрап, ақыл-кеңесін айтып отыратын.

Біз бүгін аймақ журналистик­а­сы­ның ақылшы ақсақалының мәңгі­лік мекеніне аттанар алдында редакцияға жолдаған «Қыжыл» атты әңгімесін жариялап отырмыз. Бұл әңгіме бүгін­де алдап-арбау, алаяқ­тық белең алып тұрған тұстағы қоғамның қотырын тап басатынын айта кетейік.

Сонымен сот мәжілісі басталып кетті. Айыпкер орын­дағында біреудің әлпештеп өсірген кешегі күнгі аруы – енді біреудің өмірлік серігі отыр. Осы күйінде, осы отырысында оны адам баласы қиянатқа қимайтындай. Бірақ, амал не, ардан аттадың екен, аспаннан салбырап түскен «перғауын» болсаң да қоғам алдында жауап беруге міндеттісің.

Халық сотының судьясы сөз алды…

Күні бойы мамыражай жылылықты уыздай ұйытып тұрған кемпіршуақтың қуаты әлсірей бастаған кешкі алагеуім­ шақ еді. Семуге айналған шапақтың әлсіз шұғыласы терезеден себездеп тұрған. Шаршылы төрт көзінің біреуін әлдекім тықылдатты. Бөлме ішінде күйбеңдеп жүрген Биша:

– Бұл кім? – деді елеңдеп.

– Мен ғой, ақ пен қызылдың арасында қыдырып жүрміз. – Тобылғы түстес қоңыр кештің өзегін кірпігімен сүзе қараған­ Биша күлімдеп тұрған Гүлсімді жазбай таныды.

– Ойбай-ау, неғып тұрсың? Үйге кірсей!

– Кірмей-ақ осы жерден тілдессек.

– Я, айта бер.

– Айтсам… сенің осы үйің жоқ қой?

– Үйім болса осылай біреудің босағасын бағып отырамын ба…

– Бірдеңенің ізі бар, – деп Гүлсім күлімдеуін тіпті жиілетіп жіберді. Осы кезде кенеттен шәу ете қалған күшіктен екеуі бірдей селк етті.

– Жат әрі! Ой, тіміскілеген пәле!

Гүлсім әуелі шарбақты шарлап шолып алды. Сосын Бишаны­ сынай қарап сәл кідірді де:

– Нең бар еді, қарап қалмау керек қой, – деп қадалды.

– Аз-маз тиын-тебен дегендей…

– Қанша болып қалды?

– Көп емес. Бала-шағаның аузынан жырып дегендей… Баспана болса деп тірнектеп жүрген ғой.

– Жарайды, мен үшін ақшаңның да, басқаңның да қажеті шамалы. – Гүлсім екпіндете жөнелді. – Аналар бар ғой, аналар..­. Өзің білесің… Соларға дейім де. Қиналсаң қоя ғой, жабулы қазан жабуымен қалсын. Тыныштық өзіме де керек, менікі жай сендерге жаны ашығандығым еді ғой.

– Ойбай, қоя тұршы… – Биша жып беріп үйіне кіріп кетті. Бірғауым уақыттан кейін бірдеңені алақанына қысып қайта келді.

– Мынау сарымайдай сақтап жүрген бір дөңгелегім еді. Қайтейін, қимағанмен амалым жоқ…

Гүлсім мың сомды жан қалтасына жытыра берген сәтінде Бишаның үстіне қараған күйі тесілді де қалды, ішіп-жеп барады­. Аңғырт Биша үстіне іле шыққан су жаңа тонға «жарылқау­шысының» көңілі ауғанын аңдамады.

– Мынау не, тон ба? – деді Гүлсім мөлдей қара тонды шынмен­ айыра алмай тұрғандай. – Жып-жылы шығар. Маған­ да керек еді, біреуін тауып берсей…

Биша қысылды. Іші удай ашыса да «тоннан үй жылылау ғой» деген ұйғарыммен үстіндегісін «жарылқаушысына» ұсынды. «Өйтемін де бүйтемін, отқа басын үйтемін» деп уәде­ні көлдетіп берген Гүлсім екі кештің арасында қара тонға­ көміліп және қалтасына мың сомды басып жөніне кете барды.

Содан, сол кеткеннен мол кетті. Ай өтті – үй жоқ. Жарты жыл өтсе де төбесін көрсетер Гүлсім болмады. Есек дәмеге алданып қалған Бишаның «жылы үйде жайылып отырсам» деген үміті жел айдаған қаңбақтай қыр асқалы қашан. Амалсыз «жарылқаушысын» тауып алып үйдің жай-жапсарын сұрап көрген. «Қоя тұрсай, – деп онысы қабағын шытынды. – Болады ғой. Осының бәрі сен ойлағандай оңай шаруа емес», – дегесін «дұрыс шығар» деген оймен тағы да біраз уақыт төзіп бақты. Алайда көл-көсір уәденің ақыры, бұлаң құйрықтай бұлдырап жоғалды. Қара тонды қашағанның қабырғасы қайысатын емес. Қайта: «Сотқа барсаң өзің де сотталасың» – деп Бишаның дымын құртып қойды. «Енді қайттім, кімге барып шағынамын…».

Ал, «жарылқаушысы» еті үйренген кәсібін үлгірте беріпті. Бишадан кейін оған Бибіхан деген тағы бір танысы тап бола кеткен.

– Үш бөлмелі үйдің реті келіп тұр…

Бибіханның жерден іздегені көктен түскелі тұр. Жанары­ жайнап,  жүрегі  өрекпіді. Гүлсімнің табанын жерге тигізбей уақытша тұрағына ерітіп әкелді. Көп сөзге келместен 1200 сомды санап  беріп  қала  берді. Содан…

Содан «үйді әне алайын деп тұрсың, міне алайын деп тұр­сыңмен» Бибіханды әбден сілелетті. Ақырында: «Ең болмаса­ ақшамды қайтарып берші, – деп жалынды әбден титықтап болдырған ол: – Ақшамды деймін…» – Гүлсімнің ізінен қалма­ды. Автобусқа мінсе мінді, түссе түсті, қайда барса да ізінен қалмады. Содан: «Үйі құрысын, алдаған азарын айтсай­шы» – деп қаңғалақтап жүргенінде өзіндей бір келіншекке­ кезіксін. Есімі Гүлдәрі екен.

– Менің қызым отырған үйге ордер бергіземін деген, – деп ол бірден ашығынан ақтарылды.

– Ал, маған үй бергізем деген.

– Қанша алды?

– Бір мың екі жүз!

– Ойбай, менен де солай алып еді. Екінші микроаудандағы нөмірі жетінші үйдің тоқсан бірінші пәтерінде Қарынбаев деген туысы тұрады екен. Сол кісі көшіпті де, бұған кілтін қалдырыпты. Аз күнде ордерін алып берем деп еді…

Еңбексіз еппен жырғап келген Гүлсім сол баяғысындай жорытып жүріп енді Червяков көшесіндегі Кәпенді тапты. Екі бөлменің реті келіп тұр, – деді. Бұ жолғы келісім 500 сом болды.

Кәпен алданып қалғанын артынан білді.

Алайда Кәпен бұғынып қалған жоқ. Аңдысып жүрген күннің бірінде қасына бір милиция қызметкерін ерітіп Гүлсімнің үйіне келгенде «жарылқаушысының» жүрегі су-у етті. «Құдай тас төбеңнен ұрсын сен қатынның, – деп ішінен қалтыранып  тұр. – Сәліңгірдей милицияңа жол болсын…» – Тілге келе алмады. Кәпеннің 500 сомын сол қалпында қайтары­п  берді.

Қызық болғанда бұл милиция қызметкері Кәпеннің күйеуі екен. Ал, бұдан бейхабар Гүлсім біразға дейін келеге келе алмай қуыстанып жүрді. Бауыр басып қалған кәсібіне беттейін десе, милицияның бір-ақ рет көрініп кеткенінен жүрегі шайлығып қалыпты. Онымен істің артын қазбалаған ешкім болмады. Содан ес жиып алғасын қаламыздың Констит­уция  көшесінің  тұрғыны Балзияны тауып ала қойды. Бұл да белсеніп шыға келді. «Үй алып берсең болғаны»­ деді де, мың сомды санап, қолына салды.

«Құрамайтын Құдай құрсақтағыны алады» дегендей ақшаларын қайтарып алудан үміттері үзілгендердің ашынған хаттар­ы прокуратураны көміп тастады. Оның ақыры, міне…

Айыпкер орындығында – беті шиқандай келіншек отыр.

Сот алаяқтың қылығына қарай жазасын кесті. Жұрт тарад­ы. Бірақ, өмір осымен оңалды ма? Қайдағы… Ақтан тілеген ақжарқын жүректерде қыжыл қалды.

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: